Super User

Super User

МИНИСТР ШЫМКЕНТТІҢ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖҰМЫСЫНА ОҢ БАҒАСЫН БЕРДІ

Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келген ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Жастар ресурстық орталығының жұмысымен танысты.

Қазір Шымкент қаласында 248 178 жас бар. Бұл мегаполис халқының 20,7 пайызын құрайды. Жастарға ақпараттық қолдау мен бағыт-бағдар беруде Жастар ресурстық орталығының алар орны айрықша. Қаладан шалғайда орналасқан елді мекендердегі жастарды орталыққа жұмылдыру мақсатында 2021 жылы Шымкент қаласы әкімінің бастамасымен 4 ауданда Жастар орталығының филиалы ашылды. Осы орталықтар күніне 800-ге жуық жасқа қызмет көрсетеді.

Жастарға арналған орталықтың ұйымдастыру жұмысына оң бағасын берген Дархан Қуандықұлы мемлекет тарапынан әрбір жастың тың жобасын қолдауға дайын екенін айтып, әділетті Қазақстанды құруда жастардың қоғамдағы белсенділігі маңызды екенін жеткізді.

–Шымкент қаласының әкімдігі жастарға көп жағдай жасағанының куәсі болып отырмын. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, елдің дамуына арналған кез келген тың жобаларыңызды ұсынып, бар ынтамен еңбек етуге, ізденуге шақырамын. Әділетті Қазақстанды құруда сіздердің де белсенділіктеріңіз өте маңызды, -деді ол.

Жастар ресурстық орталығымен 10-нан астам волонтер ұйымы, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында 4 мыңнан астам белсенді ерікті тығыз байланыста жұмыс істейді. Министрдің сөзінше, Мемлекет басшысы 2020 жылды «Волонтер жылы» деп жариялауында үлкен мән жатыр. Өйткені ерікті болу халқымызда ежелден қалыптасқан үрдіс.

–Ерікті болу, ізгі бастамаларға қолдау көрсету, қайырымдылық істерге атсалысу қазақ халқының қанына сіңген қасиет. «Шымкент –қайырымды қала» деп аталуы да тегін емес. Қайырымдылық тек кітапта жазылатын дүние емес, әр қазақтың жан-дүниесінде бар ұғым. Ерікті болуға талпынған жастарға қолдау көрсету де біздің міндетіміз, - деді Дархан Қыдырәлі.

ШЫМКЕНТТЕГІ АБАЙ АУДАНЫНДА 500-ГЕ ЖУЫҚ ТҰРҒЫНҒА «ЗАҢ КЕРУЕНІ» АЯСЫНДА ЗАҢГЕРЛІК КЕҢЕС БЕРІЛДІ

Шымкент қаласында кезекті «Заң керуені» акциясы Абай ауданында өтті. Республикалық акция шеңберінде Шымкент қаласы прокурорының бірінші орынбасары Нұржан Сейдалиев, Абай ауданының прокуроры Жасұлан Әділбайұлы, аудан әкімі Бұхарбай Парманов және көшпелі мобильді топ өкілдері тұрғындардың мәселесін тыңдап, құқықтық және заңгерлік кеңестерін берді.

– Бүгін халықпен тікелей кездесу барысында қоғамдағы өзекті мәселелерді азаматтардың өз аузынан естіп жатырмыз. Тұрғындар жерді заңдастыру, әлеуметтік төлем, құрылыс, қоғамдық көлік және тағы да басқа салаларға қатысты өзекті мәселелерін жеткізуде. Заңсыздықтар орын алып жатқан болса, осында жиналған құзырлы органдар мен мемлекеттік мекеме өкілдерімен бірлесе мәселені шұғыл шешуге мүмкіндік бар. Кейбір азаматтарға заң талаптары жөнінде түсіндіріліп, құқықтық кеңестер беріліп жатыр, - деді қала прокурорының бірінші орынбасары.

