Сәрсенбі, 14 Шілде 2021 14:45

Түркістан: Жемқорлыққа жол бергендерге жаза күшейтілді

Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің өкілдері Келес АПБ-нің жеке құрамымен кездесті.

Жиында «Заңсыз сыйақы үшін көрілетін жазаның күшейтілгені» туралы кең көлемде баяндалды.

Ағымдағы жылдың 5 сәуірінде толық күшіне енген ҚР ӘҚБтК-ге енгізілген өзгерістер таныстырылып, ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Жиынның негізгі мақсаты - әділдік, айқын құндылықтарының халық арасында кеңінен насихаттау арқылы ел азаматтарының бойында адалдық қасиеттерін дарыту және сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу.

Сондай-ақ, жиын соңында заңсыз сыйақы әрекеттеріне қомақты айыппұл салынатынын ескерткен қатысушылар, барша қызметкерлерді парақорлық әрекеттерден аулақ болуға шақырды.

Сыбайлас жемқорлық – елдің экономикалық дамуын тұралатып, бәсекелестік қабілетін бәсеңдететін әлеуметтік дерт. Оның кең тамыр жаюы – кез-келген қуатты мемлекеттің әлеуетін құлдыратуға қауқарлы. Сондықтан да, соңғы жылдары «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, елімізде сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуге және оның алдын алу тиімділігін арттыруға айрықша басымдық беріліп келеді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 387 рет