Сәрсенбі, 02 Қараша 2022 01:47

Отырарда қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған жиын өтті

Отырар ауданында ұстаздарға қаржылық қауіпсіздік негіздері және қаржы пирамидаларының алдын-алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бүгінде қоғамда өзекті мәселеге айналған алаяқтықтан сақтанудың жолдарын түсіндіріп, қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған жиынды аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Дархан Ембай ашып, жүргізіп отырды.

Жамбыл атындағы мектеп-лицейінде өткен жиынға Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің офицері Гүлзия Қарсыбай мен экономикалық тергеп-тексеру қызметінің майоры Данияр Мадалиев қатысып, алаяқтарға алданып қалмау, қаржы пирамидаларының торына түспеу үшін нені білу керектігін атап өтті. Қоғамда қаржылық қауіпсіздікті сақтамау салдарынан алаяқтықтың құрбанына айналғандар басындағы оқиғаларды негізге ала отырып, сенімге кіріп улайтындардан аулақ болуға шақырды.

Сонымен қатар, қаржылық сауаттылықты арттырып, қаражатты тиімді әдіспен пайдалануды ұсынды. Және қаржылық сауаттылықты арттыруда кедергі болатын негізгі мәселелерді атап өтті. Әрі бөгде біреудің жалған ақпаратты жамылып, алдайтындарды байқасаңыз дереу полиция қызметкерлеріне хабарласып, жәбірленушіге айналмаудың алдын алуды сұрады. Бұл өз жеке бастарыңызды арам пиғылды қылмыскерлерден қорғап қалуыңыз үшін маңызды екенін алға тартты.

«Қазіргі таңда бөгде біреудің басқа тұлға атына несие рәсімдеп, қарызға батырып әрі әлеуметтік желідегі сайт акаунттарының құпия сөзін білу арқылы техниканы зиян тигізуге пайдаланатындар көбейіп кетті. Сол үшін көбімізге қаржылық сауаттылықты меңгеріп, табысты жинауды, бюджетті сауатты жоспарлауды және шығындарды рационалды жаратуды үйренуіміз керек. Себебі, бұл қарызға алынған қаражатты сауатсыз пайдалану себебінен борышқорлық күйге түспеуге көмек береді»-дейді Гүлзия Нұрғалиқызы.

Талайды тентіреткен қаржы пирамидасынан сақтану жолдары түсіндірілген жиынның ұлағатты ұстаздар қауымына бағытталуы да бекер емес. Себебі алаяқтарға алданып қалған жандардың басым бөлігі мұғалімдер. Кездесу барысында жиынға қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, заңдылық тұрғыдан кеңестер берілді. Жиын соңында Дархан Полатханұлы киелі ауданымызға арнайы келіп маңызды мағлұматтармен, қажетті ақпараттармен бөліскен қонақтарға отырарлық ұстаздардың атынан шынайы алғысын айтты.

Жалпы, қаржылық сауаттылық қаржыны тиімді басқаруға мүмкіндік беретін білім. Оның мақсаты жалпы қаржы саласына деген дүниетанымды кеңейту. Сол арқылы жаңа мүмкіндіктерді ашу және қаржылай зиян әрі шығын келтіретін жайттардан сақтандыру. Біздің қазақ қоғамында бұл салаға онша маңыз беріп, көңіл бөле бермейді. Қаржылық сауаттылықты қалай арттыруға болады? Азаматтар қаржы пирамидасы екенін қалай анықтай алады?

Қаржылық сауаттылық дегеніміз – қарапайым тілмен айтқанда қаржылық тәртіп, яғни өз бюджетіңді басқара білу дегенді білдіреді. Қаржылық сауаттылықтың бастауы өз-өзіне есеп беруден басталады. Адам қарызға батпас үшін, барынша үнемдеп, қаржылық сауаттылығын арттыру керек. Бұл екеуі де заман талабы. Ал, біз көп жағдайда басқа адамның ақшасын санап кетіп жатамыз. Ал, қаржылық сауаттылықты арттыру стратегияларына келетін болсақ, Абай атамыздың мынадай тамаша сөзі бар: « Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмағанда айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!» деген екен он бесінші қара сөзінде. Яғни, адам кірісі мен шығысын санап, өзіне есеп беру керек. Екінші стратегиясы бір дүкендегі бағаны, басқа дүкенмен салыстырып қарау қажет. Қай жерде арзан, қай жерде қымбат деген секілді, адам қанша жерден бай болса да, бағаны бағамдап есептеген дұрыс. Бірден бір жерден, бір затты ала салмаған жөн. Үшінші кезекте қаржылық қор – адам тапқан табысының жоқ дегенде 10% жинап отыру керек. Жиі еститінім, ақшаның қайда кетіп қалғанын білмеймін деп жатады, оның барлығы осы қаржылық сауаттылыққа келіп тіреледі. Тағы бір айта кетерлік жайт, адам жиі садақа беретін болса, сол тапқан табысы берекелі болады. Адам өзінің тапқан ақшасының несібесін көреді. Себебі кейбір азаматтар бар, 1 миллион, немесе 500 мың табыс тауып отырса да ұқсата алмайды. Ал, кейбір адамдар бар 100 мың тапса да берекетін көріп, отбасын асырап, тіпті үйін де алып жатқан азаматтарды кездестіргенмін.