«Заң керуені» акциясы 4 қараша күні өз мәресіне жеткен болатын. Абай ауданында акция барысында 500-ге жуық тұрғынға заңгерлік, құқықтың кеңес беріліпті. Осы іс-шара барысында шешімін таппаған мәселелер Шымкент қаласы прократурасының бақылауына алынып, зерделеу жұмысы жүргізіліп, тиісті шаралар қолданылады.

Сонымен қатар Шымкент қаласы прокуротурасында азаматтарды қабылдау орталығы тұрақты түрде жұмыс істейді. Кез келген азамат осы орталыққа барып, кезекші прокурорға өзінің талап-тілектері мен шағымын жеткізе алады. Қала прокуроры мен орынбасарлары бекітілген кесте негізінде азаматтарды күнделікті қабылдауға дайын.

Сондай-ақ, шара Әл-Фараби ауданының да аумағында өткен болатын. Әл-Фарабиауданыаумағындамемлекеттікқұзырлыорганөкілдеріненбесжұмысшытопқұрылып, шалғайелдімекендердіңбарлығынқамтып, бүгінорталыққаойысты.

 

ШЫМКЕНТТЕ ШАНИН ҰРПАҚТАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Шымкентте қазақтың ұлттық кәсіби театрының негізін қалаушылардың бірі, қоғам қайраткері, режиссер, драматург Жұмат Шаниннің 130 жылдық мерейтойы өтті. Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының бастамасымен шымкенттің зиялы қауым өкілдері Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында ұлы тұлғаның ұрпақтарымен кездесті.

Салтанатты жиын Жұмат Шаниннің театрдағы тырнақалды туындыларының бірі «Арқалық батыр» пьесасының үзіндісімен басталды. М.Әуезов атындағы ОҚУ «Мәдениет және өнер» факультетінің студенттері қысқа ғана көрініспен ел тарихынан сыр шертіп, қазақ батырларының болмысын паш етті.

Мерейтойға Жұмат Шаниннің немерелері — режиссер Болат Қасымханұлы мен Жанат Қасымханқызы, Қазақстан театрлары ассоциациясының вице-президенті, Астана музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров, театртанушы, Өнертану ғылымының магистрі Айзат Қадырәлиева арнайы келіп, ұлы толғаның өмір жолы мен қазақ театр өнеріне сіңірген еңбегі жайлы тың деректермен бөлісті.

— Атамыздың есімін еске салып, оның бейнесін тірілтіп, сахнаға әкелгендеріңіз үшін Шымкент қалалық Жұмат Шанин атындағы драма театрының ұжымына, драматург Сая Қасымбекке алғысымызды білдіреміз. Жұмат Шаниннің қаламынан туған көптеген пьесалар болған. Алайда, оның қолда барын жинақ етіп құрастырғанымен, әлі де табылмай жүрген шығармалары бар. Мәселен, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» пьесасына дейін атамыздың «Қозы Көрпеш-Баян» атты пьесасы болғанын архив құжаттарынан білдік. Сондай-ақ, «Батыр Баян» туындысы да табылмай отыр, - деді Болат Шанин.

Астана музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров Жұмат Шаниннің қазақ театр өнерін дамытудағы ерен еңбегіне тоқталды.

—Жұмат Шаниннің өзінің еңбектерінде қазақ этнографиясын, фольклорын қосып, ұлттық нақышта сахналап отырды. Мұның барлығы оның дала мәдениетін бойына бала күнінен сіңіруінде жатыр. Қоянды жәрмеңкесі — ең алғашқы дала театры. Бала күнінен жәрмеңкеден қалмай, қазақ өнерімен сусындап, ұлы дала академиктерінің көзін көрді десек болады. Сәкен Сейфуллин, Бекмұхаммед Серкебаевтармен бірге Омбыда білім алды. Ал, Омбыдағы қалыптасқан өнер ортасы Жұмат Шаниннің рухани өсуіне сеп болды. Оның өнердегі музасы — Жанбике Шанина. Қазақ сахнасында ұлттық аспаптарда ән шырқап жүрген қыздарымыз болғанымен, театр сахнасында жоқ еді. Шанин қазақ театрының негізін қалау үшін жары Жанбикені сахнаға шығарды. Қазақтан шыққан тұңғыш театр актрисасы Жанбикенің есімін ұлықтап, жаңғырту үшін еліміздегі өнер институттарының студент қыздарын «Жанбикенің жалғастары» сынды арнайы сапарға алып шығып, олар жүрген жолмен жүріп, еңбектерімен таныстырсақ, - деп Асхат Максимұлы өз ұсынысын білдірді.

