Дүйсенбі, 31 Қазан 2022 14:56

Полицейлер жалған нөмірлі көлікке қатысты екі тұрғынды жауапқа тартты

Полиция қызметкерлері күнделікті тұрғындар тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, жол қозғалысын бақылау, жол апаттарының алдын алу мақсатында сан алуан жұмыстар атқарады. Осы тұрғыда Түлкібас аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері рейдтік шараларды жиі ұйымдастырып, тыныштық сақтауда белсенді қызмет етуде.

Осындай кезекті тексеріс кезінде, патрульдік полиция қызметкерлері Азаттық ауылындағы көшелердің бірінде «ВАЗ 21074» маркалы автокөлік нөмірінің жалған болуы мүмкін екендігіне күдіктенді. Осы бойынша полиция қызметкерлері шұғыл әрекетке кірісті. Қажетті шараларды іске асыра отырып, жүргізушінің көлігіне жалған мемлекеттік нөмір тағып алғанын анықтады. Аталған көлікті тоқтатып, жүргізушіден жауап алу барысында, ол нөмірдің туысына тиесілі екендігін жеткізді.

Орын алған жайт бойынша жалған нөмірмен көлік басқарған жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 4-бөлігімен «Көлік құралына көрінеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу белгілерін орнату» шара көрілді. Яғни жүргізуші 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 1 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Ал өз нөмірін басқаға берген ер адамға ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 3-бөлігімен хаттама толтырылды.

Түркістан облысы полицейлері жүргізушілерді осы тәрізді олқылықтарға жол бермеуге шақырады. Қайта жабдықтауды да заңға сәйкес жасау қажет. Одан бөлек жолда жылдамдықты асырмауға, маневр жасау қағидаларын бұзбауға, мүмкіндігінше сақтық шараларын қолданып көлік басқаруға кеңес береді.

 

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 590-бабында «Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» төмендегідей жазылған:

 

1. Мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi (белгiсi) оқылмайтын немесе ұлттық стандарттың талаптарына сәйкес келмейтін немесе белгіленген орындардан тыс жерде орнатылған, тiркелген көлiк құралын басқару – 
бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.  
2. Мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi (белгiсi) жоқ немесе пайдалануға тыйым салынғаннан кейiн н
емесе белгiленген тәртiппен тiркелмеген көлiк құралын басқару – 
он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
2-1-бөлікпен толықтыру көзделген – ҚР 11.07.2022 № 137-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
3. Көлiк құралына көрiнеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерiн (белгiсiн) орнату – 
жеке тұлғаларға – он бес, лауазымды адамдарға – елу, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – екі жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне төрт жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Төртінші бөлікке өзгеріс енгізу көзделген – ҚР 11.07.2022 № 137-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
4. Көрiнеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi (белгiсi) бар көлiк құралын басқару, сол сияқты мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерiн (белгiсiн) сәйкестендіруге кедергі келтіретін не олардың түрін өзгертетін немесе жасыратын құрылғылар мен материалдар қолданыла отырып жабдықталған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi (белгiсi) бар көлiк құралын басқару – 
жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға немесе бiр жыл мерзiмге көлiк құралдарын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады. 
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
4-1-бөлікпен толықтыру көзделген – ҚР 11.07.2022 № 137-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
5. Осы баптың алтыншы бөлiгiнде көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, техникалық регламенттердің, ұлттық стандарттардың талаптарына сай келмейтiн, сондай-ақ көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынатын ақаулары мен жағдайлар бар көлiк құралдарын басқару – 
бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 
6. Тежегiш жүйесiнiң, басқару рулінің, тартқыш-тіркеме құрылғысының ақауы бар көлiк құралдарын басқару – 
он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 
7. Тиiстi рұқсатсыз қайта жабдықталған көлiк құралын басқару – 
он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 
8. Жолаушыларды, багажды автомобильмен тұрақты немесе тұрақты емес тасымалдауды, сондай-ақ жүктердi тасымалдауды жүзеге асыру кезiнде рейс алдындағы (ауысым алдындағы) техникалық қарап-тексеруден өтпеген автокөлiк құралдарын пайдалануға шығару, сондай-ақ рейс алдындағы (ауысым алдындағы) медициналық қарап-тексеруден өтпеген жүргiзушiнiң басқаруына рұқсат беру – 
лауазымды адамдарға және шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – отыз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – қырық, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 
9. Мемлекеттiк немесе мiндеттi техникалық қарап-тексеруден өтпеген көлiк құралын басқару – 
бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.  
10. Осы баптың бiрiншi, бесінші, алтыншы, жетінші және тоғызыншы бөлiктерiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер – 
жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 
Ескертпе. Кодекстiң осы тарауында көлiк құралдары деп автомобильдердiң, тракторлардың барлық түрлерiн және өзге де өздiгiнен жүретiн машиналарды, трамвайларды, троллейбустарды, сондай-ақ мотоциклдер мен басқа да механикалық көлiк құралдарын түсiну керек. 

 

 

Оқылды 177 рет