Түркістан облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов, халық арасында ашықтықты қамтамасыз ету, полиция қызметкерлерінің оң имиджін қалыптастыру, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу және балаларға қамқорлық жасау сынды адами қасиеттерді бірінші орынға қойған. Ал жеке құрам бас полицейдің тапсырмасын орындап, бастамаларына қолдау білдіруде. Осы ретте Түркістан облысы ПД ЖПҚБ Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері «Балаларды қорғау күні» қарсаңында Арыс қаласында орналасқан Адами әлеуетті дамыту басқармасының "Т. Тәжібаев атындағы Отбасы үлгісіндегі Балалар ауылына" арнайы барды. Негізінде полицейлер әрбір мерекеде осы мекемедегі жас достарын ұмытпай, жағдайларын сұрап келіп тұрады. Тәртіп сақшылары бұл жолы да әдеттегідей тұрмыста бірінші кезекте қажетті азық-түлік апарып, қайырымдылық іс-шарасын өткізді. Полицейлер уақытпен санаспайтын жұмыстары болса да, балаларға кереметтей көңіл-күй сыйлауға асықты. Өз кезегінде ел қорғандарынан жылулық сезінген аталмыш ұйымның білім алушылары, мұғалімдері Түркістан облысы ПД қызметкерлеріне өз ризашылықтарын білдірді. Тәрбиеленуші ұл-қыздар қонақтарға өнерлерін көрсетіп, ән шырқап, би биледі. Осылайша Түркістан облысы Полиция департаменті ЖПҚ патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қайырымдылық жасап, игі іс арқылы балаларды қуантып қайтты.
"AQ-QARA.KZ"-ақпарат