Бұл туралы Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаевтың төрағалығымен өткен штаб отырысында аудандық бас санитариялық дәрігері Спандияр Оразымбетов мәлімдеді.
Штаб отырысына ауыл, ауылдық округінің әкімдерімен шұғыл топтың жетекшілері қатысты. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – аудандағы эпидемиологиялық ахуал жайы қаралып, аудан аумағында вакциналау жұмыстарының жүргізілуі барысы да сөз болды.
Аудандық бас санитариялық дәрігері Спандияр Оразымбетовтың сөзінше ауданда жыл басынан бүгінгі күнге дейін індет жұқтыру дерегі біршама артқан. Бұл жағдайдың туындауына аудан тұрғындарының карантин режимін сақтамай, адам көп шоғырланатын жерде болуы себеп болып отыр дейді аудандық бас санитар. Ал нақты карантин шараларын елемегені үшін жыл басынан бері 105 хаттама толтырылыпты. Бұның ішінде тойхана, көкпар, отбасылық шаралар сынды фактілер анықталған.
Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе бойынша аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Бекзат Сланов баяндады. Бас дәрігер орынбасарының мәліметше бүгінге дейін вакцинаның бірінші компоненті – 29850 адамға, екінші компоненті – 19537 азаматқа салынған. Аудан тұрғындарының вакцина алатын контингенті құрамынан 50 пайызы вакцинаның кемінде бір компонентін алған. Аудандағы медициналық ұйымдар мен дәріханалар қажетті дәрі-дәрмек қорымен толық қамтылған.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі А.Есбаев вакцина егу жұмыстарының қарқынын түсірмеуді, вакцина егуге қарсы топтармен түсіндіру жұмыстарын жаңа мазмұнда жүргізуді тапсырды. Мобильді топтар жұмысын жүйелеуді қажет болған жағдайда мобильді топтар санын арттыру мүмкіндіктері қарастырылуы тиіс деді. «Атамекен» ҰКП Келес аудандық филиалының басшылығы мен аудандық кәсіпкерлік бөліміне бизнес субъектілерге «Ashyq» жобасына қатысу тиімділігін түсіндіру бойынша мақсатты кездесулер өткізуді тапсырды.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат