Super User

Super User

ШЫМКЕНТТЕ ЖҮЙКЕ ЖҮЙЕСІ АУРУЛАРЫНЫҢ ПРОБЛЕМАЛАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Клиникалық неврология және психатрияның өзекті мәселелері. Дәл осы тақырып ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан халықаралық конференцияның өзегіне айналды. Ғылыми конференцияны ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас неврологы Сәуле Тұрысбекова ашты.

Шымкент қаласы мен Түркістан облысына қарасты аурухана, емхана дәрігерлерінің, ОҚМА оқытушылары мен студенттерінің басын қосқан ғылыми конференцияға Түркия, Ресей, Ұлыбритания елдерінің невролог, невропатолог, эпилептолог, нейрохирург дәрігер-ғалымдары арнайы шақырылыпты.

— Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы дәстүрлі түрде ғылыми конференцияларды ұйымдастырып келеді. Биыл клиникалық неврология кафедрасының жетекшілігімен халықаралық конференция өтіп жатыр. Ғылыми конференция барысында алыс-жақын шетелдерден неврология саласының жетекші ғалымдары келді. Біз бұл басқосу арқылы неврология ғылымын жан-жақты дамытып, оны емдеу ісіндегі жаңалықтарды бөлісіп, дәрігерлердің, ғалымдардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік беріп отырмыз, - дейді ОҚМА ректоры, медицина ғылымдарының докторы Мырзабек Рысбеков.

Шетелдік дәрігерлер 8 қарашада Түркістан қаласында болып, дәрігерлік қабылдау өткізген. Ресейлік дәрігер-генетик, невролог, нейрофизиолог,м.ғ.к Сергей Курбатов пен ұлыбританиялық невролог, нейрогенетик, профессор Генри Холден жүйке жүйесі ауруларына шалдыққан науқастарды қарап, оларға дәрігерлік кеңестерін берген. Сондай-ақ, қабылдаудан соң, Түркістан облысы мен қаласының дәрігерлерімен кездесіп, өзара тәжірибе алмасты.

Дәрігерлер 9 қарашада Шымкенттегі Түркістан облыстық ауруханасының базасында бас қосып, жергілікті дәрігерлерге шеберлік сабақтарын өтті. Сонымен қатар, диспансерлік есепте тұратын науқастармен кездесіп, оларға дәрігерлік кеңестерін берді.

— Бүгінгі ғылыми конференцияға шақырту алғаным үшін қуаныштымын. Түркия мен Қазақстан – бауырлас елдер. Медицина саласы бойынша да бір-бірімізбен бөлісетін жаңалықтарымыз көп. Тәжірибе алмасу арқылы ғылыми медицинаның дамуына үлкен үлес қосып, науқастарды емдеудің тиімді әрі оңтайлы әдісін бөлісеміз деген ойдамын, - дейді түркиялық невролог-эпилептолог, профессор Жидем Өзкара.

Айта кетейік, конференцияда неврология, нейрохирургия бойынша ғылыми баяндамалар оқылып, жас ғалымдардың ғылыми жұмыстары мен зерттеулері таныстырылды. Сондай-ақ, ғылыми конференция аясында жүйке жүйесі ауруларының түрлеріне қарай дәрігерлер секцияларға бөлініп, салалық тәжірибелерімен бөлісті. Ал, жүйке жүйесін емдеуге арналған дәрілік препараттар өндіретін еліміздің және шетелдік фармкомпанирялардың өкілдері көрмеге қатысып, өз өнімдерін таныстырды.

 

ШЫМКЕНТТЕ АЛҒАШҚЫ ЯДРОЛЫҚ МЕДИЦИНА ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Шымкентте «MIG QAZAQSTAN» ядролық медицина орталығы ашылды. Инвесторлардың қаржыландыруымен ашылған бұл орталық заманауи технологиялық аппараттардың көмегімен қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтап, науқастарға дер кезінде сапалы медициналық көмек көрсетеді.

Жиынға Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов, жоба инвесторы «Алмалы» холдингі бас директорының орынбасары Б.Сапаров қатысып, ядролық медицина орталығының мүмкіндіктерімен танысты.

— Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде «МедИнвестГрупп Қазақстан» ЖШС-нің қолдауымен жүзеге асты. Мемлекет тарапынан орталық ғимаратын тұрғызуға қаржы қарастырылып, өзге жұмыстар инвестордың қаржысына атқарылды. Қаламыздағы бұл орталық республикадағы үшінші ірі орталыққа айналмақ. Орталықта онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтап ғана қоймай, науқастарға заманауи ем-дом жасауға мүмкіндік туып отыр. Әсіресе, сәулемен емдеуге арналған соңғы үлгідегі жабдық алынды. Бұл республикада ғана емес, Орта Азияда бірінші болып Шымкентте орнатылып отыр. Геосаяси және пандемия жағдайларына байланысты орталықтың ашылуы 4 айға кешікті. Десек те, инвесторлардың қажырлы еңбегі үшін алғысымды білдіремін. Бір аптаның ішінде 22 кісі ем алып үлгерді. Сондай-ақ, қызметкерлер арнайы біліктілік арттыру курстарынан өтті, - деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Мамандардың айтуынша, жоба аясында радиофармпрепараттардың кеңейтілген желісін және онкологиялық ауруларды емдеуге арналған жоғары дәлдіктегі радиология орталығын пайдалана отырып, радионуклидтік диагностика орталығын құру көзделіп отыр.

