Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, қонақ үйдің жанында тұрған өзіне тиесілі зат тасымалдауға арналған темір құралын, 2 метрлік 2 дана релс темірін белгісіз біреулер ұрлап кеткен. Жәбірленушіге жалпы 160 000 теңге материалдық шығын келген. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды. Тәжірибелі тәртіп сақшылары ұрлық қылмысын ашу мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Олар жақын аумақтарды түгел қарап шығып, көрген білгендерден жауап алды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдіктінің мекенжайы анықталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Анықталғандай жас жігіт пайдакүнемдік мақсатта күндізгі уақытта ұрлыққа түсіп, ұрлаған мүлкін темір қабылдайтын орынға сатып жіберген. Полицейлер темір терсек сатып алатын орыннан темірлерді тәркілеп, айғақты зат ретінде алды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға ұрлық қылмысының алдын алу үшін тұрғын үйлер мен ғимараттарға, дүкендерге бейнебақылау камералары мен дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді. Егер де, сіз, ұрлық қылмысының куәсі болсаңыз, полицияның 102 нөміріне хабарласыңыз.
"AQ-QARA.KZ"-ақпарат