Сәрсенбі, 30 Маусым 2021 14:30

Түркістан: Сарыағаш ауданында консультациялық-кеңесші органның отырысы өтті

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында консультациялық-кеңесші органның отырысы өтті.

Сарыағаш ауданы әкімдігінің орынбасары Б.Полатовтың төрағалық етуімен аудан әкімдігі жанындағы қылмыстық жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру бойынша консультациялық-кеңесші органы отырысы болып өтті.

Бұл туралы Сарыағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Күн тәртібінде қаралған 2 мәселе бойынша аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Д.Динашова мен аудандық пробация қызметі бөлімінің басшысы Қ.Сартаевтардың баяндамалары тыңдалып, комиссия мүшелерімен талқыланды.

Жиын соңында, консультациялық-кеңесші орган төрағасы Б.Полатов алдағы уақытта аудандағы жауапты мекемелермен бірлесіп жұмыс атқарып пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан азаматтарға 2021 жылы бекітілген 19 квотаны толық жұмыспен қамту туралы нақты тапсырма берді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 369 рет