Бейсенбі, 03 Қараша 2022 23:41

Сауран ауданына «Заң керуені» келіп, халыққа құқықтық көмек көрсетті

Сауран ауданында облыстық және аудандық прокуратурасының ұйымдастыруымен жиын болып өтті.

Акция барысында жергілікті тұрғындарға жедел құқықтық көмек көрсету, құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, заңдарды түсіндіру, елдегі қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті нығайту үшін азаматтық қоғам мен құқық қорғау органдарының күш жігерін біріктіру жұмыстары аясында сөз болып, азаматтар тарапынан қойылған сұрақтар мен өтініштерге нақты жауаптар берілді.

Шынын айту керек, бүгіндері әділетсіздікпен бетпе-бет келген адам бірден Президентке хат жазады, ықпал етуін сұрайды. Шынында, ол мәселені жергілікті жерде де шешуге болады. Алайда жергілікті атқарушы биліктің немқұрайлығы мен халықтың құқықтық сауатының төмендігінен өңірде шешімін табуға болатын мәселе астанадан бір-ақ шығады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы халыққа арнаған Жолдауында азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілегін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруға шақыруы осындайдан туындағаны анық. Халық үніне құлақ асатын мемлекетті қалыптастыруда биліктен бұрын халықтың белсенді болғаны аса маңызды. Себебі биліктің қайнар көзі – халық. Ал қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады. Олай болса, халық атқарушы биліктен сапалы қызметті талап етуге құқылы. Бірақ талап ету үшін де білім мен білік керек, бастысы құқықтық сауаты болғаны жөн. Қала немесе облыс әкімінің есеп беру жиынына немесе атқарушы билік органдары өкілдерінің қабылдауына келгенде, тұрғындар тұрмыстық деңгейдегі мәселесін шешіп беруді сұрайды. Ал зерттей келгенде, ол жағдайға түсуге өздері кінәлі болып шығады, мысалы, не­сие қарызы ұлғайып кеткен немесе үлестік қатысу кезінде баспана салушы компанияны зерттеп, жобасын зерделеп алмаған болып шы­ғады. Сондай-ақ бюджет қаражаты бөліне­тін бағдарламаларға қалай қатысуға болаты­ны­нан тұрғындар бейхабар. Тұрғындар өздері дауыс берген депутаттарын танымайды, ал заң бойынша, депутаттар сайлаушыларымен жылына екі рет кездесуі керек. Ол кездесуде тұрғындар толғандырған мәселелерді шешудің жолдарын ұсынуы қажет, ал депутат сәйкесін­ше ол ұсынысты мемлекеттік органдарға жет­кізуі тиіс. Жеткізіп қоймай, ұсынысы бойынша қандай жұмыс істеліп жатқанын сұрастырып, бақылауда ұстауы керек. Осылайша тұрғын­дар­дың жағдайын жақсартуға бөлінген бюджет қаржысын депутат та, халық та мониторинг жасай отырып бақылауы тиіс. Алайда әзірге бұлай болмай тұрғаны белгілі.

Заң үстемдігін қалыптастыру халықтың құқықтық мәдениетін дамытумен қатар жүретін процесс.  Құқықтық мәдениетті арттыру, халықтың құқықтық санасын дамыту тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет құруға ықпал ететін азаматтық қоғамды қалыптастырудың маңызды өлшемдері екені айтпаса да түсінікті. Құқықтық тәрбие – бұл құқықтық нигилизмге қарсы тұру және жеке тұлғаны қалыптастыру процесін қамтамасыз ету үшін мемлекет пен қоғамның құқықтық сананы және құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен жетілдірудің мақсатты және жүйелі қызметін көздейтін іс-әрекеттің күрделі және көп қырлы жүйесі.  Қазақстан Республикасында құқықтық мемлекет құру процесінде құқықтық тәрбие мәселелері үлкен маңызға ие. Құқықтық тәрбие заңның рөлін күшейтуге, қоғамның объективті шындықтың тәуелсіз факторы ретіндегі маңыздылығын түсінуіне және демократияны жетілдірудің, заңның үстемдігі мен құқықтық тәртіпті нығайтудың өсіп келе жатқан қажеттіліктеріне жауап беруімен түсіндіріледі.

 Жеке тұлғаның құқықтық мәдениетін қалыптастыру процесі ретіндегі құқықтық білімнің мазмұны келесі құрылымдық компоненттерді қамтиды: құқық туралы ақпарат;  заңға деген көзқарасты қалыптастыру;  заңды мінез-құлыққа қатынасты тәрбиелеу;  заңды мінез-құлық қажеттілігін сезінуге тәрбиелеу;  мемлекеттік және қоғамдық институттар шеңберіндегі құқықтық білім беру субъектілерінің қызметін ұйымдастыру. Заң үстемдігі жағдайында әлеуметтік реттеушілер жүйесіндегі құқықтың рөлі артып, адамдардың мінез-құлқындағы, қоғам мен мемлекеттің өміріндегі құқықтық принциптер күшейе түсуде.  Құқықтық мәдениет пен құқықтық сананың жеткіліксіз деңгейі, Қазақстан азаматтарының құқықтық нигилизмі заңдылық қағидаттарын іске асыруды қамтамасыз етудегі маңызды мәселе болып табылады.

 Бүгінгі таңда мемлекет жүргізіліп жатқан құқықтық түсіндіру жұмыстарына, сондай-ақ оны жаңа сапалық деңгейге көтеру үшін нормативтік-құқықтық актілерге ерекше назар аударады. Әділет органдары қызметінің стратегиялық бағыттарының бірі азаматтардың құқықтық санасын арттыру, құқықтық үгіт-насихат көлемін және сапасын арттыру болып табылады.  Осыған байланысты, конституциялық, азаматтық және өзге де адам және азаматтық құқықтардың іске асырылуын қамтамасыз ету, халықтың құқықтық сауаттылығы мен құқықтық мәдениетін қалыптастыру мақсатында Қазақстан облыстарының барлық аймақтарындағы әділет департаменті бөлімшелері бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлеу, «дөңгелек үстелдер», конференциялар, дәрістер, семинарлар, брифингтер және т.б. ҚР Әділет министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдарымен және облыстың мемлекеттік мекемелерімен өзара іс-қимыл тұрақты негізде жүзеге асырып жатыр. Әділет департаменті жанындағы мемлекеттік органдардың заң қызметтерін үйлестіру кеңесінің тоқсан сайынғы отырыстарын өткізеді, онда азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеру, нормативтік құқықтық актілерді жариялау және т.б. мәселелер талқыланады.

Бүгінгі таңда барлық құқықтық ақпарат Интернет арқылы халыққа қол жетімді. Құқыққа, заңға деген оң көзқарасты қалыптастыру, азаматтардың мемлекет пен қоғам алдындағы өз құқықтары мен міндеттерін білуі құқықтық мәдениетті қалыптастыру процесінің басты міндеттері. Қазіргі заман бізге күнделікті өзгеріп отыратын барлық жаңа үрдістерді талап етеді.  Қазіргі әлемдегі елдің қарқынды дамуының шарты — бұл ең алдымен заң үстемдігін қалыптастыру.  Себебі бұл құқық пен бостандықтың сақталуының кепілі ғана емес, сонымен қатар елдің инвестициялық тартымдылығының басты өлшемі болып табылады.  Алайда бұл процесс халықтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мен дамытусыз мүмкін емес.

 

Оқылды 212 рет