Super User

Super User

ШЫМКЕНТТІКТЕР СЕНБІЛІККЕ ШЫҚТЫ

Шымкентте жалпы қалалық сенбілік өтті. Сенбілік қаладағы 4 ауданды да қамтыды.  

Абай ауданы бойынша тазалық жұмыстары жүргізіліп, Шымкент-Ташкент тас жолының бойына 2,2 шақырымға биіктігі 150-170 см құрайтын 2 мыңнан аса терек көшеттері егілді.

Айтып өтейік, қазан айында Жаңа әуежай терминалына барар жолдың бойына 353 арша ағашы мен 82 қырым қарағайы және Нұршуақ шағын ауданындағы Әл-Фараби көшесіне 200 қарағай көшеттері егілген болатын.

Қазіргі уақытта тал егу жұмыстарымен қатар, көп қабатты тұрғын үй аулаларындағы қоқыс алаңшаларының айналасы да қоқыстардан тазартылды. Бұл жұмыстарға "Build Stroi" ЖШС 7 жүк тиегіш (погрузчик) техникасы мен 12 жүк көлігін жұмылдырды.

Абай ауданында 258 аула мен 453 көп қабатты тұрғын үй орналасқан. Аталған үйлердің тұрғындарына арналып 112 қоқыс алаңшасымен 485 қоқыс контейнерлері бар.

ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫНДА ӨТКЕН СЕНБІЛІКТЕ 600-ГЕ ЖУЫҚ КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

Әл-Фараби ауданында өткен сенбілікте Бәйдібек би-Төлеметов көшелерінің қиылысына 550 түп қара ағаш және айланд ағаш көшеттері отырғызылды.

Сенбілікке Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері, қалалық «Жастар ресурстық орталығының» жастары, «Интерстрой НС», «Жасыл Ел» ЖШС жұмысшылары қатысып, қаланың жасылдануына 200-ге жуық адам атсалысты.

ҚАРАТАУ АУДАНЫНДА 4000 ТЕРЕК АҒАШЫ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

Сенбілік жұмыстары Қаратау ауданында да жалғасты.

Сенбілікте “Мирас”шағын ауданында орналасқан “Шымсая” шатқалына Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының ұйымдастыруымен 4000-ға жуық терек ағашының көшеттері отырғызылды.

Тазалық жұмыстарына коммуналдық мекемелер, ассамблея жастары және басқарма мамандарымен қоса, жалпы 300 адам қатысты. Қосымша 3 техника жұмылдырылды.

ЕҢБЕКШІДЕ ЖАЛПЫ АУДАНДЫҚ СЕНБІЛІК ӨТТІ

Еңбекші ауданының түрғындары да сенбіліктен қалыс қалған жоқ. Сенбілік 1- автожол бойында өткізіліп, сенбілікке Қаратөбе, Базарқақпа, Шаңырақ тұрғын алаптары аумағын қамтыды.

Тазалық жұмыстарына Жастар көшесінің тұрғындары және Еңбекші ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері мен "Жастар ресурстық орталығының" волонтерлары қатысып, 1785 дана ағаш көшеттерін отырғызды.

Сенбілікке жалпы саны 375 адам қатысып, 6 техника жұмылдырылды.     

ШЫМКЕНТТЕ “ЭТНО ШЫМКЕНТ” ФЕСТИВАЛІ ӨТУДЕ

Шымкент қаласының туристік әлеуетін арттыру үшін Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы, «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен «Shym Qala» этно ауылында «Этно Шымкент» фестивалі өтуде. 

Фестиваль аясында алдымен «Ұлы Жібек жолы» керуені жүріп өтіп, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі мен жергілікті өнерпаздар ұлттық нақыштағы әндерден шашу шашты. «Tary», «Jeti tandyr», «Bro Shashlyk», «MaxPLOV» - келушілерге ұлттық және шығыс тағамдары дайындалды. Одан өзге, ұлттық киімдер көрсетілімі, ұлттық тағамдардың әзірлену жолы көрсетілді. Қаланың жергілікті қолөнершілері, театр әртістері мен суретшілері де өз жұмыстарын ұсынып отыр.

Іс шараның мақсаты - қала тұрғындары мен қонақтарына тарихи деректерге сүйене отырып, «Жібек жолы» бойындағы көне Шымкент қаласының атмосферасын, тұрмыс-салтын көрсету. 

Іс-шара барысында қолөнер, кәдесый бұйымдарын жасау, ұлттық тағамдар бойынша шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, кешкі уақытта от, барабан және лазерлік шоудың ұмытылмас қойылымы болады. Сондай-ақ "Тұран" этнофольклорлық ансамблінің концерттік бағдарламасын тамашалауға болады. 

“Алдағы уақытта да қаламыздың терең тарихы мен мәдениетімізді ұштастыра көрсететін осындай игі шараларды дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл іс-шара арқылы біз қаламыздың танымалдылығын арттырып, әрі халыққа есте қаларлықтай әсер сыйлауды ниет етті”,- деді басқарма басшысы Е.Қыдыров.

Жалпы, бүгінде Шымкенттің тарихи, мәдени орындарына саяхаттау мақсатында түрлі туристік маршруттар әзірленіп, олар жайлы ақпарат беретін гид-экскурсоводтар қызметі ұйымдастырылған және туристік автобустар жолға қойылған. 

Соңғы 9 айда экспресс көрсеткіш бойынша Шымкент қаласына 350 мыңға жуық адам турист келсе, оның 25 мыңнан астамы шетелдіктер. 

Ұйымдастырушылар осындай іс шараларды көптеп ұйымдастырудың арқасында шаһарға келушілердің санын 400 мыңға жеткіземіз деп отыр.

