Қазақстан бойынша алғаш рет Түркі тілдес халықтарының арасында грэпплинг сайысынан халықаралық турнир Түркістан қаласында ұйымдастырылды. Түркі халықтарының рухани астанасына айналған киелі шаһарда өткен сайыста Түркістан облысы Полиция департаменті Оқу-жаттығу взводының инспекторлары да өз бақтарын сынады.
Аталған турнирге түркістандық сақшылардан іріктеліп алынған, тәжірибелі күресшілер қатысты. Түркі тілдес 7 мемлекеттен 300-ден астам спортшы сынға түскен байрақты бәсекеде полицейлер жеңіс тұғырынан көрініп, 2 бірдей алтын медалді иеленді. Атап айтсақ, 83 кг салмақта сайысқа түскен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, полиция капитаны Жәнібек Айдарбек пен 91 кг салмақта белдескен полиция аға лейтенанты Жолдасбек Ануаров бір-бір алтынды қанжығасына байлады.
Бұдан бөлек қандай сайыс болса да өзінің әмбебаптығын танытып жүрген Жәнібек Айдарбек Өзбекстан Республикасы Ташкент қаласында «Әмбебап жекпе-жек» спорт түрінен өткен Әлем чемпионатының да күміс жүлдегері атанған болатын. Әлемнің 40-тан астам елінен 700-ге тарта жекпе-жек шеберлері қатысқан бәсекеде топ жарған полиция капитаны елге жүлдемен оралған соң, оған Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы беріліп, Түркістан облысы әкімінің арнайы алғыс хаты табысталды.
"AQ-QARA.KZ"-ақпарат