Жұма, 28 Қазан 2022 14:45

Полицейлер 6 дана тіркелмеген қаруды анықтады

Қазақстан Республикасы ІІМ-нің нұсқауы бойынша ағымдағы жылдың 1-қазанынан 1-қарашасына дейін Түркістан облысының аумағында полицейлер "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде. Шараның мақсаты - қызмет көрсетілетін әкімшілік учаскелердегі құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.

Іс-шара аясында учаскелік полиция инспекторлары өздерінің визит карточкаларын бере отырып, пәтерлерді және аулаларды аралауда, жалға берілетін пәтерлерді, базарларды және басқа да сауда орындарын, көңіл көтеру орындарын, қолайсыз отбасыларды, профилактикалық есепте тұрған адамдарды және тұрғылықты жері бойынша азаматтық қару иелерін тексеруде.

Мәселен тәртіп сақшылары "Учаске" шарасы кезінде 344 мың 426 пәтерді, 259 мың 784 жеке үйді аралап тексерді. Аулалар мен үйлерді аралау барысында, 276 жалдамалы пәтерді анықтады. Сондай-ақ тұрғылықты мекенжайы жоқ 16 адам анықталып, оның 8-і қабылдап-тарату орнына орналастырылды.

Аталмыш профилактикалық шараның 25 күнінде полицейлер 6 бірлік заңсыз сақталған, тіркелмеген қаруды тәркіледі.

Бұдан басқа учаскелік инспекторлар құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы 646 ұсыныстар енгізілді. Көші-қон саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 517-бабымен 450-ден астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Түркістан облысының полицейлері атап өткендей, "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы ағымдағы жылдың 1-қарашасына дейін жалғасады және оны өткізуге түсіністікпен қарауды сұрайды.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 517-бабында «Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы»:

1. Алып тасталды – ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен. 

2. Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттік жол жүру қағидаларын сақтамаудан көрінген, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы – 

он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерге әкімшілік жолмен шығарып жiберуге алып келеді. 

3. Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзім өткеннен кейін Қазақстан Республикасынан кетпеуінен көрінген, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы – 

1) үш тәулік ішінде – 

ескерту жасауға алып келеді; 

2) үш тәуліктен астам бес тәулік өткенге дейін – 

он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді; 

3) бес тәуліктен астам он тәулік өткенге дейін – 

он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді. 

4. Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның заңнамада белгіленген мерзім өткеннен кейін он тәуліктен асатын кезең ішінде кетуден жалтаруынан көрінген, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы – 

жиырма бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерге әкімшілік жолмен шығарып жiберуге алып келеді. 

5. Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның жүзеге асыратын қызметі визада көрсетілген мақсаттарға сәйкес болмауынан көрінген, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы немесе жергілікті атқарушы орган өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілік сәйкестігі туралы анықтаманы немесе жұмысқа орналасуға рұқсатты алу еңбек қызметін жүзеге асыруға қажетті шарт болып табылатын жағдайда, мұндай анықтаманы не рұқсаттарды алмастан, Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыруы – 

жиырма бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға не Қазақстан Республикасының шегiнен әкімшілік жолмен шығарып жiберуге әкеп соғады. 

6. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер –  

он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберуге әкеп соғады. 

7. Осы баптың екінші, төртінші және бесінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекеттер –  

Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жібере отырып, он бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады делінген.


 

 

Оқылды 134 рет