Super User

Super User

ШЫМКЕНТТЕ АЛҒАШ РЕТ МӘЙІТ ДОНОРЛЫҒЫМЕН БАУЫРҒА ОПЕРАЦИЯ ЖАСАЛДЫ

Денсаулық сақтау – қоғамның әлеуметтік өмірінің ең маңызды саласы. Елімізде Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде денсаулық сақтау саласы жетілдіріліп, жаңадан аурухана мен емханалар салынды, заманауи жабдықтармен қамтылу көрсеткіші өсті, дәрігерлер шет елде тәжірибе алмасты. Соның ішінде отандық медицинаның қол жеткізген жетістіктерінің бірі – транспланталогия саласы қарқынды дамыды. Ал Шымкентте ағза алмастыру отасы алғаш рет 2013 жылы қолға алынды. Міне, содан бері, республикадағы маңызды үшінші қалада трансплантация қызметі жақсы дамып келеді. Қазір шетел асып не Алматы мен Астанаға барудың қаажеті жоқ. Ота жасайтын дәрігерлер де, донор да Шымкенттен табылады.

Шымкенттегі №1 қалалық клиникалық ауруханада алғаш рет мәйіт донорлығымен бауырға трансплантация жасалды. Операция 6 сағатқа созылған.

Бауырын алмастырған науқас бес жылдан бері созылмалы бауыр циррозымен есепте тұрған. Қазір оның жағдайы жақсы, реанимациядан палатаға ауыстырылды.

“Мұндай операция оңтүстік өңірінде алғаш рет жасалып отыр. Марқұмның туыстары мәйіт донорлығына заңды түрде келісімін берген. 16-қараша күні түнгі сағат төртте отаны бастадық. Мәйіт донорының өзге де ағзаларын Астана мен Астана қаласындағы емдеу мекемелерінің мамандары санавиациямен әкетті. Операциядан кейін төртінші тәулікте науқас өздігінен тұрып жүр. Жағдайы жақсы. Негізінде мәйіт донорлығынан операция сирек жасалады, оның үстіне дүние жүзінде донор тапшы. Шымкентте ағза алмастыру операциясы 2013 жылдан бері қолға алынған. Бүгінге дейін 191 бүйрек, 30 бауыр трансплантациясы жасалды.”-дейді дәрігерлер.

Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, қалада жыл басынан бері түрлі науқастарға 477 жоғары технологиялық ота жүргізілген. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда екі есеге көп. 2022 жылы медицина мекемелеріне 7 жаңа жабдық сатып алынды. Бұл жоғары технологиялық медициналық қызметтер қатарын көбейтіп, күрделі оталарды жасауға мүмкіндік берген.

ШАҺАР АУМАҒЫНДА ЖОЛҒА ҚАТЫСТЫ 190 НЫСАНДА ОРТАША ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Биыл Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан жол-көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кептелістерді азайту, жалпы қаламыздағы жол жабындысы жағдайын жақсарту мақсатында шаһар аумағында 190 нысанда құрылыс жұмыстарын жүргізуде.

Оның ішінде: Рысқұлов-Қонаев қиылысындағы көпір құрылысы аяқталды.

Бәйдібек би-Арғынбеков қиылысындағы жолайрық құрылысы, Қонаев даңғылының 1,2,3,5,6 кезеңдері, Оңтүстік, Шығыс айналма жолы, Самал-1,2,3 кезеңдері, Өтегенов көшесінің 1,2 кезеңі жол құрылыстары қарқын алған.

Шымкентте де соңғы жылдары жолайрыққа қатысты бірнеше жоба жүзеге асырылуда.

Соның бірі – Бәйдібек би даңғылы мен Ұлан Арғынбеков көшесінің қиылысындағы жолайрық құрылысы. Бұл жоба 2021 жылы басталды. Жобаға сәйкес, жолайрық үш деңгейден тұрады. Арғынбеков көшесі арқылы қозғалыс төменгі деңгеймен, Бәйдібек би даңғылындағы қозғалыс жоғарғы деңгеймен жүрсе, ортаңғы деңгейде оң жақ бұрылыстар мен сақиналы жол орналасады.

