Бейсенбі, 03 Қараша 2022 17:43

Түркістан: Полицейлер жүргізушілерді қысқы маусымға автокөліктерін дайындауға шақырады

Түркістан облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы мен патрульдік полиция қызметкерлері бірлесіп, облыс орталығының жолдарында жүргізушілерге көлік құралдарын қысқы кезеңге дайындау қажеттілігі туралы түсіндіру бойынша іс-шаралар жүргізуде. Тәртіп сақшылары рейд кезінде автокөлік жүргізушілеріне көліктерін қысқы мезгілге қалай дайындау керектігі туралы көрнекі ақпараты бар парақшалар таратты. Оның да себебі бар. Қазақстанның барлық өңірі бір мезгілде қар жамылып үлгермесе де алып территориямыздың көп бөлігі қысты қарсы алып қойған. Әйтсе де «қыс шанасын жаз сайлап алған» автокөлік жүргізушілері қаннен қаперсіз. «Темір тұлпарын» қыс мезгіліне сай тиісті техникалық жағдайға келтірмеген жандар көптеп табылады. Құқық қорғау органдары қызметкерлерін алаңдататын да осы жайт.

 

Қылышын сүйретіп қыс келгенде қамданбай жүрудің соңы қайғы-қа­сіретке, өкініш пен опы­нуға алып кел­мей қоймайды. Оған – тәртіп сақ­шы­ларының жыл­дар бойғы жұмыс тә­жі­рибесі куә.

Елімізде тіркелетін жол-кө­лік оқи­ғаларының басым көпшілігі де енжарлардың кесірінен орын алатын көрінеді. Полиция қыз­меткерлері осы мәселе туралы­ жұрт­шылықты құ­лақ­тан­ды­ру­дай-ақ құлақтандырып жат­қа­нымен, оқыс оқиғалар саны азай­май тұр. Сақтанбай жүріп сан соғып қал­ғандар көп. Сондықтан да, тәртіп сақшылары қазірден бастап, түсіндіру жұмыстарын бастап кетті. Олар жүргізушілерді жолға шықпас бұрын автокөліктің жай-күйіне және оның техникалық жарамдылығына байыппен қарауға шақырады. Қыс мерзіміндегі маңызды мәсе­ленің бірі – автокөліктерді пай­дала­ну­дың маусымдық әзір­лігі. Сондыұтан да, тәртіп сақшылары жүргізушілердің техникалық байқаудан өтуіне, жазғы доңғалақтарын қысқы доңғалаққа ауыстыруына назар аударуға шақыруда.  Сондай-ақ көлікке қажетті майларын ауыстырып, жаңа сүзгілерді қойып, тежегіш жастықшаларын, шамдарын, әйнек тазалағыштарын, салқындату жүйесін тексеріп қоюға кеңес берді. Сонымен қатар жолдарда мүмкіндігінше мұқият болу керек, әсіресе ауа райының қолайсыздығында жылдамдық режимін, маневр жасау ережелері мен қашықтықты сақтау қажеттігін жеткізді.Қыс мезгілі келгенде ауыр жүк көлік­терінің жүргізушілері сырғуға қарсы ті­реуіш құрыл­ғы­ларын үнемі өзімен бірге алып жүру­лері керек. Бұл құрылғылар авто­көліктің өз еркімен жылжуы­на, сыр­ғуына жол бермейді. Әсі­ресе, сырғуға қар­сы тіреуіш құ­рыл­­ғылары жүк көлігі тауға не бол­­маса өрге көтеріліп бара жат­қан­ кезінде міндетті түрде болуы тиіс. Автокөліктерді қыс мезгілінде пай­да­ланудың енді бір ерекшелігі – қауіп­сіз қозғала білу саналады. Ең алдымен қозғалыс жыл­дамдығын дұрыс таң­дау қажет. Себебі, қыс мезгілінде доң­ға­лақтың жол үсті жабыны­мен үй­­келісі өзгереді. Сондықтан те­жеуішті бас­қан кез­дегі авто­кө­ліктің сырғанау қа­шық­ты­ғы ұзарады, көлікті басқару па­раметрлері түрленеді. Тиісінше, қозғалыс жылдамдығын дұрыс таңдамау мен авто­көлікті тиімсіз тежеудің, көліктің бас­қаруға кел­меуінің кесірі жол-көлік оқи­ғасы­ның орын алуына себепкер болады. Қозғалыс барысында қандай да бір қауіпсіз әрекет ету (маневр) үшін автокөліктер арасындағы қашықтықты және бүйірдегі арқашықтықты сақтай білу қа­жет. Бұл да тежеуішті басқан кез­­дегі автокөліктің сырғанау қа­шық­тығына, көлікті басқару па­раметрлеріне әсер етеді.Автокөліктерді қыс мезгілінде пай­да­ланудың тағы бір ерекшелігі бар. Мә­селен, жол үстінде бұған дейін жүріп өт­кен автокөліктердің доңғалақтары қал­дырған сорап (колея) пайда болуы мүм­кін. Одан бөлек, қардағы із қалыңдап, омбы қар мен жол жиегіндегі күртік қар­­дың кесірінен әдеттегі жалпақ жолдар жіңішкеріп кетіп жатады. Осының бар­­лығы қозғалыс режіміне, қауіпсіз әрекет етуге кедергі келтіреді. Қозғалыс қар­қыны бәсеңдеп, жолдарда жүру мүм­кіндігі азаяды. Сондықтан автокөлік жүр­гізушілері қыс мез­гілінде жол-көлік оқи­ға­ла­рына тап болмау үшін аталған фак­­торлардың барлығын ескеру­лері керек. Полиция қызметкерлері қала аума­ғынан тыс, алыс елді мекендерге сапарлауды жоспарлап отырған жүргізушілерге өзімен бірге тіреу тросын, күрегін алып жүруге кеңес береді. Ал ауыр жүк көлік­тері мен автобустар үшін сыр­ғанауда­н сақтайтын шын­жырлары болған жөн. Ауыс­тырып киюге болатын жылы киім, жылы аяқкиім, басы артық жа­нар-жағар май алып жүру де ар­тық етпейді. «Бұл ретте  жаяу жүргіншілерді де құлақтандыра кеткен жөн болатын шығар. Мәселен, қыс мезгілінде күн қыс­қарып, түн ұзаратыны белгілі. Тиісін­ше, авто­көлік жүргізушілерінің анық кө­ру мүмкіншілігі азаяды. Сон­дай-ақ қар мен мұздың кесі­рінен тежеуішті басқан кездегі автокөліктің сырғанау қашықтығы ұзара түседі. Сондықтан жолды тек арнайы жабдықталған же­рінде ғана кесіп өту қажет. Жаяу жүргіншілер жолағымен, көше қиылыстарымен жүрмес бұрын автокөлік жүргізушісінің сізге жол берген сәтін күткен жөн бола­ды. Осындай қарапайым ере­же­лерді сақтай отырып жаяу жүр­гіншілер қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ете алады», дейді тәртіп сақшылары.  Сондай-ақ ауа райы болжамы мен жабылған жолдар туралы ақпаратты үнемі қадағалап отыру қажет екенін айтты.

