Сәрсенбі, 09 Қараша 2022 21:14

Үй құстарын ұрлаған кентаулық анықталды

Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, үйінің алдына жайылымға жіберген 6 бас қаз, яғни үй құстарын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алынып, шұғыл іздестіру шаралары атқарылды. Тәртіп сақшылары ұрлық орын алған аймақты аралап, көрген-білгендерден жауап алды. Бейнебақылау камераларын қарап, мұқият тексеру жұмыстарын атқарды. Нәтижесінде жинақталған ақпарат көздері арқылы үй құстарын артып әкеткен көлік анықталып, оның жүргізушісі күдікке ілінді. Содан күмәнді жүргізушінің жеке басы анықталды. Жас жігіт полиция бөліміне жеткізілді.

Анықталғандай, күдікті жол бойында қараусыз жүрген құстарды үйіне жасырған. Ол құстарды сатып, оңай жолмен олжалы болғысы келген. Алайда ойы іске аспай, тәртіп сақшыларының қырағылығы арқасында үй құстары тәркіленіп алынып, заңды иесіне қайтарылды. Өз кезегінде қаздардың иесі, жергілікті тұрғын шынайы ризашылығын білдіріп, полицейлерге алғысын жаудырды. Жұмыстарына сәттілік тіледі.

ҚР Қылмыстық Кодексi 188-бап. Ұрлық туралы былай жазылған.

1. Ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру – 
мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
2. Мынадай: 
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; 
2) алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
3) алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
4) ақпараттық жүйеге заңсыз кіру не телекоммуникациялар желісі бойынша берілетін ақпаратты өзгерту жолымен жасалған ұрлық – 
мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
3. Мынадай: 
1) ірi мөлшерде; 
2) бірнеше рет: 
3) тұрғын, қызметтiк немесе өндiрiстiк үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз кiрумен жасалған ұрлық – 
мүлкi тәркiленіп, екі жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
4. Мынадай: 
1) қылмыстық топ жасаған; 
2) мұнай-газ құбырынан; 
3) аса iрi мөлшерде жасалған ұрлық – 
мүлкi тәркiленiп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады деп жазылған.

Оқылды 203 рет