Бейсенбі, 10 Қараша 2022 07:05

Келес: Полицейлер бірнеше алаяқтық қылмысына қатысы бар ер адамды анықтады

Келес аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бірнеше алаяқтық қылмысына қатысы бар күдіктіні анықтады. Атап айтсақ, алаяқ ер адам тұрғындардан қайтарымсыз несие алуға көмек беремін деп, алдау жолымен ақша алып отырған. Келес АПБ-ға жәбірленушілердің бірі арызданып, өзіне бейтаныс біреу мемлекеттен қайтарымсыз ақша алып беруге уәде бергенін жеткізді.

Осылайша алаяқ ауыл тұрғынының сеніміне кіріп, 370 мың теңгеден астам ақша алып, ұзақ уақыт уәдесін орындамай созып жүреді. Полиция бөліміне бұдан басқа алаяқтан зардап шеккен ауданның тағы бірнеше тұрғыны хабарласып, дәл осындай ақпараттарды жеткізген.

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде келестік қырағы полицейлер күдіктіні анықтады. Ол Шымкент қаласының тұрғын болып шықты. Бүгінгі таңда тергеу ер адамның алаяқтықтың 16 жайтына қатысы бар екенін анықтады. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі шамамен 5 миллион теңгені құрады. Аталған жайттар ҚР ҚК-нің 190-бабы "Алаяқтық" бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бүгінде болған оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.

Айта кетйік, бүгінгі күні кең таралған қылмыстардың бірі – ол алаяқтық. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (әрі қарай ҚК) 190-бабының 1-бөлігінде алаяқтықтың түсінігі берілген. Алаяқтық - бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену. Қарапайым сөзбен айтқанда алаяқтық -алдау және сенімге қиянат жасау жолымен бөтен мүлікті ұрлау болып табылады.   Аталған бап 4 бөліктен тұрады, соған байланысты алаяқтық үшін жаза түрлері де күшейтілген. Егерде кінәлі адам жай алақтық жасаған болса, яғни  ҚК-тің 190-бабының 1-бөлігінде көрсетілген әрекеттерді жасаса ол 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Алаяқтықтың адамдар тобында алдын ала сөз байласуымен, адам өз қызмет бабын пайдалана отырып, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен, мемлекеттік сатып алу саласында жасалған алаяқтық үшін аталған баптың 2-бөлігіне сай 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.  Алаяқтықтың ауыр түрлері осы баптың 3-4-бөліктерінде көрсетілген. Егер алаяқтың  ірі мөлшерде, яғни 1 000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аса жасалса, алаяқтықты мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаса, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса, екі немесе одан да көп адамға қатысты жасалса немесе  алаяқтық бірнеше рет жасалған жағдайда  аталған баптың 3-бөлігінде 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.  Қылмыстық топ жасаған немесе  аса iрi мөлшерде, яғни айлық есептік көрсеткіштің 4000 есе мөлшернінен  асатын алаяқтық  жасалса, ол үшін сол баптың 4-бөлігінде 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.Барлық жағдайда да қосымша жаза ретінде кінәлінің мүлкін тәркілеу жазасы қолданылады.

 

Оқылды 203 рет