Ұлы тұлғаның немересі Жанат Қасымханқызы архив деректеріне сүйене отырып, әлі де ел ішінде бұрмаланып келе жатқан тың мәліметтерді бөлісті. Ал, театртанушы Айзат Қадыралиева еліміздегі ұлы тұлғалардың есімімен аталатын театрлардың ешбірі сол азаматтардың туындыларын театр репертуарына қосып, сахналамай жүргенін сынға алды.

Жиын соңында кеш қонақтары мен зиялы қауым өкілдері, студенттер Ж.Шаниннің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

 

ШЫМКЕНТ: «ҚОЖА АХМЕТ ЯССАУИ ҺӘМ ИХСАН ІЛІМІНІҢ» САБАҚТАСТЫҒЫ ТАЛҚЫҒА ТҮСТІ

Шымкент қаласында «Қожа Ахмет Яссауи һәм ихсан ілімі» тақырыбында халықаралық ғылыми-танымдық конференция өтті. Жиынға ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, дін саласының қызметкерлері және ғалымдар қатысты. Іс-шарада Қожа Ахмет Яссауи ілімі мен ихсан ілімінің сабақтастығы, ұлы бабамыздың хикметтері туралы тағылымды ойлар айтылды.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қазақстан мен Орта Азиядағы сопылық мектебінің көрнекті өкілі, ғұлама Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың қазақ халқының рухани тарихындағы айрықша орнына тоқталып өтті.

– Ахмет Яссауи сопылық жолды ұстанып, дінді насихаттау барысында айтқан өлеңдер жинағын «Диуани Хикмет» деп атады. Ол адамгершілік пен имандылықты ту етіп, бүкіл күш-қайратын ізгілік жолына арнап, ақиқатты жырлады. Бүкіл түркі жұртын татулыққа, тазалыққа үндеді. Ислам дінінің өлмейтін-өшпейтін құндылықтарын дәріптеді. Қожа Ахмет Яссауи сопылық мектептің түркілік дәстүріне даңғыл жол салды. Сопылық әдебиет ұстанымдарын көне түркі тілінде сөйлетті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірнеше жылдан бері еліміздегі мұсылман жамағатына ихсан ілімін дәріптеп келеді. Сайып келгенде, біздің мақсатымыз – дәстүрімізбен біте қайнасқан дінімізді, әдет-ғұрпымызды дәріптеп, жастарды бабалар салған сара жолмен жүруге үндеу, – деді Бас мүфти.

Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жиынның Шымкент қаласында ұйымдастырылуының маңызы зор екенін айтты. Яссауи бабамыздың түркі халықтары арасында, оның ішінде қазақ даласында Ислам дінін таратуы, халықтың психологиясы мен рухани өрісін толықтыра отырып Ислам дінінің құндылықтарын дәріптеуі жайында ойларын ортаға салды.

Қала әкімінің бірінші орынбасары ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкіл имамы Бақдәулет Әбдірахмановқа «Ерен еңбегі үшін» орденін табыс етті.

Сондай-ақ, жиында Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары Ибрахим Иномов, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары Абибилла қажы Қыдырбердиев, Қ.Яссауи атындағы ХҚТУ теология факультетінің деканы, профессор Досай Кенжетай баяндама жасады.

 

Осы RSS каналға жазылу