Үш кезеңде жүзеге асырылған «Түнгі қаладағы балалар» және «Қауіпсіз мектеп» профилактикалық шарада полиция департаментінің ювеналды 37 қызметкері, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар мен білім мекемелеріне бекітілген 103 полиция қызмет атқарды.
Ювеналды полиция инспекторлары күнделікті таңертең, түскі және кешкі уақытта мектеп аумағында орналасқан жаяу жүргіншілер жолында бастауыш сынып оқушыларының сабаққа қауіпсіз келіп -кетуін қамтамасыз етеді.
Профилактикалық шараның өткен жылғы нәтижесіне сәйкес түнгі сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында болған 79 (2019ж-74) жасөспірім анықталған. Ал, түнгі сағат 23:00-ден кейін заңды өкілінсіз үйінен тыс жерлерде болған 3 087 (2019ж-3039) жасөспірім тіркелді. Олардың ата-аналарына ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 442-бабымен әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Сонымен қатар, ата-анасының бақылауынсыз жүрген 263 бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Заң бұзушылыққа бейім 315 жасөспірім және өз міндеттерін орындамайтын, олардың мінез-құлқына теріс әсер ететін 180 ата-ана ішкі істер органының есебіне қойылды. Қазір олармен профилактикалық жұмыс жүргізіліп отыр.
Атқарылған іс-шаралар нәтижесінде, 2020 жылдың қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандар арасында жасалған қылмыстар - 18,4 пайызға, немесе 179-дан 146-ға төмендеді.
«AQ-QARA.KZ-ақпарат»