Сәрсенбі, 09 Қараша 2022 22:01

Ордабасы: Мас жүргізуші өмір бойы көлік жүргізу құқығынан және 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды

Ордабасы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы кезінде, жүрісі күмәнді «Opеl Vectra» маркалы автокөлікті тоқтатты. Полицейлер жүргізушінің құжаттарын тексеру барысында, оның ішімдік ішкенін анықтады. Мұны тағайындалған медициналық зерттеу де растады.

Ордабасылық полицейлер аталмыш жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жүргізушіге қатысты тыңғылықты тексеру жұмыстарын жүргізді. Және оның бұдан алдын, яғни 2021 жылы тамыз айында ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабымен айыпты деп танылып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылғанын айқындады. Осылайша өзінің көлік басқару құқығы жоқ екендігіне қарамастан, қайта ішімдік ішіп, көлік тізгіндеген жүргізушінің іс-әрекеті ҚР ҚК-нің 346-бабының 2-бөлігімен "Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы" бойынша тіркеліп, тергеу ісі басталды.

Нәтижесінде Ордабасы аудандық сотының үкімімен егде жастағы ер адам көлік басқару құқығынан өмір бойына айырылып, 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Облыс полицейлері мас жүргізуші қылмыскер екенін алға тартып, мұндай қателікке бой алдырмауды қатаң түрде ескертеді.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 608-бабында «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру»:

1. Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру – 
он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді. 
2. Алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, жәбірленушінің денсаулығына қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ зиян келтіруге немесе көлік құралдарын, жүктерді, жол құрылыстары мен өзге де құрылыстарды не өзге мүлікті бүлдіруге әкеп соққан әрекеттер – 
жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді. 
3-1. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер – 
жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және сегіз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді. 
3-2. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер – 
жиырма бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және тоғыз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді. 
4. Алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

5. Алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
6. Осы баптың бірінші, екінші және үшінші бөліктерінде көзделген, көлік құралдарын басқару құқығы жоқ адамдар жасаған әрекеттер – 
жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады. 
7. Осы баптың алтыншы бөлігінде көзделген әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған, осы баптың алтыншы бөлігінде көзделген әрекеттер – 
отыз тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.  
8. Осы баптың алтыншы және жетінші бөліктерінде көзделген, осы Кодекстің 50-бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік қамаққа алу қолданылмайтын адамдар жасаған әрекеттер – 
екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады деп жазылған.

ҚР Қылмыстық Кодексi 346-бабында «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру»:

1. Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы не көлік құралын басқаруды осындай адамға беру, сол сияқты осындай адамның көлік құралын басқаруына лауазымды адамның немесе көлік құралы меншік иесінің не иеленушісінің жол беруі – 

белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың екі жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда көлік құралдарын, жүктерді, жол құрылысжайларын және өзге де құрылысжайларды не өзге мүлікті бүлдіруге, сол сияқты адамның денсаулығына жеңіл зиян келтiруге алып келген әрекеттер – 

белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, төрт жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

3. Абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiруге алып келген дәл сол іс-әрекеттер – 

белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

4. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге алып келген іс-әрекеттер – 

белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, алты жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

5. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда адам өліміне алып келген іс-әрекеттер – 

белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жеті жылдан тоғыз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

6. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда екi немесе одан көп адам өлiмiне алып келген іс-әрекеттер – 

белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, сегіз жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады делінген.

Оқылды 185 рет