Жексенбі, 05 Желтоқсан 2021 19:51

Степногордағы әлімжеттік: жеті тәрбиеленуші оқудан шығарылды

«Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалы жанындағы Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің отырысы өтті.

Онда Степногор қаласының Бөгенбай батыр атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіндегі жағдайды мониторингілеу және зерделеу қорытындысы бойынша қабылданған шаралар қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиналғандарды интернатта өткен мониторинг нәтижелерімен Ақмола облысының Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Тасболатова таныстырды.

«Мониторинг барысында оқиға бойынша мектеп-интернат директоры Тұрсынбай Тоққожиновпен және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушымен әңгіме жүргізілді. Педагог-психологпен сауалнама жүргізілді, оған 88 адам қатысты. Онда қауіп-қатер, қарғыс, қорлау, сізден ақша талап етілді ме, тамақ алынды ма, физикалық күш қолданылды ма деген сияқты сипаттағы сұрақтарға жауаптар алынды. Сауалнама нәтижелері буллинг, физикалық зорлық-зомбылықпен қорқыту оқиғаларының бар екенін көрсетті, тамақ алып, ақша бопсалаған жағдайлар болды», - деп атап өтті Г.Тасболатова.

Сонымен қатар, оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру бойынша құжаттар зерделенді. Талдау тәрбие жұмысының қалыптасқан жүйесінің, мектепішілік бақылау жоспарының, әлеуметтік педагог және педагог-психолог бағдарламаларының жоқтығын көрсетті.

Оның айтуынша, интернат кадрларының тұрақсыздығы да алаңдаушылық тудырады.

Ақмола облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсет Бүкібаевтың айтуынша, оқушыларды ұрғаны үшін еркін күрес бөлімінің төрт тәрбиеленушісі және барлық іс-әрекеттерді бақылап тұрған үш бала оқу орнынан шығарылды.

«Бұл балалар интернатқа қайта оралмайды. Балалар қарапайым мектептерге оралды. Олардың екеуі Нұр-Сұлтанға, үшеуі – Красноярға, біреуі – Ақкөл қаласына кетті, біреуі Степногор қаласында тұрады. Комиссия оларды есепке алуды ұсынды», - деп атап өтті Ә.Бүкібаев.

Тексеру қорытындысы бойынша интернат-колледжінің директоры Т.Тоққожинов қызметінен босатылды. Өз лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін тәрбиеші Ж.Хабахай, еркін күрес бөлімінің жаттықтырушы-оқытушысы А.Қалижанов, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы. А.Құрманбаева және директордың спорт жөніндегі орынбасары М. Мақышев қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жауапқа тартылды.

Ақмола облысының полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 141 бабыбының 1 бөлігі «балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау» және 194 бабының 2 бөлігі «қорқытып алушылық» бойынша сотқа дейінгі тергеуді қолға алды.

«AQ-QARA.KZ-ақпарат»

 

Оқылды 457 рет