Жастардың жат ағым жетегінде кету себептері

Кез келген тәуелсіз мемлекеттің негізгі күші, күре тамыры ол жастар болып табылады. Себебі жас буын еңбекқорлығы мен іскерлігі және өз еліне, жеріне патриот болуы, мемлекеттің дамуына алға басуына үлесі зор болатыны ақиқат. Міне сондықтанда Мағжан Жұмабаев атамыз:

Арыстандай Айбатты

Жолбарыстай Қайратты

Қырандай күшті қанатты

Мен жастарға сенемін – деп, жастардың қаншалықты маңызды рөл атқаратындығын көрсеткен болатын. Алайда қазіргі таңда діннің асылына үңілместен, ақиқат жолды парасатты оймен салыстырмастан құр еліктеушілікпен, немесе белгілі бір мүддеге жету үшін жат діни ағымдардың жетегіне еріп жатқанын көзіміз көріп құлағымыз естуде. Осының салдарынан қаншама отбасылардың шырқы бұзылып, шаңырақтары шайқалып, берекесі қашуда. Кейбір отбасылардың отағасы білімсіздіктің салдарынан сезімнің сергелдеңіне түсіп, темір торға тоғытылса, бесік тербетіп үйінде отыруы тиіс нәзік жандылар, нағыз ислами өмір сонда деп, үй-жайын, бала-шағасын, елін-жерін тастап, шекара асып, қиырдағы шет мемлекеттерге кетті. Қаншама ата-ана ұл-қызынан айырылып, зар илеп қалды. Міне, жастардың осындай жағдайға душар болуының бір ғана емес, бірнеше себептері бар.

Ең бірінші себебі діни сауатсыздық. Жат діни ағымның жетегінде жүргендердің санының артуы қарапайым халықтың діни сауатының аздығынан немесе жоқтығынан туындайтыны хақ. Дінге толық таныммен, біліммен келмей шала сауатпен, сезіммен келіп, өзінің қалай адасқанын аңғармай да жатады. Теріс ағымға арбаушылар көбінесе өмірлік тәжірбиесі аз, уақытша қиындыққа төзімсіз, діни сауаты таяз жастарды тартуға тырысады. Өйткені, білімсіз адамның аңғал, көнгіш, сенгіш, еліктегіш келетінін жақсы біледі. Жат ағымдарға алданушылардың 85-90 пайызға жуығы  мүлдем діни сауаты жоқ, мешіт-медресе көрмеген. Ал, дінімізде білімнің маңыздылығы ерекше. Тіпті Құранның ең алғашқы түскен аяты да «Оқы» деген әмірмен басталады. Қасиетті Құран Кәрімде «Білмесеңдер білім иелерінен сұраңдар» (Нәхл сүресі 43 аят), «Білгендер мен білмегендер тең бе?» (Зүмәр сүресі 9 аят) – деп білімнің адам өмірінде алатын орынын қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Екінші себебі болса тәрбиенің мардымсыздығы мен ата-анасының қарауынсыз қалуы. Толық отбасынан шықпаған мейірімге, тәрбиеге мұқтаж  бала жылулықты көшеден іздейтіні айтпаса да түсінікті. Ата-анасынан ала алмаған діни ақпаратты көшеден іздеген жастардың тағдыры орны толмас өкініштерге соқтырып жатады. Ата-аналардың көпшілігі күн көрістің қамымен таңнан қара кешке дейін жұмыста болғандықтан, баласының тәрбиесіне көңіл бөлуге уақыттары тапшы болып жатады. Ең бастысы бала-шағамыз қатарынан кем болмай, киімі бүтін, тамағы тоқ болса, қалтасында қымбат телефоны болса болды деп, материалдық құндылықпен шектелуде. Ал, Пайғамбарымыз (с.а.с) бір хадис шәрифінде былай дейді: «Әкенің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы-оны жақсы тәрбиелеу» (Хадисті Имам Мүслим жеткізген). Сондай-ақ көптеген ата-аналар бала тәрбиесіне көңіл бөлмей, немқұрайлы қарап, барлық міндетті мектепке итере салады. Бір әке-шешенің берген тәрбиесін жүз мектеп бере алмайтыны айдан анық. Отбасында адал мен арамды білмей өскен бала, өскенде дінге  қатысты көкейінде жүрген сұрақтың жауабын ата-анасынан ала алмағандықтан, көшедегі жат ағымның өкілінен сұрап, тұзағына оп-оңай түсіп кете барады.

