Сенбі, 27 Ақпан 2021 16:53

Мақтаарал: Жолаушыларды заңсыз тасымалдайтын көліктермен күрес жалғасуда

Түркістан облысы әкімдігінің "Заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысатын автокөліктердің жұмысына тосқауыл қою" тапсырмасына бойынша Мақтаарал ауданында құрылған тұрақты мобильдік топ құрамы заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысатын қоғамдық көліктерге рейдтік іс-шара ұйымдастырды.

Ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Жәнібек Досболовтың ұйымдастыруымен Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері рейдтік шара барысында 18-ден астам шағын автобустарды тоқтатып, құжаттарын тексерді. Нәтижесінде бағыттардың қозғалыс кестесі және сызбалары жоқ екені анықталды.

"Қазақстан Республикасының "Автомобиль көлігі туралы" Заңына сәйкес, автобус және шағын автобустармен жолаушылар тасымалы 2 түрге бөлінеді. Олар: тұрақты және тұрақты емес тасымал. Тұрақты тасымалдаумен айналысатын қоғамдық көліктерде жолаушылар мен багаж тасымалдауға құқық беретін куәлік, рейс алдындағы техникалық және медициналық тексеруден өткендігі туралы белгілер қойылған жол қағазы, бағыттың қозғалыс кестесі, бағыттың қозғалыс сызбасы болуы қажет. Сондай-ақ, тұрақты емес тасымалдаумен айналысатын қоғамдық көліктерде тұрақты емес тасымалдау қызметіне берілген лицензия, рейс алдындағы техникалық және медициналық тексеруден өткендігі туралы белгілер қойылған борт журналы, тапсырыс берушімен түзілген келісім шарт, тасымалданатын жолаушылар тізімі, автокөлікке тахографтың орнатылғаны туралы сертификаттың болуы міндеттеледі" - деді, рейд барысында жүргізушілерге түсіндіру жұымысын жасаған Ж.Досболов.

Жалпы рейдтік шарада ҚР Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйесімен интеграцияланған планшеттермен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу, жолаушыларды және жүк тасымалдау қағидаларын сақтамау баптары бойынша 10 әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұлдар салынды.

Айта кетейік, алдағы уақытта рейдтік іс-шаралар жалғасатын болады. 

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат 

 

Оқылды 569 рет