Жұма, 02 Қазан 2020 18:50

Шымкент: Сот қызметкерлері болашақ заңгерлерге Мәртөбеде жолдау жазып қалдырды

Бүгін Шымкент қалалық сотының ұйымдастыруымен қала аумағында орналасқан Сайрам ауылының жанындағы Тәуке ханның «Жеті жарғысы» қабылданған «МӘРТӨБЕ тарихи кешенінде» «Келер ұрпаққа жолдау» жазылған капсуланы салу шарасы өтті.

Оған қалалық соттың төрағасы Е.Рахымбеков пен кала әкімі М.Әйтенов, қалалық мәслихаттың хатшысы, Билер кеңесінің мүшелері мен сот қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.

Қалалық соттың алқа төрағасы Е.Жанғазин іс-шараны ашардағы кіріспе сөзінде: — Бүгінгі жиынның мақсаты, көне Сайрам маңындағы тарихи орын Мәртөбеде болашақ заңгерлерге арналып «Келер ұрпаққа жолдау» жазылған капсуланы салу рәсімін салтанатты жағдайда атқару, — деді.

Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов, шараның маңыздылығына тоқталып, Мәртөбе – ел тарихында айрықша мәнге ие тарихи орын. «Мәртөбе – елдігіміздің мәртебесін, бірлігіміздің берекесін айшықтаған жер. Бұл аумақта Дала Парламентінің келелі жиындары өтіп, маңызды шешімдер қабылданғанын айтып өтті.

Жиында сөз алған қалалық соттың жанындағы Билер кеңесі орталығының жетекшісі А.Елшібаев: «Ата заңымыздың қалыптасып, жетілуіне ықпал еткен Тәуке ханның «Жеті жарғысы» мәйегі мықты мемлекет құруға, оның құқықтық ережелері мен әдет-ғұрыптарын заңдастыруға айрықша үлес қосқанын және Билер сотының заман талабына сай дамып, ел билеудің өнегелі жолына айналғаны туралы жан-жақты айтып жеткізді.

Қалалық сотының Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Қ.Дүйсенби, сот қызметкерлерінің болашақ заңгерлерге арналған «Келер ұрпаққа жолдауында» жазылған: «Хандардың заманындағы аса маңызды Билер кеңесі Түркістанның жанындағы Битөбеде, Сайрамның маңындағы Мәртөбеде және Ташкент жақтағы Ангрен өзенінің бойындағы Күлтөбеде өткізілген. Жалпы Мәртөбені Күлтөбеден бөліп-жаруға болмайды. Бұл екі мәслихат төбе мәні жағынан ажырамас зор тарихи маңызға ие. Тәуке хан ел басқарған тұсында қазақтың атақты билерімен ақылдаса отырып, қазақтың әдет-ғұрып заңдарын, Билер сотының тәжірибелерін жинақтап, қолданыстағы заңдарды заман талабына сай жетілдіріп, «Жеті жарғыны» құрастырып, оған осы төбеде өзінің мөрін қойған.

Би-шешендеріміз қалдырып кеткен асыл мұраларын көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа жеткізу біздің перзенттік борышымыз! Қазақстанның сот жүйесін заман талабына сай жетілдіре беру, ол бүгінгі және болашақтағы білімді, тәрбиелі және озық ойлы жас ұрпаққа артылар абыройлы міндет!

Алдағы 30 жылда бүгінгі жас судьяларымыз бен ертеңгі парасатты ізбасарларымыз отандық сот жүйесін әлемнің озық елдерінің сот деңгейіне жеткізеді деп толық сенеміз!» – делінгені және т.б. туралы қатысушыларға баяндап берді.

Іс-шараның қортындысы ретінде Е.Рахымбеков пен М.Әйтенов «Келер ұрпаққа жолдау» жазылған капсуланы арнайы орнатылған қондырғыға салып, оның үстін мрамор плитамен жапты. Сот қызметкерлері осылайша, Мәртөбені көпшілкке насихаттап, болашақ заңгерлерге жолдауды аманат етіп тапсырды.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат

 

Оқылды 522 рет