Қазығұрт аудандық полиция бөліміне ер адам арызданып, өзіне тиесілі ғимаратта тұрған 330 дана жылу батареяларын, құрылысқа қажетті заттарын белгісіз біреу ұрлап кеткенін жеткізді. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 1 500 000-ға жуық теңгені құрады. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі 3-тармағы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.
Ақпаратты алған бойда тәртіп сақшылары оқиға орнына жетті. Қылмысты ашу үшін сұрастыру жұмыстарын жүргізіп, бейнебақылау камераларын қарап шықты. Нәтижесінде ұрлық жасаған үш ер адамның екеуі ұсталып, соңғысына іздеу жарияланды. Олардың бірі Өзбекстан азаматы болса, қалған екеуі Нұр-Сұлтан қаласы мен Сарыағаш ауданының тұрғындары. Сондай-ақ күдікті өзбекстандық бұрын сотты болған. Қазіргі таңда ұсталған 2 күдікті қамауда, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Анықталғандай таныс үш ер адам түнгі уақытта ғимаратқа кіріп, құрылысқа қажетті заттарды ұрлап, сатып, ақшасын жаратып жіберген.
Өз кезегінде Түркістан облысының полиция қызметкерлері тұрғындарға тұрғын үйлеріңізге, ғимараттарға, дүкенге бейнебақылау камералары мен дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді. Егер де сіз ұрлық қылмысының куәсі болсаңыз, полицияның 102 нөміріне хабарласыңыз.
«AQ-QARA.KZ»- ақпарат