Үшінші себеп ол ғаламтормен әлеуметтік желілердегі тыйым салынған уағызшылардың уағыздары, жастарды жарға жығуға итермелейтін факторларының бірі болып тұр. Қазіргі таңда ұялы байланыссыз, интернетсіз жүрген адамды көрсек, таңырқайтын болдық. Интернетте шетелдегі псевдошейхтар мен еліміздегі заңсыз уағыз айтушылардың уағыздары, бұрынғыға қарағанда біршама бәсеңсіді. Жастар сол интернетте жарияланған мәліметтерге, видеоларға имандай сеніп, оларға лайк басып, пікір жазып, ақпараттармен бөлісіп отыруды үрдіске айналдырған. Сол мәліметтер мен видеолардың арасында жиһадқа шақыратын, билікке қарсы қоятын ақпараттар да жетерлік. Сондай ақпараттарды достарымен бөлісіп, от басып сотталып жатқандары қаншама?!

Төртінші себеп ол күйзеліске ұшырау. Қамшының сабындай қысқа, бес күндік жалған мынау өмірде жақсыны да жаманды да қатар көресің. Өмірдің ащысын да тұщысын да  басыңнан өткересің. Күнделікті күйбең тірлікпен біреуге ренжіп ашуланасың, енді бірде ашуландырасың. Өмір бар жерде өлім бар демекші жақын адамыңнан айрылып, қан жұтасың. Бұл мынауөмірдің жазылмас заңдылығы. Әйткенмен де жаратқан Алланың пенделері басына қиын-қыстау күн туып, қатты қиналғанда туған-туыс, дос-жараннан жылылық, мейірім, материалдық көмек бере алатын  жандар іздейді. Дәл осы сәтте әлгі дәстүрлі емес жат ағымның мүшелері ет жақын бауыры көрсетпеген жылулықты көрсетіп, бауырмалдылық танытып, жабырқау жандардың жанынан табыла кетіп, қайғысын бөлісіп, көңілге демеу береді. Осылайша айырылмас досқа айналып, әлгінің айтқанынан шыға алмайтындай халге душар болғанын өзі де сезбей қалады.

Бесінші себеп жұмыс орнымен араласатын ортасы. Жалпы дәстүрлі емес діни  ағымдардың мүшелері мемлекеттің жұмысынан бас тартып, сауданы берекесі бар сүннет амалдардың біріне балап, көпшілігі сауда саттықпен, жеке кәсіппен айналысады. Деструктивті теріс пиғылды жат ағымның жетегінде жүрген азаматтардың арасында да кәсіптің көзін тапқан, материалдық жағдайы жақсы, қалтасы қалың  азаматтар үлкен сауда орнындарын, базарлардан дүңгіршек, құрылысқа қажетті заттар сататын дүкендер ашып, оған жұмысшыларды тарта бастайды. Жұмысқа өзінің пікірімен пікірлес, діни көзқарасы сәйкес келетін сенімді азаматтарды іздейді. Өзінің ойындағысын таппаған жағдайда діннен хабарсыз жүрген жастарды қарамағына тартып, жоспарлы түрде үгіт-насихат жүргізіп, қатарын толықтыра түседі. Сонымен қатар әлеуметтік зерттеулердің нәтижесінде кейбір жастардың дінге бет бұруы араласатын достарының ықпалымен келгендігін көрсетеді. Кейбір жоғарғы оқу орындарының жатақханаларында, спорттық алаңшаларда шала сауатты, уағыз айтқыш жастар табылып жатады. Шала сауаттылардың айтқан уағыз-насихаттарына уланып, жастардың дінге деген көзқарасы бұрыс жағына қарай өзгеріп шыға келеді. «Досыңның кім екенін айт, мен сенің кім екеніңді айтамын» - деген тамаша тәмсіл де сөзіміздің айғағы.

Алтыншы себеп ол шет елде заңсыз діни білім алу жалпы  Қазақстанда жат ағымның кең таралуының себебі шетелден теріс діни білім алу.  Еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, шетелге діни білім алушылар көбейді. Ол жылдары елімізде сауатты діни білім беретін оқу орындары болмады. Ал, қазіргі таңда діни бағыттағы оқу орындары жеткілікті. Шетелдің діни білім беретін оқу орындарына мұқтаждық азайды, тіпті жоқ десекте болады. Дегенмен де суды бұлақтың басынан ішейік, шетелдің оқу орындарында, ғалымдардың алдында отырып, білім нәрімен сусындайық дейтіндер де табылады. Сол мақсатпен шетелге барған, діни сауаты аз жастар, заңсыз хужраларда, тіл курстарында сабақ беретін шейхтардың улы уағызын бойына сіңіріп, елге қайтады. Елге келіп өз уағыздарымен ылаң салып жүргендері де баршылық.Сонымен қатар шетелде діни білім алып, елге оралып, абыройлы қызмет жасап жүргендерді де жоққа шығара алмаймыз.