Статистикаға сәйкес, Қазақстандықтардың 3/1 отбасылық кіріс пен шығысын мұқият есептеп, жүйелі жүргізбейді. Оңды-солды несие алып, қарызданып-қауғаланып төлеуге келгенде шақшадай басы шарадай болып жүргендер жетіп артылады. Елімізде тұтынушылық несие алу рекордтық көрсеткішке жеткен. Бұл халықтың қажеттілігі ме әлде негізсіз несие алғандар көбейген бе? Иә, шыны керек қазіргі таңда несиесі жоқ адам кемде-кем. Халықтың айлық жалақысынан қарағанда, берешек қарызы көп. Автокөлік, тұрмыстық техника, ұялы телефон, тіпті саяхаттауға несие алу үйреншікті жағдайға айналды. Экономикалық белсенді халықтың саны 10 миллионға жуықтаса, оның ішінде тұрақты жұмыс істейтіндердің саны 4-5 миллионның шамасында. Яғни, шамамен әр адамның басында екі несиеден келеді. Бұл үрдіс әрине жақсы емес. Ай сайын алатын жалақысы қажеттілігін жаппайды, соған сәйкес азаматтар өмір сүру стандартын бір деңгейде сақтап қалу үшін, несиеге жүгінеді. Мәселен, айлығыңыз 100 мың теңге болып, бірақ 500 мың теңгенің айфонын алу, немесе несиеге алу дұрыс емес. Егер, смартфон қандай да бір табыс әкелетін болса онда алуға болады. Ал, ешқандай табыс әкелмесе, несиеге алудың қажеті шамалы. Сондықтан қолда бар қаржыны ұтымды пайдалану үшін, адам өз бюджетін бақылауға алу керек. Қаржыны жоспарлы жұмсап, мақсатты түрде жинаған жөн.

Бала кез-келген еңбектің бағаланатынын білген абзал. Ата- аналар балаларды қаржылық сауаттылыққа қалай үйрету керек? Әлі оң мен солын ажыратып үлгермеген балаға ақша берерде мұқият болған дұрыс. Ұл, қызыңыз оны үнемді пайдаланып, орынды жұмсай білу үшін, қаржылық сауаттылықты кішкентайынан бастап, қалыптастырған жөн. Бүлдіршініңізге қаражатты есепсіз берсеңіз, бұл оның ақшаға құмар болып өсуіне әкелуі мүмкін. Балаға ақшаның оңай келмейтінін түсіндіріп, 1 айлық жалақаңызды қалай жұмсайтыңызды есептеп көрсету керек. Ол кез-келген кірістің өз орнымен жұмсалуын қажет екенін білгені дұрыс. Балаға ақшаны саналы түрде беру керек. Оған түскі асына, жолына деп есепсіз қаржы беру пайдасыз. Мұндай жағдайда бала ақшаны өзі есептеп үйрене алмайды. Апта сайын, немесе айына бір мәрте табыстасаңыз өзі нені, қайда жұмсайтынын пайымдайтын болады. Сол кезде бір айға берген ақшаны, үнемдеп тиімді жұмсайтын болады. Осындай әдіспен ұл, қызыңызға қаржыны үнемдеуді үйрете аласыз.

