Дүйсенбі, 31 Қазан 2022 18:06

Түркістан облысының полицейлері өзеннен табылған әйелдің өлімін ашты

Естеріңізге сала кетейік, 10.10.2022 жылы Төлеби ауданының полиция бөліміне Ақсу өзенінде мәйіттің табылғаны туралы хабарлама келіп түскен болатын. Оқиға орнына бірден полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы шықты.

Полицейлер қаза тапқан адамның жеке басын анықтады, ол Төлеби ауданының тұрғыны болып шықты. Сондай-ақ Шымкент қаласы ПД Еңбекші АПБ-на әпкесінің хабар-ошарсыз кету дерегі бойынша туыстары арызданғаны белгілі болды.

Аталған жайт бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігімен (кісі өлтіру) қылмыстық іс тіркелді және сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер, осы қылмысты жасады деген күдікпен жәбірленушінің көршісі болған Төлеби ауданының тұрғынын ұстады.

Белгілі болғандай, ақшалай қарыз қылмысқа себеп болған. Қарызды қайтармау үшін күдікті көршісінен құтылуға шешім қабылдап, алдау арқылы жәбірленушіні Ақсу өзеніне апарып, жартастан итеріп жіберген. Алған жарақаттарынан әйел қылмыс орнында қайтыс болған.

Қазіргі уақытта күдікті өз кінәсін толық мойындап, бұл әрекетіне өкінетінін жеткізді. Ол уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды Бүгінде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

ҚР Қылмыстық Кодексi 99-бапта «Адам өлтiру» былай деп жазылған:

1. Адам өлтiру, яғни басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату – 
сегіз жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

2. Адам өлтiру: 

1) екi немесе одан көп адамды; 

2) адамның қызметтiк жұмысын жүзеге асыруына не кәсiптік немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты осы адамды немесе оның жақындарын; 

3) кінәлі адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi адамды, сол сияқты адамды ұрлаумен не кепілге алумен ұштасқан; 

4) кінәлі адамға жүктiлік жағдайда екенi көрінеу белгiлi әйелдi; 

5) аса қатыгездiкпен жасалған; 

6) басқа адамдардың өмiрiне қауiптi тәсiлмен жасалған; 

7) адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған; 

8) пайдакүнемдік ниетпен, сол сияқты жалдау бойынша не қарақшылықпен немесе қорқытып алумен ұштасқан; 

9) бұзақылық ниетпен; 

10) басқа қылмысты жасыру немесе оны жасауды жеңiлдету мақсатымен жасалған, сол сияқты зорлаумен немесе сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерiмен ұштасқан; 

11) әлеуметтiк, ұлттық, нәсiлдiк, дiни өшпендiлiк немесе араздық не қанды кек уәжі бойынша; 

12) жәбiрленушiнiң ағзаларын немесе тіндерiн пайдалану мақсатымен жасалған; 

13) бірнеше рет жасалған; 

14) көрінеу кәмелетке толмаған адамды; 

15) қылмыстық топ жасаған, сол сияқты төтенше жағдай кезiнде немесе жаппай тәртiпсiздiк барысында жасалған адам өлтiру – 

мүлкi тәркiленіп немесе онсыз, он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

3. Жас баланы өлтіру – 

белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жиырма жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға не мүлкін тәркілеп немесе онсыз, бас бостандығынан өмір бойына айыруға жазаланады.
 


Оқылды 153 рет