— Шымкентте ядролық медицина орталығы ашылып, мұнда Siemens компаниясының компьютерлік томографиямен біріктірілген позитронды-эмиссиялық томография (ПЭТ/КТ) аппараты орнатылды. Бұл құрылғы шымкенттіктерге тереңдетілген диагностика жасауға мүмкіндік береді. Мәселен, ПЭТ/КТ аппараты орнатылғанға дейін біз науқастарды Алматы, Астана қалаларына жолдама негізінде жіберіп отырдық. 2022 жылдың 10 айында 240 науқастың жолға шығуына тура келді. Құрылғы күніне 20 адамға диагностика жасай алады. Яғни, бұл Шымкентті толық қамтамасыз ете алады. Себебі, айына ПЭТ/КТ көмегіне 20-30 кісі жүгініп келген. Бұл бізге көршілес облыс-қалалар мен көршілес мемлекеттердің де азаматтарына көмек көрсетіп, медициналық туризмді дамытуға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, бұл орталықта науқастарды сәулелі терапиямен емдеу шаралары қолға алынып отыр. Бүгінге дейін мыңға жуық науқас ем алып үлгерді. Varian фирмасының Halcyon сәулелі емдеу жүйесінің қатерлі ісікті емдеудегі көмегі зор. ПЭТ/КТ республикада 2-3 қалада болса, Halcyon сәулелі емдеу жүйесі республикада алғаш болып Шымкентте орнатылып отыр, - дейді қалалық денсаулық басқармасының басшысы Н.Асылбеков.

«MIG QAZAQSTAN» ядролық медициналық орталығының директоры Дәулет Ержановтың айтуынша, орталық жылына ПЭТ/КТ аппаратында 5 мыңға жуық азаматқа диагностика жасап, қатерлі ісікке шалдыққан 5 мыңдай науқасқа Halcyon сәулелі емдеу жүйесі арқылы көмек көрсете алады.

— Ядролық медицина орталығының ашылуы — оңтүстік өңірдің ғана емес, еліміздің медицинасын дамытуға жасаған үлкен қадамы. Әрине, халықтың аман-сау болғанын тілейміз. Өмірде түрлі жағдай болады. Орталықтағы заманауи құрылғылар қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтап, оны өзге органдарды зақымдамай, ауыртпай емдеуге арналған. Бұл еліміздің өмір сүру жасын ұзартуға да септігін тигізетіні сөзсіз. Жобаға жалпы құны 6,5 млрд теңге қаржы жұмсалды. Біз ары қарай да орталықты дамытып, оңтүстіктегі ядролық медицинаның хабына айналдыруды көздеп отырмыз, - деді Бақыт Сапаров.

Орталықтың радиологы О.Ақжолдың айтуынша, ядролық орталықтағы диагностика белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады екен.

— Әуелі, науқас дәрігерден жолдама алып, ядролық медицина орталығының қабылдауына жазылады. Одан кейін қабылдаудан 36 сағат бұрын арнайы диеталық режимді сақтай отырып, зерттеуге дайындалады. Орталыққа келіп, радиофармпрепаратты қабылдаған соң 50 минуттай дәрігердің бақылауында болып, ПЭТ/КТ аппаратына кіреді. Радиолог науқасты 20 минуттай аппаратқа түсіріп, деректерді өңдейді. Ал, дәрігер 2 тәуліктен соң ұйғарым шығарады, -дейді ол.

Айта кетейік, орталықта медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде тегін және қолжетімді зерттеулер жүргізілмек. Сондай-ақ, мамандар ерте анықталған қатерлі ісікке дер кезінде ем-дом жасаса, дерттен айығу мүмкіндігінің молая түсетінін алға тартып отыр. Яғни, орталықтағы құрылғының бірі дертті ерте анықтауға, екіншісі науқастың өзге ағзасына зиянын тигізбей, қатерлі ісікті сәуле арқылы емдеуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл еліміздегі өлім-жітімді азайтып, халықтың өмір сүру жасының ұлғаюына да септігін тигізбек.

ШЫМКЕНТ: АЛТЫНТӨБЕЛІКТЕРДІҢ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛДІ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының аясында барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындармен тұрақты түрде кездесіп, тығыз байланыста жұмыс істеуі жолға қойылған. Осыған орай Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов әр тоқсан сайын тұрғындармен кездесіп тұрады. Одан бөлек қала әкімі бірнеше рет қаладағы барлық шағын аудандар мен елді мекендерді аралап, өзекті мәселелермен танысты. Әр айдың алғашқы сәрсенбісінде қала әкімінің азаматтарды бірыңғай қабылдау күні ұйымдастырылып келеді.