Қаржылық сауатсыздықтың салдары қандай нәтижелерге алып келетіні белгілі. Жиған тергенін қаржылық пирамидаларға салып, алданып қалып жатқан жандар аз емес. Пирамида екенін қалай анықтауға болады? Қаржылық пирамида – бұл қалтағы түсудің түрлі жолын тапқан айлакерлердің табыс көзі, кәсібі. Пирамида екенін басында бірден аңғару қиын. Себебі, алаяқтар инвестициялық пирамиданы уақыт бедеріне қарай бейімдеп, түрлендіріп келеді. Әйтсе де, өзгермейтін бір жүйе ол көпті құрғақ уәдесіне сендіріп, қолындағы қаржысын қымқырып кету. Өзіңіз байланыс орнатқан ұйымның оңай пайданы көздеген мекеме емес екеніне былай көз жеткізуге болады. Мәселен, қатарға қосылған әр адамға ауқымды жобалар жайлы әңгімелеп, шет-шегі жоқ, сыйлықтар болатынын айтып сендіреді. Сонымен қатар, белгілі бір мөлшерде жарна салуын сұрайды. Салған қаржысын көп ұзамай бірнеше пайызбен еселеп қайтаратынына да уәде етеді. Сондай-ақ компанияға адам тартуды жүктейді. Сол арқылы пайдасының артатынын алға тартады. Кейіннен басқаларды сендіру үшін, алдынғы адамдарға белгілі бір пайызын береді. Алдындағылардың еңбексіз табыс тауып, жылдам ақшаға қол жеткізгенін көрген салымшы еріксіз компанияға адам тіркеуге кіріседі. Алдымен жақыны мен дос-жаранды төңіректейді. Оларға көзбен көргенін жеткізіп, шын мәнінде пайда табуға болады деп сендіріп бағады. Бірі үй аламын деп, енді бірі көлік мінемін деп ақшасын салса, тағы бірі несие алып береді. Ағайын-туыстың аузынан жырып берген қаржысын осылайша айлакердің қоржынына салады. Оңай ақшаға кенелемін деп жүргенде алаяққа алданып, көппен көңілі суысып, ағайынмен араға жік түседі. Осындай жағдай орын алмас үшін, біріншіден салық басқармасына барып, немесе ғаламтор арқылы мекеменің бизнес сәйкестендіру нөмірін теріп тексеру қажет. Заң алдында тіркелген не тіркелмегеніне көз жеткізіп алу керек. Байқасақ, қаржысын еселеймін деп, қалтасынан қағылған қаншама жан бар қоғамда. Осындай қаржылық әрекеттің құрбаны болмас үшін, қаржылық сауаттылықты арттыру керек.

Дамыған елдердің тәжірибесіне қарасақ, несиеге жұмсалатын қаражаттың көлемі, табысының 20% аспайды екен. Ал, қолда бар қаржыны қалай ұтымды жұмсауға болады? Бізде азаматтар ақшасын үнемдемейді, қаржылық сауаттылығы төмен болған соң, үлкен үстемелерге қарамай, құдды бір тегін балық үлестіргендей несиеге бас ұрады. Ал, дамыған елдердің тәжірибесіне қарасақ, несиеге жұмсалатын қаражаттың көлемі, табысының 20% аспайды екен. Сондықтан да бізде халықты осыған үйретуіміз керек. Біз несиені рәсімдеу үшін, табысымызға қарамай, өтірік табыс көрсетіп жатамыз. Сондықтан, осындай құндылықтарға мән беруіміз керек. Қарызды алу бар, ертең қайтарымы бар. Ол үшін ең бірінші қаржыны жоспарлы түрде жұмсауды үйренген жөн. Дүкенге бармас бұрын, алатын заттардың тізімін жасап, кететін шығындарды есептеп шығу керек. Кеткен шығындарды есептеп жүріңіз, немесе арнайы кітпаша арнап жазып отырғаныңыз дұрыс. Сол кезде қаржыңыздың қайда кеткенін бақылай аласыз. Ай соңында жазған кітапшаңызға назар салыңыз. Артық шығындарды көріп, ақша ұстаудағы өз кемшілікті байқауға болады. Дүкеннен қалған тиындарды кез-келген жерге қалдыра бермеңіз. Есіңізде болсын, тиыннан да ақша құралады. Ұсақ тиындарды жинауды әдетке айналдыру керек. Күндердің күнінде ақшаныздың қалай көбейгенін өзіңізде байқамай қаласыз.

Анықтама үшін: 2020 жылы Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2020-2024 жылдарға арналған қаржылық сауаттылықты арттыру тұжырымдамасын жасады. Тұжырымдама Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 30 мамырдағы № 338 қаулысымен қабылданды. Тұжырымдама Мемлекет басшысының 2020 жылғы 26 ақпандағы Хаттамалық тапсырмасының халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бағдарламасын әзірлеу қажеттілігі туралы 1.1.3-тармағын орындау үшін дайындалды және Тұжырымдама Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының қаржылық сауаттылықты арттыру стратегиясын әзірлеу және іске асыру жөніндегі ҚР Жол картасы шеңберінде әзірленді. Осы құжат халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру саласындағы басымдықтарды, мақсаттар мен міндеттерді, мақсаттарға тиімді қол жеткізу және міндеттерді шешу тәсілдерін, нысаналы аудиторияларды, тақырыптық бағытты және 2020 – 2024 жылдардағы кезеңде ҚР халқының қаржылық сауаттылығын жоспарлы түрде арттыру үшін пайдаланылатын құралдарды айқындайды. Тұжырымдаманы іске асыру қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың қаржылық білімін жақсартуға, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, қаржы өнімдеріне қолжетімділікті жеңілдетуге, қаржы жүйесіне деген сенімді арттыруға мүмкіндік береді. 