Міне осы себептердің алдын алар болсақ, әр отбасына жауапты ата-ана ұрпағының материялдық жағдайының кем болмауы үшін қалай мән берсе рухани байлығына да аса мән беруі керек. Тарихымыздан белгілі алысқа бармай-ақ «Алаш» зиялыларының барлығы дерлік бала кезден мешіт-медреседен діни білім алғандығы, олардың рухани жағынан мықты болуы, елге жерге деген адал қызмет атқаруына себеп болды.

 

Ш.Темірқұлұлы  

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

 теолог маманы                                                     

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖОЛ АПАТЫ ДЕҢГЕЙІ ЖОҒАРЫ

Үкімет отырысында ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Қазақстан жолдарындағы қауіпсіздік туралы айтты.

Министрдің айтуынша, жолдағы қауіпсіздік жағдайы – елдің даму көрсеткішінің бірі. – Жыл сайын 13 мың жол-көлік оқиғасы орын алуда. Онда 2 мыңнан астам адам қаза тауып, 18 мыңнан астам адам жарақат алуда. Жалпы 2019 жылдан бері, әсіресе, пандемия кезінде жол апаты динамикасы төмендеді. Бірақ шектеулер мен блок-бекеттер алынғаннан кейін бұл көрсеткіштер өсіп жатыр, – деді спикер. Ағымдағы жылдың сегіз айында апаттылықтың барлық көрсеткіштері өсті: жол-көлік оқиғасы – 14%-ға (8 307-ден 9 429-ға дейін), қаза тапқандар – 18%-ға (1 258-ден 1 478-ге дейін), жарақат алғандар – 13%-ға (10 947-ден 12 394-ке дейін). Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында жол апаты деңгейі жоғары.

– Барлық жол апаттарының 56%-ы, жарақат алғандардың 55%-ы және қаза тапқандардың 41%–ы дәл осы өңірлерде орын алған, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Жол-көлік оқиғалары салдарынан зардап шеккендерге сақтандыру төлемі қарастырылған

ҚР ІІМ-нің тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысы ПД Анықтау басқармасымен «Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» ҚР 2003 жылғы 1 шілдедегі №446 Заңында жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккендерге сақтандыру өтемақысын төлеу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылған.

Осыған орай жол-көлік оқиғалары салдарынан қаза тапқан, дене жарақатын алған және материалдық залал келтірілген жайттары бойынша жоғарыда көрсетілген Заң талабына сәйкес, сақтандыру төлемі қарастырылған.

Сонымен осы Заңның 24-бабына сәйкес (Сақтандырушының жауаптылық шектері)

1. Бiр сақтандыру жағдайы (сақтандыру сомасы) бойынша сақтандырушы жауапкершілігiнiң шектi көлемi мынаны құрайды (айлық есептiк көрсеткiшпен):

1) әрбiр жәбiрленушiнiң өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн және ол мыналарға алып келсе:

қаза табуға – 2 000 АЕК; (6 360 000 тг)

мүгедектiктiң:

бірінші тобы белгіленсе – 1600 АЕК;

екінші тобы белгіленсе – 1200 АЕК;

үшінші тобы белгіленсе – 500 АЕК;

мүгедектігі бар балаға – 1 000 АЕК;

Мертiгуге, жарақаттануға немесе денсаулықтың мүгедектiк белгіленбеген өзге де зақымдануына – амбулаториялық және (немесе) стационарлық емделуге іс жүзіндегі шығыстар мөлшерiнде, бiрақ 300-ден аспауға;

2) бір жәбірленушінің мүлкіне келтірілген зиян үшін - келтірілген зиян мөлшерінде, бірақ 600-ден көп емес;

3) бір мезгілде екі және одан да көп жәбірленушінің мүлкіне келтірілген зиян үшін - келтірілген зиян мөлшерінде, бірақ әрбір жәбірленушіге 600-ден көп емес. Бұл ретте сақтандыру төлемдерінің жалпы мөлшері барлық жәбiрленушiге 2000-нан аспауға тиіс. Зиян мөлшері сақтандырушы жауапкершілігінің шекті көлемінен асқан жағдайда сақтандыру төлемі әрбір жәбірленушіге оның мүлкіне келтірілген зиянға мөлшерлес дәрежеде жүзеге асырылады.

