- Бекітілген қаулыға сәйкес, қалада жаяу жүргіншілерге және көлік құралдарына анықтама арқылы ғана жүруге рұқсат етілген болатын. Алайда аталған жағдай бойынша, қалада жалған анықтама арқылы жүргендер көбейген, бұл полиция қызметкерлерінің тексеруінің нәтижесінде анықталып отыр. Сол себепті қалада қағаз жүзінде берілген анықтаманы пайдалану 2 күннен бері тоқтатылды. Осы орайда тәжірибелі компаниямен келіссөз жүргізіліп, кәсіпкерлер мен қала тұрғындарына арналған shym-karantin.kz веб-сайты іске қосылды. Тұрғындар Шымкент қаласы әкімдігінің сайтына кіру арқылы өздерінің немесе көліктердің қала ішінде жүруіне рұқсат етілгенін біле алады. База күн сайын жаңартылып отырады, - деді қала әкімінің орынбасары.
Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Береке Дүйсебеков барлық бекеттерде «Жасыл дәліз» ұйымдастырылып жатқанын атап өтті. Ол жерден тіршілікті қамтамасыз ететін көліктер, азық-түлік тасымалдаушы машиналар мен транзиттік жүк көліктері, сондай-ақ, басқа да арнайы техникалар кедергісіз өтеді. Береке Талғатұлының атап өтуінше, коммуналды сала мен медицина қызметкерлерінің 90 пайызға жуығы аталған сайтқа тіркелген. Брифингте «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Шымкент қалалық филиалының директоры Нұрлан Қабыштаев көліктер мен азаматтардың қозғалысына рұқсат беру тәртібін жан-жақты түсіндіріп, қала тұрғындарын шектеу кезіндегі талаптарды барынша сақтауға шақырды.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»