Дүйсенбі, 31 Мамыр 2021 17:44

Шымкент: Әл-Фараби ауданындағы саябақтарға рейд ұйымдастырылды

Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданындағы саябақтарға рейд ұйымдастырылды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімідігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Шымкент қаласында саябақтар мен демалыс орындарында қауіпсіздік талаптарының орындалуы басты назарда.

Әл-Фараби ауданы әкімдігінің қызметкерлері тәртіп сақшыларымен бірлесе аумақтағы «Кең Баба», «Mega Planet», «Hyper House», «Shymkent Plaza», «Nauryz Park» сынды ойын-сауық кешендерінде аттракциондар мен батуттардың жұмысын тексерді.

Ондағы қауіпсіздіктің қатаң сақталуы жөнінде арнайы бақылаушыларға түсіндіру шараларын жүргізді.

Атап өту керек, Әл-Фараби аудан аумағында жалпы 11 саябақ және 9 ірі сауда орталығы бар. Аумақта адам көп шоғырланған жерлерде санитарлық нормалардың сақталуын қадағалайтын 6 мобильді топ күнделікті жұмыс атқарып келеді.

Бүгінде рейдтік тексеру нәтижесінде карантин талаптарын бұзған 3 200 кәсіпкерлік нысан анықталды, соның ішінде  2 013-не әкімшілік хаттама толтырылды.

Сондай-ақ, Шымкент қаласының барлық аумағында тазалық жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасы бойынша мегополисте санитарлық тазалау жұмыстары да күшейтілді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 445 рет