Жұма, 28 Қазан 2022 14:51

Түркістан облысында жүк көлігінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды

28.10.2022 жылы Түлкібас АПБ кезекші бөліміне «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» тас жолының 651 шақырымында жол апаты орын алғаны бойынша хабарлама келіп түсті. Оқиға орын алған жерге Түлкібас АПБ полиция қызметкерлері шұғыл жетті.

Анықталғандай, Шымкент қаласының тұрғыны өзінің басқаруындағы «Renault» маркалы жүк көлігімен Алматы қаласы бағытынан Шымкент қаласына келе жатып, өзімен бір бағытта жүріп келе жатқан «Mazda 626» маркалы көлігінің артқы бөлігінен соғып, жол-көлік оқиғасын жасаған.

Салдарынан «Mazda 626» көлігінің жүргізушісі ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөлімінде қайтыс болды.

Бұл жайт Түлкібас АПБ-не бірден тіркелді. Қазіргі таңда ҚР ҚК 345-бабы "Жол қозғалысы және көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталу үстінде.

ҚР Қылмыстық Кодекстiң 345-бабында «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» былай жазылған: 1. Автомобильдi, троллейбусты, трамвайды не басқа да механикалық көлiк құралын басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiруге әкеп соққан бұзуы – 
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан екі жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бір жүз алпыс айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады. 
2. Абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге әкеп соққан дәл сол іс-әрекет – 
белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет – 
белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
4. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет – 
белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

Оқылды 151 рет