Жұма, 30 Қыркүйек 2022 19:59

8 жасар қыз Қазақстан Республикасының азаматтығын алды

Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын өтінішпен келген. Әйелдің айтуынша, ол 2013 жылы отбасымен Өзбекстан Республикасынан Қазақстанға тұрғылықты тұруға көшіп келген. Содан ҚР-ның азаматтығын алу үшін құжаттарын 2013 жылдың соңында өткізген.

Алайда құжаттарды қарау мерзімінде 2014 жылдың басында босанып, осы аралықта жаңа туылған сәбидің құжатында ата-анасы өзбекстандық деп жазылып кеткен. Мұны байқамаған ата-анасы бірнеше жылдан кейін Өзбекстанға өтуге арналған құжатты дайындау кезінде, бұл кемшілікті білген.

Сондықтан келестік полицейлерге өтініш жасап, 8 жастағы қызына қазақстандық деген анықтама беруді сұрайды.

Тұрғынның өтініші бойынша Келес АПБ-нің Көші-қон қызметі тобының инспекторы полиция майоры Гүлжан Құралбекова, жұмыс жүргізеді. «ҚР азаматтығы туралы» Заңының 22-бабына сәйкес, Айым Урманова есімді кішкентай қызға ҚР-ның азаматы деген тиісті анықтама берілді.

Құрметті облыс тұрғындары! Полиция департаментінің осы бағыттағы жұмыстары өз жалғасын әрі қарай таба бермек. Өздеріңіздің құқықтық мәртебелеріңізді айқындау бойынша сұрақ туындаған жағдайда, сіздер, тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша көші-қон қызметіне жүгінуіңізге болады!

Оқылды 184 рет