Жұма, 28 Қазан 2022 14:30

Түркістан облысының полицейлері заңсыз балық аулағандарды анықтады

"Браконьер" жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде Шардара ауданының полицейлері Шардара су қоймасының аумағында заңсыз балық аулаудың кезекті жайтын анықтады. Рейд кезінде табиғатты қорғау тобының полицейлері балық шаруашылығы инспекторларымен бірлесіп, су қоймасында заңсыз балық аулаумен айналысқан екі браконьерді ұстады. Олар Келес ауданы мен Алматы қаласының тұрғындары болып шықты. Полиция аталмыш ер адамдардан 58 келі балық (көксерке), қайық және балық аулау құрал-жабдықтарын тәркіледі.

Бұл жайт ҚР ҚК-нің 335-бабы "Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз өндіру" бойынша тіркелді. Одан әрі заттай дәлелдемелері бар браконьерлер полиция бөліміне жеткізілді.

Қазіргі уақытта Шардара су қоймасындағы заңсыз балық аулау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары браконьерліктің және табиғи ресурстарды заңсыз өндірудің жолын кесу бойынша профилактикалық іс-шараларды жалғастыруда.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарды табиғатты қорғау заңнамасын сақтауға және қоршаған ортаны қорғауға шақырады.

Оқылды 135 рет