Бейсенбі, 03 Қараша 2022 18:53

Түлкібас: Тәртіп сақшылары алаяқтардан абай болуға шақырады!

Түлкібас АПБ қызметкерлері аудан аумағында интернет алаяқтық қылмыстарының алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Себебі, соңғы кезде алаяқтардың құрығына ілінетіндер көбейді. Интернеттің мүмкіндігін қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін оңтайлы пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп, жаңарып отырады. «Уақыт талабынан олар да қалыс қалмай келеді», деген тәртіп сақшылары ғаламтордағы әккілердің, әсіресе әлеуметтік желілерді ұтымды пайдаланып отырғанын мәлімдеді. «Әдетте алаяқтар әлеуметтік желілерге жалған интернет хабарландырулар орналастырады немесе аккаунт пен арнайы бет ашып, сайт жасап алады. Ең жиі кездесіп жүрген интернет алаяқтықтың түрлері: интернет арқылы сауда жасау және қызмет көрсету, сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену және бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу арқылы жасалатын қылмыстар болып отыр»,-дейді түлкібастық тәртіп сақшылар.  Осыған орай Түлкібас ауданының полицейлері интернет алаяқтардан абай болу керектігін, өз жинақтарына ұқыпты болуы қажеттігін талап етеді. Сонымен қатар алаяқтардан сақ болудың қарапайым қауіпсіздік шараларын қолданып, дербес деректерді, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауға, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуге шақырады. Сондай-ақ күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмауға, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға және спам хабарламаларға сенбеу туралы ескертеді.Себебі,  интернет алаяқтық қазіргі қоғамның ең өзекті әрі маңызды мәселесіне айналды, деген полицейлер қолында компьютер, смартфон, планшеті бар кез келген адамның кез келген уақытта ақпараттық жүйенің, соның ішінде интернет алаяқтардың құрбанына айнала алатынын ескертіп өтті. Ақпараттық жүйені пайдаланып, алдау, арбау арқылы ақшалы болудың ең көп таралған жері – сауда-саттық маңы. Әсіресе сұранысқа ие Instagram әлеуметтік желісінде кімнің ақ, кімнің арам екенін ажырату өте қиын.

Кейінгі кезде алаяқтардың «Сіздің нөміріңіз бір ұтыста жеңімпаз атанды» деп кез келген кездейсоқ абоненттік нөмірге қоңырау соғуы немесе SМS-хабарламалар жіберуі жиілеп кеткен. Арам ниеттілер ұтысты басқа қаладан алып кетуді немесе жеңіп алған тауардың құнын пластикалық картаға аударуды ұсынады.

«Айта кетерлік тағы бір жайт, интернет алаяқтықтың көпшілігі трансшекаралық сипатқа ие. Мәселен, бір қылмыстық істе қаскүнем басқа өңірде, кейде тіпті басқа мемлекетте жүруі мүмкін. Сол себепті қылмыстың бұл түрін ашуға бірталай уақыт жұмсауға тура келеді. Өйткені өзге елде жүрген күдіктінің немесе жәбірленушінің жеке тұлғасы мен мекенжайын анықтау үшін шет мемлекеттегі құқық қорғау органдарына сұрау салу мен тапсырмалар жіберу міндетті болып саналады. Ал бұл іс-шараның барлығы бірден шешіле қоятын оңай шаруа емес екенін айтпасада түсінідкіт. Сондықтанда мамандар аса мұқият болып, алаяқтардың құрығынан сақ болуға шақырады. 

 

Оқылды 161 рет