Дүйсенбі, 31 Қазан 2022 18:19

Тәулік ішінде жол қозғалысы ережесін бұзған 20-ға тарта жүргізуші анықталды

Демалыс күні облыс орталығы – Түркістан қаласында «Қауіпсіз қала» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Бұл шараның негізгі мақсаты жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ҚР ІІМ мен ПД бастығының тапсырмасына сәйкес бекітілген жобалар мен жоспарларды жүзеге асыру.

Осы бағытта рейдке Түркістан қалалық Полиция басқармасының басшылығы мен жеке құрам қызметкерлері шықты. Аталмыш түркістандық тәртіп сақшылары орталық көшелерде жол қозғалысы ережесінің сақталуын қамтамасыз етті.

Полицейлер назарына көлігінің терезесін күңгірттеген, қауіпсіздік белдігін тақпаған, көлік басқару кезінде ұялы телефон қолданған құқық бұзушылар ілінді. Аталған құқық бұзушыларға тиісті заңды шарасы көрілді. Мысалы полицейлер қауіпсіздік белдігін тақпаған «Опель Вектра» автокөлігінің жүргізушісін анықтап, тоқтатты.

Оның құжаттарын тексеру кезінде, жүргізушінің көлік басқаруға арналған куәлігінің жоқ екені белгілі болды. Осыған орай жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы «Жол жүру ережелерінде көзделген жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау» мен 612-бабы «Құжатсыз және басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы» бойынша заңға сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды. Айта кетсек, «Қауіпсіз қала» іс-шарасы барысында жол ережесін бұзған 20-ға жуық азамат жауапқа тартылды.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 593-бапта «Жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау»:

1.      Жолаушыларды және жүктердi тасымалдау қағидаларын сақтамау – 

бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 

2. Қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану қағидаларын сақтамау – 

бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 

3. Осы баптың бiрiншi және екінші бөлiктерiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер – 

он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады деп жазылса, Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы
612-бапта
«Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқаруы»:

1. Жүргізушінің жеке басын куәландыратын құжаты өзімен бірге болған жағдайда, Қазақстан Республикасында берілгендерін қоспағанда, өзімен бірге басқару құқығын беретін жүргізуші куәлігі немесе жүргізуші куәлігінің орнына берілген уақытша куәлігі; Қазақстан Республикасында берілгендерін қоспағанда, көлік құралына тіркеу құжаттары; көлік құралына заңнамада белгiленген өзге де құжаттары жоқ жүргiзушiнiң көлiк құралын басқаруы – 
ескерту жасауға не бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 
2. Көлiк құралын басқару құқығы жоқ адамның оны (жүргiзіп-үйренуден басқа) басқаруы, сол сияқты тиiстi санаттағы көлiктi басқару құқығы жоқ жүргiзушiнiң көлiк құралын басқаруы – 
жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. 
3. Көлiк құралын басқару құқығынан айрылған жүргiзушiнiң көлiк құралын басқаруы –  
елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не он тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады. 
4. Осы баптың екiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер – 
отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 
4-1. Осы баптың үшiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер – 
жетпіс айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады. 
5. Басқару құқығы жоқ адамға (белгiленген қағидаларға сәйкес жүргiзуге оқыту жағдайларын қоспағанда) не көлiк құралын басқару құқығынан айрылған адамға көлiк құралын басқаруға беру – 
елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 
6. Осы баптың бесінші бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет – 
жетпіс айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады делінген.


 

 

Оқылды 146 рет