Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов бастаған тәжірибелі полицейлер жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде ірі көлемдегі есірткі егістігін жойды.
Бұл дегеніміз республика көлемінде өткізіліп жатқан «Есірткісіз болашақ» атты 1 айға жоспарланған іс-шарада атқарылған ең нәтижелі, ауыз толтырып айтарлық іс болды. Полиция полковнигі Қ.Сахов: «Бізге ПД-нің полицейлеріне Сарыағаш ауданының тұрғыны есірткі егумен айналысады деген жедел ақпарат келіп түсті. Есірткіге қатысты қылмыстың алдын алу мақсатында тыңғылықты тексеру жұмыстарын жүргізу үшін ПД-нің тәжірибелі тәртіп сақшыларынан шұғыл топ құрдық. Бірден Сарыағаш ауданына іссапармен шығып, жан-жақты тексеру жүргіздік. Осылайша жинақталған ақпарат көздеріне сүйене отырып, күдіктіні анықтадық. Оның үйіне тінту жұмыстарын жүргіздік. Осылайша егде жастағы ер адамның үйінің артқы жағында орналасқан егістік алқабынан егілген, күтіп-бапталған есірткіге ұқсас өсімдіктерді таптық. Айғақты зат ретінде күдіктіден 2720 түп өсімдікті тәркілеп, оларды сараптамаға жібердік. Сараптама қорытындысымен алынған түптер «көкнәр» өсімдігі болып шықты. Жергілікті тұрғынның есірткі егіп-өсіруі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда аталған жайт ҚР ҚК-нің 300-бабымен "Құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру" СДТБТ-ға тіркелді. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда», -деді.
Айта кетейік, осы жылдың 1 маусымы мен 30 қазан аралығында есірткі қылмыстарын болдырмау және алдын алу мақсатында «Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде. Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері заңсыз, құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді еккені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескерте отырып, есірткінің адам өмірі үшін аса қауіпті болғандықтан оған еліктемеуге және мүлде тұтынбауға, есірткінің зияндылығы туралы жиі айтып, насихаттауға және жаман әдеттерден сақ болып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырады.
"AQ-QARA.KZ"-ақпарат