Сейфудин Әмірбайұлы Айтбаев дүниеге келген жыл Қазақстан полициясының құрылуымен тұспа-тұс келген болатын. Жастайынан өзін полиция формасында елестететін бала Сейфудин Келес ауданындағы мектептің 9 жылдығын аяқтап, Шымкент қаласында Манап Өтебаев атындағы колледжге құқықтану мамандығы бойынша оқуға түседі. Және мұнымен тоқтап қалмай, колледжді бітірген бойда Шымкент университетіне барып, құқықтану саласын тереңірек зерттеп оқиды. Алайда алға қойған мақсаты бірден орындала қоймады. Өз дегеніме қалай да болса жетпей қоймаймын деген талапшыл жігіт Түркістан облыс орталығына айналған жылы құқық қорғау саласындағы алғашқы еңбек жолын бастады. Ол Түркістан облысы Полиция департаменті Жедел басқару орталығында 1 жылдан астам нәтижелі жұмыс атқарды. Содан соң Келес ауданы полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі патрульді полиция тобының инспекторы болып, яғни өзінің туған жеріне қызметке орналасты.
– Әрбір полиция қызметкерінің өз қызметіне сай мойнына жүктелген міндеті бар. Сол секілді азаматтардың жол ережесін сақтап жүруін бақылауда ұстау менің жұмысым. Бұл біріншіден тұрғындардың өз өмірлерінің қауіпсіздігі, екіншіден маған берілген қатаң тапсырма. Қазіргі таңда жол бойында орын алатын апатты оқиғалардың алдын алу бойынша нақты жоспарлармен іске кірісудеміз. Тіпті ереже бұзған азаматтарға жауапкершілік пен жаза күшейгені белгілі. Әрине мұндай жасалып жатқан әрекеттер әрбір адамның өміріне алаңдаушылықтан жасалып жатыр.
Өзіне берілген тапсырманы мүлтіксіз орындауға дағдыланған құқықтық сауаты өте жоғары лейтенант үнемі белсенділік танытып жүреді. Және осы еңбегі еленіп, 2020 жылдың қорытындысы бойынша аудандағы «Жылдың үздік полициясы» номинациясының иегері атанған болатын. Бұдан бөлек облыс, аудан атынан алған марапаттары жетерлік. Қазіргі таңда 1 қыз бен 1 ұлдың әкесі атанып отырған Қазақстан полициясының құрдасы орда бұзар отызға аяқ басты. Ендеше жол жүрісінің тұрақтылығы, сақшының қырағылығы болған соң лейтенанттың қызметтегі дәрежесі биіктей берсін демекпіз. Осыдан 4 жыл бұрын жаңа облыстың жап-жаңа полицейі атанған Сейфудиннің Түркістанмен бірге түлеп, халықтың алғысына бөленіп, Республика мен облыстың «жылдың үздік полициясы» номинацияларын жеңіп алуына тілектеспіз!
«AQ-QARA.KZ»- ақпарат