Сейсенбі, 24 Тамыз 2021 19:17

Арыс: Көшеге қоқыс тастағаны үшін айыппұлмен жазаланды

Арыс қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қызметкерлері тәртіп сақшыларымен бірлесе отырып, көшелердің тазалығына кезекті рейд жұмыстарын жүргізді.

Бұл туралы Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Шара аясында құрылыс және тұрмыстық қалдықтарды бейберекет көшеге тастаған Аманкелді көшесінің 2 тұрғынына айыппұл салынды. Мұндай заңбұзушылық екінші рет қайталанған жағдайда айыппұл көлемі екі еселенеді.

Сонымен қатар, аула тазалығын сақтамаған 10-нан аса жеке үй иелеріне ескерту берілді. Алдағы уақытта осы бағыттағы рейдтік жұмыстар күнделікті жалғасын табатын болады.

Айта кетейік, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-2-бабының 1-тармақшасына сәйкес (ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау) 5 АЕК көлемінде (14 585 теңге) айыппұл салуға алып келеді. Егер бұл әрекет қайталанған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылатыныңызды ескертеміз.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 1400 рет