Сәрсенбі, 04 Тамыз 2021 15:47

Арыс: Қаланы бейнебақылау камераларымен жабдықтау жайы айтылды

Арыс қаласы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.

Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова жетекшілік еткен жиынға Арыс қалалық мәслихатының хатшысы Амантай Байтанаев пен әкімдік жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия мүшелері, аппарат қызметкерлері, бөлім басшылары мен ауыл әкімдері қатысты.

Күн тәртібінде меншікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері (мал, пәтер ұрлықтары, алаяқтық, қарақшылық, тонау және т.б.) қаралып, бұл туралы Арыс ауданы полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Қасымхан Орынбаев арнайы баяндама жасады.

Сондай-ақ, көлiктегi қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу жөнінде (темiр жол қозғалысы мен оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу, пойызды қажет болмаған жағдайда өз бетiнше тоқтату т.б.) Арыс 1 станциясындағы желілік полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Қалтаев сөйледі.

Талқыланған мәселелер төңірегінде тиісті шешімдер қабылдану үшін сала мамандарына шұғыл тапсырмалар жүктелді. Атап айтқанда, қаланы бейнебақылау камераларымен жабдықтау жайы айтылып, тұрғындар арасында сақтық шараларын кеңінен түсіндіру жұмыстары қолға алынатын болды.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 397 рет