Қаржылық сауаттылықты шартты түрде үш санатқа, басқаша айтсақ үш тармаққа бөлуге болады. 1. Біріншісі  – бұл қаржы ұйымдарының мобильді қосымшаларын, интернет-банкингті пайдалану үшін, кибералаяқтарға қарсы іс-қимыл және т.б. үшін қажетті техникалық білім. 2. Екіншісі  – құқықтық сауаттылық. Қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылар ретінде өз құқықтарын білу, қаржы ұйымдарымен жасалған шартты оқи білу және түсіне білу, заңнаманы білу сізді болашақта көптеген күтпеген жағдайлардан сақтандыруы мүмкін. 3. Және де ең негізгісі  – бұл қаржылық жоспарлау. Үшінші тармақ – меншікті қаражатыңызды жүргізе білу, жеке немесе отбасы бюджетін басқару бойынша  дұрыс және сараланған шешім қабылдау. Осы санаттардың әрқайсысымен толығырақ танысайық.  Техникалық сауаттылық Қарапайым гигиена қағидаларының болғаны сияқты, цифрлық ақша саласында да онлайн режимінде сатып алулар мен банктік аударымдарды жүзеге асыруға ниеттенген әрбір адам білуі тиіс киберқауіпсіздіктің өзіндік базалық ұғымдары бар. Жыл өткен сайын гаджеттердің көмегімен түрлі қаржы операцияларын жасайтын пайдаланушылар саны өсуде. Біздің өміріміздің ажырамас бір бөлігі болып енген заманауи технологиялар  қолайлығымен қоса, сенгіш пайдаланушылардан ақша алудың түрлі тәсілдерін үнемі жаңартып отыратын  виртуалдық қылмыскерлер де істеріне кірісе бастады. Қаржы алаяқтарына алданып қалмау үшін қарапайым кибергигиена ережелерін есте сақтау қажет:
1. Фишингтің құрбаны болмас үшін күмәнді сілтемелерге көшпеңіз.
2. Домен атауы мен хаттаманың дұрыстығын тексеріңіз (https:// – қорғалған, http:// – жоқ).
3. Телефоныңызға жіберілген SMS кодтарды, төлем карталарыңыздың деректемелерін және картаның артындағы кодты ешкімге тіс жармаңыз және ешқайда жарияламаңыз.
4. Желідегі күмәнді ұсыныстарды елемеңіз (жолыңыз болды, сізге біреу мұрасын қалдырды, ұтыс ойынынан, лотереядан, акциялардан және т.б. ұтып алдыңыз деген сияқты). Өздеріңіз білетіндей, тегін жатқан ешнәрсе жоқ.
5. Аккаунтарыңызды күрделі парольдермен қорғаңыз (әр қосымшаға, поштаға немесе сайтқа бірегей парольді, банктердің мобильді қосымшаларын енгізу кодтарын қойыңыз).
6. Интернет-әмияныңызға оң әсер етуі мүмкін бонустар, кешбэктер, қаржы ұйымдарының акциялары жүйесінен қалай пайда табуға болатындығын біліңіз.
Құқықтық сауаттылық Кез келген құжатқа қол қоя отырып, сіз онда жазылғанның бәріне толық келісесіз. Шартқа қол қоя отырып, сіз барлық міндеттемелерді өз мойныңызға аласыз. Ақша істеріндегі ұқыпсыздықтың алдын ала болжанбайтын және әрқашан сәтті бола бермейтін салдарлары болуы мүмкін. Мұндай мәселелерге ешқашан асықпау керек. Кез келген шартты мұқият оқып шығу, барлық талаптармен танысу, қаржылық қызметтерді тұтынушы ретінде шартта сіздің құқықтарыңыз бен мүдделеріңіз қаншалықты қорғалғанын, онда қандай міндеттемелер жазылғанын, қандай тәуекелдер бар екенін талдау қажет. Егер сіз шартқа қол қоюға күмәндансаңыз, онда істі кәсіби маманға сеніп тапсырыңыз. Мысалы, құжатты сауатты заңгерге көрсетіңіз.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

 

Оқылды 289 рет