Заңның 26-бабына сәйкес (Сақтандыру төлемiн жүзеге асыру тәртiбi)

1. Сақтандырушы сақтандыру төлемiн осы Заңның 25-бабында көзделген құжаттарды алған күннен бастап он бес жұмыс күнi iшiнде төлейдi.

2. Бірнеше жәбірленушінің мүлкіне зиян келтірілген жағдайда, сақтандырушы барлық жәбірленушілердің құжаттарын алған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде, бірақ басқа сақтандырылғандардың құжаттарды беруіне қарамастан, сақтандырушыға бірінші болып құжаттарын берген жәбірленушіден құжаттар алған күннен бастап күнтізбелік 15 күннен кешіктірмей сақтандыру төлемін бастауға міндетті.

Жоғарыда көрсетілген процедура қоғамдық көмектесушілерге жүгінбей тікелей жәбірленушінің өзі немесе оның өкілі тікелей сақтандыру компаниясына жазбаша арызбен жүгіну арқылы жүзеге асырылады.

Барлық қажетті ақпараттарды сақтандыру компанияларыңыздан білсеңіздер болады.

 

Түркістан облысында ірі қара малдарды ұрлаған тұрғын ұсталды

Ордабасы аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз тұлға оның қараусыз тұрған үйіне кіріп, ауласында жүрген 500 000 теңге болатын 2 бас жылқысын және 1 бас сиырын түнгі уақытта ұрлап кеткен. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша тіркеуге алынды.

Тұрғынның үйінде қараусыз тұрған малын жымқырған күдіктіні ұстау мақсатында учаскелік полицейлер оқиға орнына бірден жетті. Тәртіп сақшылары куәлардан жауап алып, сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Осылайша жан-жақты дұрыс бағытта жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде күдікке ілінген ер адам ұсталды. Ол жұмыссыз жергілікті тұрғын болып шықты.

Анықталғандай күдікті ер азамат ешкімнің жоқтығын пайдаланып, өзінің жүк көлігіне малдарды тиеп, әлдебіреуге сатып жібергені анықталды. Алайда полицейлердің кәсіби шеберлігінің арқасында күдікті ұсталды. Қазіргі таңда сезікті деп танылған азамат қамауда. Оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Әрбір азамат өзінің жеке мал-мүлкіне қырағы болуы керек. Малдарын қараусыз қалдырмай, уақытылы сырғалап, таңбалап, құжаттандырып, қора-жайын мықтап бекітуі қажет. Егер де малыңыз жоғалса не болмаса ұрланса, шұғыл 102-ге хабарлаңыз.

Түркістан облысында мас халде көлік басқарған ер азаматқа қатысты сот үкімі шықты

Төлеби ауданы ПБ-ның полиция қызметкерлері қызметтік міндетін атқару кезінде, мас халде көлік тізгіндеген жүргізушіні анықтады. Яғни полицейлер Төлеби ауданы Адыраспан көшелерінің бірінен түнгі сағат 00:30 шамасында «Ваз-2106» маркалы автокөлігінің жол ережесін бұзғаны үшін тоқтатты. Тексеру кезінде полицейлер, жүргізушінің мас халде болуы мүмкін екеніне күдіктенді. Аталған жайтты нақтылау үшін, медициналық сараптамадан өткізді. Куәландыру қорытындысы бойынша автокөлік жүргізушісінің мас халде екені белгілі болды.

Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 6-бөлігі «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша тіркеді. Жинақталған іс-құжаттар Төлеби аудандық сотына жолданды. Нәтижесінде, мас халде көлік тізгіндеген жүргізуші 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, көлік айыптұраққа қойылды.

Түркістан облысының полицейлері көлік басқару құқығы жоқ жүргізушілерге көлік айдамауға кеңес береді.

Түркістан полицейлері тұрғынның жоғалған сиырларын тауып, алғыс алды

Сауран аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, көмектесулерін сұрайды. Оның айтуынша, Қосмезгіл ауылына қарасты 2 шақырым жердегі мал жайылымында жүрген оның 2 бас сиыры түнгі уақытта белгісіз жағдайда жоқ болған. Аяқ асты жоғалған сиырларын табу үшін мал иесі, полицейлерден көмек сұрады.

Аталған ақпаратты алысымен саурандық тәртіп сақшылары оқиға орнына жедел жетті. Осы аймақтың тау-тасын жақсы білетін полицейлер, айналаны толық шолып шығып, жоғалған ірі қара малдарды табуға бағытталған барлық қажетті жұмыстарды атқарды. Нәтижесінде, жоғалған сиырлар 10 шақырым жердегі егістік алқаптан табылып, егесіне қайтарылды.

