Сейсенбі, 07 Маусым 2022 13:06

Заңсыз жұмыс істеп жүрген 40-қа жуық шетелдікті елден аластатты

Түркістан облысының полицейлері заңсыз көші-қон желілерінің алдын-алу және оларды ұйымдастырушыларды анықтау мақсатында қарқынды қызмет етіп келеді. Сондай-ақ облыс аумағында жүрген шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдардың көші-қон саласындағы заңнаманы сақталуы қатаң қадағалауға алынған. Осындай кезекті тексеріс кезінде елде заңсыз жүргендер анықталды. Нақтырақ айтсақ, Түркістан облысы ПД Көші-қон қызметі тобы мен Ордабасы ауданының тәртіп сақшылары, Қайнар ауылының Оңтүстік беткейінде орналасқан тауық фермасының аумағында тиісті құжаттары болмаған 38 Тәжікстан Республикасының азаматтарын анықтады. Тексеру барысында аталған ферманың егесі шетелдіктерді Арыс ауданы аумағында кеурек өсімдігін теру үшін алып келіп, осында жұмыс күтіп жатқандығы белгілі болды. Қазақстандық шаруашылық егесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 518-бабының 2-бөлігімен "Шетелдiктерді және азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке немесе заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы" әкімшілік хаттама толтырылды.  Сонымен қатар 38 Тәжікстан Республикасының азаматтарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігі «Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қон саласындағы заңнамасын бұзуы» бойынша жауапқашара көріліп, әкімшілік хаттама толтырылып, іс-құжаттар сотқа жолданды. Ордабасы аудандық сотының шешіміне сәйкес бұл шетелдіктердің барлығы ҚР аумағынан шеттетілді. Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тек орын алған құқықбұзушылықты анықтап қана қоймай, шетел азаматтары және жұмыс берушілермен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Көші-қон қызметі туралы заңдылықтарды сақтау бойынша ескерту жасады.

 

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

Оқылды 382 рет