Жалпы, екі ірі магистралды жолдың қиылысындағы жолайрық құрылысы үшінші мегаполис тұрғындары мен көлік жүргізушілері үшін маңызды нысан саналады. Себебі, Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесі – қаланың оңтүстігі мен солтүстігін, батысы мен шығысын жалғастыратын негізгі магистралды күре жол.

Жоба нәтижесінде осы көшелердегі көлік өткізу ауқымы артады. Мысалы, 2016 жылы жүргізілген зерттеулерге сәйкес, осы қиылыстағы Бәйдібек би даңғылы арқылы қозғалыс жиілігі тәулігіне 24,3 мың көлікті құраса, 2019 жылы 33,4 мың автокөлікке көбейген. Ал Арғынбеков көшесімен 2016 жылы тәулігіне 22,6 мың көлік жүрсе, 2019 жылы бұл көрсеткіш 31,9 мыңға көбейген.

Мамандардың есебінше, жолайрық пайдалануға берілген соң Бәйдібек би даңғылы арқылы қозғалыс жиілігі тәулігіне 60 мың көлікке, ал Арғынбеков көшесі арқылы 55,6 мың көлікке көбейеді. Жоспар бойынша нысан 2023 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілмек.

Ал магистралды және ішкі орам көшелері жалпы саны 167 нысан (308 көше) орташа жөндеуден өтуде.

Қазіргі уақытта орташа жөндеу жұмыстары 163 нысанда (303 көше) жүргізіліп, тұрғындар игілігі үшін пайдалануға берілді. Атап атқанда магистралды Республика д, Рысқұлов, Іляев, Тәшенов, Ақназар хан, К.Цеткин, Жолан батыр, Дулати, Мангелдин, Тоқаев көшелері жөнделді.

Ағымдағы жылы күрделі жөндеу жұмыстары 3 нысанда жүргізілуде. Атап айтқанда, Ақжайық, Тассай, Азат, Нұртас шағын аудандары аумағындағы жалпы 17 көше жолдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Қошқар ата өзенінен өтетін Кремлёвская және Атасу көшелеріндегі 2 көпір күрделі жөндеу жұмыстарынан өтіп, көпірлер ел игілігіне пайдалануға берілді.

Сонымен қатар биыл қала аумағындағы шағын аудандар мен тұрғын алаптардағы 122,7 шақырым жолға шағал тас төселді.

ШЫМКЕНТ: «TEṄ QOḠAM» ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ 8 МЫҢНАН АСТАМ МҮГЕДЕКТІГІ БАР АЗАМАТҚА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТТІ

Шымкентте мүгедектігі бар әрекетке қабілетті азаматтарға ақпараттық-консультациялық, әлеуметтік, құқықтық және психологиялық қолдау көрсететін “Тең қоғам” орталығы жұмыс істейді.

Әлеуметтік мекемеде мүгедектігі бар азаматтар бос уақытын тиімді пайдалана алады және компьютерлік сауаттылығын ашуға мол мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ мұнда арнайы жабдықталған 300-ге тарта кітап қоры бар. Зағиптарға арналған оқу машинасы және Брайль әліпбиі негізінде жазылған көркем шығармалар жинағы да топтастырылған.

Келушілерге аталған қызметтерді жүзеге асыруға арнайы мамандар жәрдем көрсетеді. Қызмет алушылардың өмірлік белсенділіктерін арттыру үшін шахмат, тоғызқұмалақ сынды ұлттық зияткерлік ойын түрлерін үйренуге барлық жағдай жасалған.