Осындай кездесулер, елді мекендерді аралау мен қабылдаулар кезінде Шымкент қаласы Абай ауданы Алтынөбе тұрғын алабының тұрғындары өздері үшін маңызды бірқатар мәселелерді қозғаған болатын.

Біріншіден, алтынтөбеліктер ескірген электр желілерін ауыстыру мәселесін көтерді. Қала әкімі тиісті басқармаларға осы жұмысты «ОңтүстікЖарықТранзит» акционерлік қоғамымен бірлесіп жүргізу жөнінде тапсырма берді. Осыған орай Алтынтөбедегі жалпы ұзындығы 9,5 шақырымды құрайтын 11 көшенің электр бағаналары мен электр желілерін және 3 трансформаторды жаңарту бойынша жұмыстар қолға алынды. Бүгінде бұл жұмыстың 90 пайызы атқарылған. Жыл соңына дейін толық аяқталады деп күтілуде.

Мұнан бөлек Алтынтөбе ауыл округіне өткен жылдың соңында табиғи газ құбырлары тартылып, көгілдір отын жеткізілген. Алайда, наурыз айындағы кездесу барысында тұрғындар қала әкіміне газ құбыры жеткізілгенімен, оған тұрғын үйлерді қосу жұмыстары баяу жүріп жатқанын айтып шағымданған болатын. Осыған орай қала әкімі бұл жұмысты жеделдету жөнінде тапсырма берді. Наурыз айына дейін 55 тұрғын үй газға қосылған болса, одан беріде тағы да 134 тұрғын үйге газ кіргізілген. Қалған 24 үй газға қосылу үшін техникалық шарт алуда.

Сонымен қатар тұрғындар Алтынтөбені газдандыру барысында бірқатар тұрғын үйлердің жобаға енбей қалғанын айтты. Мұрат Дүйсенбекұлы аталған үйлерді табиғи газға қосу үшін жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу жөнінде тапсырма берген. Бүгінгі таңда ЖСҚ әзірлейтін жобалаушы компанияны анықтау үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп жатыр. Жыл соңына дейін жобалық-сметалық құжаттар жасалып, 2023 жылы жобаға енбей қалған тұрғын үйлерді газбен қамту үшін құрылыс жұмыстары жүргізіледі.

 

ШЫМКЕНТТІК ДӘРІГЕРЛЕР ЛИТВАЛЫҚ МАМАНДАРМЕН ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ

Медицина қызметкерлерінің біліктілігін, білім деңгейін және практикалық дағдыларын арттыру мақсатында Шымкент қаласына бір топ Литвалық дәрігерлер келді. Тәжірибе алмасу жұмыстары кезінде медицина мамандары қалалық перинаталдық орталық базасында кәсіби біліктілігін шыңдады.

Шеберлік сабағына қаладағы медицина ұйымдарынан 50-ге жуық маман қатысты. Тренингті өткізу үшін Каунас қаласынан халықаралық деңгейдегі мамандар, профессорлар, магистрден тұратын Литва денсаулық ғылымдары университетінен мамандар бригадасы арнайы шақыртылған. Нақтырақ айтқанда, профессор, акушер-гинеколог Томас Биржетис; неонатолог, профессор Далья Стонене, анестезиолог-реаниматолог Сергей Истигечев, акушер -Данголе Качкаускене; неонаталдық медбике, клиникалық күтім магистрі Юлия Старик.

Өзге елден келген білікті мамандар бір аптаға жуық жүкті әйелдер мен жаңа туған шақалақтарға медициналық көмек көрсету әдістері бойынша біліктіліктерімен бөлісті.

Шет елдік мамандардың қатысуымен өткен шеберлік сабағында теориялық біліммен қатар симуляциялық манекендерде практикалық дағдылар да пысықталды. Оқыту жұмыстарын ұйымдастырған мамандардың сөзінше, мұндай шеберлік сабағы жүкті әйелдерге және жаңа туған нәрестелерге дер кезінде шұғыл акушерлік, неонаталдық, реанимациялық көмек көрсету сапасын арттырып, ана мен бала өлімін азайтуға зор септігін тигізеді.

«Литвалық дәрігердің үйрету әдісінің ерекшелегі- олар теория мен практиканы дұрыс ұштастыра біледі. Мәселен екі сағат теория оқытса, сол оқытқан теория сабағы бойынша практика жүзінде шеберлік сабағын өткізеді. Биыл Шымкент қаласы әкімідігі тарапынан медицина мамандарын оқыту үшін 36 млн қаражат бөлінді . Жыл басынан бері 10 мыңға жуық медицина маманы кәсіби біліктілігін шыңдады. Мәселен, 800 маман жергілікті бюджет есебінен оқытылса, қалғандары емдеу және аурухана есебінен оқытылған. Менің ойымша, мұндай оқыту жұмыстары қаладағы мседицина қызмет сапасын жақсартып, мамандардың кәсіби біліктілігін шыңдауға зор мүмкіндік береді»-дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асылбеков Нұрлыбек.

Осы RSS каналға жазылу