«Еліміздің оң­түс­тік және шығыс өңірлеріндегі тау­лы аймақ­тарға қалың қар мен тұман­ның кесірінен жолдың көрін­беу кездері тән көрінеді. Сон­­­дықтан өз өңірлерінің ерек­шеліктерін білетін көлік жүр­гізушілері күн райының күрт бұ­зылуына байланысты ауа райын­ болжаушылардың құлақ­тан­ды­руына және құтқару қызметінің SMS хабарландыруларына дұрыс әрекет етуі қажет. Бұдан арғы са­пар­ларын осы ескертулер мен қам­данған әрекеттеріне қарай жос­­­парлаулары керек»,-дейді . Түркістан облысы ПД ӘПБ бастығы полиция полковнигі Алмасхан Тастанбеков. Оның айтуынша,жол үстінде қолайсыз күн райы­на тап бола қалған жағдайда жақын жер­дегі елді мекенге жетіп алып, күннің айық­қанын күткен жөн болады. Ал егер жолда жайсыз ауа райына тап бо­лып, жағдайдың түзелуін көлікте кү­туге мәжбүр болған болсаңыз, бірден құт­­қару қызметіне хабарласуыңыз қа­жет. Құтқарушыларға өзіңіздің нақты ор­на­ласқан жеріңізді көрсетіп, олардың ке­луін күткеніңіз дұрыс. "Құрметті облыс қонақтары мен тұрғындары! Алдымызда қыс мезгілі, осыған байланысты Сіздерге ең алдымен көктайғақ кезінде жолда тайып кетпеу үшін доңғалақтарыңызды ауыстыруға шақырамыз. Сондай-ақ жарық шамдарының дұрыстығын тексеру керек. Жалпы жолдарда абай болыңыздар!"- деп атап өтті.

 

Оқылды 182 рет