Осы орайда малдарының аман-есен табылғанына қуанған мал егесі полиция қызметкерлеріне шынайы алғысын жеткізді: «Түнгі уақытта сиырларымды жоғалтып алдым. Өз бетімше іздеп таба алмадым. Содан соң полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгіндім. Олар барлық күшті жұмылдырып, малдарымды тауып берді. Тәртіп сақшыларына үлкен рақмет!».

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері жергілікті тұрғындарға, мал иелеріне төрт түлікті мүлдем қараусыз қалдырмау керектігін айтады.

Қызметтік иттің көмегімен шекарадан есірткі алып өтпек болған шетелдік ұсталды

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне «Жібек Жолы» шекара бақылау бекетінен шұғыл хабарлама келіп түсті. Онда «Имерек» атты қызметтік ит Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасына жаяу өтіп бара жатқанда мазасызданып, белгі береді.

Содан полицейлер күдік тудырған азаматты тоқтатып, тексереді. Белгілі болғандай күдікті азаматтың күртешесінің оң жақ қалтасынан есірткіге ұқсас зат табылады. Алынған зат сараптамаға жолданып, оның «марихуана» есірткісі екені расталды.

Сондай-ақ ұсталған орта жастағы азаматтың Өзбекстан елінің тұрғыны екені анықталды. Қазіргі таңда күдікті ер адам қамауға алынып, оған қатысты ҚР ҚК-нің 286-бабы «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға заңмен тыйым салынған есірткіге қатысты қатаң жаза көзделгенін ескертеді.

МАҚТААРАЛ: Қылмыстың, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша ауыл тұрғындары мен жоғары сынып оқушыларына түсіндіру жұмыстары жүргізілді

 Мақтаарал аудандық прокуратура қызметкерлері, аудандық полиция бөлімі, ауыл әкімі, ауыл имамының қатысуымен қылмыстың, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша ауыл тұрғындары мен жоғары сынып оқушыларына түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі-балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі таңда көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр. Жасөспірімдер мен кәмелетке толмағандардың қылмыс жасауына бірнеше факторлар әсер етуі мүмкін.

Ең бірінші отбасындағы бала тәрбиесі мен жасөспірімнің араласатын ортасының үлкен әсері болады. Кәмелетке толмағандардың арасындағы құқықбұзушылықтың негізгі түрі – ұрлық. Одан бөлек төбелес, қарақшылық және ішімдік ішу, есірткі тұтыну жатады.Біз мектептер мен орта білім мекемелерінде құқықбұзушылық пен әкімшілік құқық бұзушылықтың алдын алу және болдырмау мақсатында дәрістер оқимыз. Күнделікті профилактикалық іс-шаралар өткізіп отырамыз.

Әңгімелер жүргіземіз. Сонымен қатар эпидемиологиялық ахуалға байланысты санитарлық нормаға сай онлайн форматта да дәрістер оқып жүрміз. Және де ата-аналар жиналыстарына қатысып, балалардың сабаққа қатысуын, тәртібін қадағалаймыз.

Кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында жасөсіпірімдермен ашық сөйлесіп, полиция қызметкерлері тек қана жауапкершілікке тартумен ғана емес, сонымен қатар жасөспірімнің құқығын қорғау мақсатында жұмыс жасайтындығын түсіндіреміз.

 

Егер жасөспірім сабаққа қатыспаған жағдайда, себепсіз 10 күннен артық босататын болса, оқушылардың ата-анасына немесе заңды өкілдеріне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 127 бабы бойынша іс құжат жиналып, сотқа жөнелтіледі. Содан кейін сот өзі шешім қабылдайтын болады. Ал егер түнгі сағат 22.00-ден кейін жасөспірім ойын-сауық орталықтарында, кинотеатрларда заңды өкілінсіз жүретін болса, онда ол жасөспірімнің заңды өкіліне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 142 бабы 1 бөлігі бойынша 3 АЕК көлемінде айыпппұл салынады. Егер жасөсіпірім ішімдік ішіп, ұсталған жағдайда заңды өкіліне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің заңды 440 бабы бойынша әкішілік хаттама толтырылып, 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Жасөсіпірім қандай да бір құқық бұзушылық жасаған жағдайда заңды өкілі жауапты болады. Себебі бала кәмелеттік жасқа толмаған. Қылмыстық жауапкершілікке кәмелеттік жасқа толмаған жасөсіпірім 14 жастан, ал әкімшілік жауапкершілікке 16 жастан бастап өзі жауапты болады,- дейді мамандар.