Орталық 2021 жылы іске қосылған «Әлеуметтік порталмен» қолдану жолдарын үйретеді және «Инватакси» мен «Әлеуметтік таксиге» қатысты барлық ақпаратты ұсына отырып, «Бір терезе» қағидасымен 5 бағытта қызмет көрсетуде. Мәселен, әлеуметтік такси қызметіне 791 адам жүгінсе, 1045 азамат санаторий-курорттық емделуге жолдама алған, ал 564 адам инватакси қызметін пайдаланған. Жалпы жыл басынан бері 8216 мүгедектігі бар азаматқа қызмет көрсетілген.

Осындай санаттағы тіркелгендер саны Шымкентте 38 775 құрайды. Оларға қолайлы жағдай жасау, жайлы орта құру, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға көмек көрсету үшін мемлекет тарапынан қарқынды шаралар жүргізілуде.

Орталық Ж.Аймауытов көшесі, 130 ғимаратта орналасқан.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың желтоқсан айында Шымкент қаласында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қала өміріне белсене араласуына мүмкіндік жасау және оларға көрсетілетін қызмет түрлерін қолжетімді ету мақсатында «Ten qogam» әлеуметтік қолдау орталығы ашлған еді.

ӘЛЕМДІК РОБОТОТЕХНИКА ОЛИМПИАДАСЫНДА ШЫМКЕНТТІК ОҚУШЫЛАР ТОП ЖАРДЫ

 

Биыл WRO-2022 робототехника олимпиадасына ел атынан 11 команда жолдама алған болатын. Айтудф дода  Германияның Дортмунд қаласында өтті. Бүкіләлемдік робототехника олимпиадасында еліміздің оқушылары 2-орынға ие болды.

Жарыста шымкенттік Ж. Жабаев атындағы №26 мектеп пен №9 IT-лицейінің оқушылары Иманғали Мыңжасар мен Бибарыс Михаш зеректігімен ерекшеленіп, жеңімпаз атанды.

World Robot Olympiad (WRO) 2004 жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл алғашқы іріктеуден дүние жүзі бойынша 15000 команда қатысса, доданың финалдық кезеңіне 73 елден 365 команда жолдама алған болатын.

Айтып өтейік, Шымкент қаласының білім беру мекемелерінде 127 робототехника кабинеті бар, бұл шаһардағы білім ошақтарының 84,1%-ын құрайды.

Соңғы жылдары робототехниканы үйренуге бұл саланы меңгеруге арналған үйірмелерге деген сұраныс көбейіп келеді. Мемлекеттік мектептерге робототехниканы оқытуға арналған қымбат құрал-жабдықтарды сатып алуға қаражат табу қиын. Алайда, жекеменшік білім ордалары бұл мәселенің шешімін біртіндеп тауып жатыр. Ата-аналар өз балаларын IT, инженерия және робототехника секілді мамандықтарға балаларын оқытқысы келеді. Бүгінгі таңда жекеменшік мектептер осы салаларды дамыту жолдарын іздеп жатыр.Заманауи балалар инженерия мен IT саласына қызғушылығы басым, ал робототехника сабақтарына қатты қызығады.  Робототехника үйірмелерімен айналысатын балалар әр түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысады. Балалар үшін бұл үлкен тәжірибе, өзін-өзі көрсету тәсілі де, жаңа достар мен жаңа идеялармен алмасу алаңы. Қазақстандық мектеп оқушыларының әлемдік аренадағы жетістіктері бар. Солардың бірі Robotek робототехника мектебінің оқушылары 3 рет әлемдік ареналарда қатысып, Қазақстанның атағын әлемге танытып жүр. Бүкіләлемдік роботтар олимпиадасы (World Robot Olympiad) 2018 жылы Тайландта 120 команданың арасында 18 орын иеленсе, 2019 жылы Венгрия мемлекетінде 115 команданың ішінен 11 орынға табан тіреді. Сонымен бірге АҚШ-та Хьюстон қаласында болған First Lego League 2022 жарысында 100-ден астам ел қатысып, солардың арасынан 25 орын алды. Биыл елдің командасы WRO 2022 олимпиадасында екінші орын алды.

 

Осы RSS каналға жазылу