 

ШЫМКЕНТТІҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ КҮН САНАП АРТЫП КЕЛЕДІ

Шымкентте келесі жылдан бастап жылына 80 мың тонна түйіршіктелген полипропилен өндіретін жаңа зауыттың құрылысы басталмақ. Нәтижесінде 250 азамат жұмыспен қамтылады. Жобаның жалпы құны 38 млрд. теңгені құрайды. Бұл туралы бүгін қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен өткен инвестициялық штаб отырысында айтылды.

Шаһар басшысы үшінші мегаполистің импортқа тәуелділігін азайтып, экспортты көбейту бағытында инвестиция тартуды жалғастыра беретінін, сол арқылы жаңадан ашылған жұмыс орындарының қатары көптеп артанын жеткізді.

Жауапты басқарма басшылары, аудан әкімдері мен инвесторлар басқосқан жиында жалпы 7 жаңа жобаның таныстырылымы өтті.

Түркиялық «Stars Cosmetics»ЖШС басшысы Абдулхаким Мухаммадмуса

«Оңтүстік» индустриалды аймақтан сұйық сабын өндірісін ашуды көздейді. 1,5 млрд теңгені құрайтын инвест жобаның қуаттылығы жылына 3 мың тонна өнім болмақ. 2023 жылы жүзеге асырылатын жоба нәтижесінде 30 адам жұмыспен қамтылады.

Түркиялық «Milat Hali» ЖШС басшысы Искандер Каплан «Оңтүстік» индустриалды аймағынан 2,5 га жерге кілем өндіретін зауыт құрылысын салуды ұсынды. Жобаның жалпы құны 4,5 млрд. теңгені құрайтын бұл жоба жылына 5 млн кв/м кілем өндіруді көздейді. Аталған жоба арқылы жұмыссыз жүрген 100-ге жуық азамат тұрақты жұмыс табатын болады.

«Элмехмонтаж» ЖШС басшысы Қанатбеков Ержан құрылысқа арналған газоблоктар шығаратын зауыттың жобасын ұсынды. Жылына 60 мың м3 блок шығаратын қуатты өндіріс ошағын «Жұлдыз » индустриалды аймағынан салуды жоспарлауда. Жобаның құны 500 млн теңге болмақ. Нысан құрылысы 2023 жылы салынып, сәтті жүзеге асса 20 азамат жұмыспен қамтылатын болады.

Штаб отырысында бұдан басқа құрамалы контейнер өндіретін, терезе рамаларын жасап шығаратын және сантехникалық мебельдер мен архитектуралық формалар өндіретін инвестициялық жобалар қаралды. Аталған 3 жоба да жүзеге асса қаламызға тағы да қосымша 1 200 млн теңге инвестиция тартылып, 75 жұмыс орны ашылатын болады.

Мұрат Дүйсенбекұлы ZOOM бейнеконференциялық байланыс арқылы жобалардың әрбірімен жеке танысып, мемлекеттік қолдау түрлері мен қаланың жоғары мүмкіндіктерін айтып, барлығын зерделеу үшін жетекші сала басшыларына тапсырма берді.

 

ОРТА АЗИЯДА ТЕҢДЕСІ ЖОҚ ҚҰРЫЛҒЫ АЛҒАШ РЕТ ШЫМКЕНТТЕГІ ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚҚА ОРНАТЫЛДЫ

Шымкент қалалық онкологиялық орталыққа ПЭТ/КТ аппараты орнатылды. Ашылу салтанатына шаһар басшысы Мұрат Әйтенов арнайы қатысып, құрылғының жұмысымен танысты.

Ядролық медицина орталығында жоғары технологиялық медицина қызметін көрсететін аппараттар орнатылған.

“ Varian Halcyon” -қондырғысы арқылы науқастарға сәулелік терапия емі жүргізіледі. Мұндай құрылғы Өзбекстан, Тәджікістан, Қырғыстан сынды елдерде жоқтың қасы. Орта Азияда теңдесі жоқ құрылғы Қазақстанда алғаш рет Шымкент қаласындағы онкологиялық орталыққа орнатылды.

Айта кетейік, ПЭТ/КТ - бұл компьютерлік томографиямен біріктірілген позитронды-эмиссиялық томография. Басқаша айтқанда, глюкоза негізінде радиофармпрепараттардың көмегімен онкологиялық аурулар мен бас миының ауруларына дәл диагностика жасауға мүмкіндік беретін аппарат.

Қатерлі ісіктің бастапқы пайда болу сатысын анықтауға және патологиялық процессті басқа әдістерге қарағанда ертерек білуге септігін тигізетін соны жабдық. Дәрігерлер заманауи құрылғының көмегімен обыр ауруларының ошағын дәл тауып, пациенттердің емдік шараларын дер кезінде бастауға мүмкіндігіміз көбеймек деп қуанды.

Ал қала басшысы ядролық медициналық кластер үшінші мегаполистің медициналық туризмін жетілдіретін бірден-бір тетік екенін айтып өтті.

- Өйткені біз Шымкент қаласына ғана емес, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарының халықтарына қызмет көрсете аламыз… Ата заңымыздың басты құндылығы халқымыздың денсаулығы екенін ескерсек, атқарып жатқан іс шаралар өмірдің талабы. Қымбат тұратын медициналық қызметтің бұл түрі енді жергілікті халыққа қолжетімді болады”,-деді М.Әйтенов.

Айта кету керек, биыл Шымкент қаласы әкімідігі тарапынан медицина мамандарын оқыту үшін 36 млн қаражат бөлінді. Жыл басынан бері 10 мыңға жуық медицина маманы кәсіби біліктілігін шыңдады. Мәселен, 800 маман жергілікті бюджет есебінен оқыса, қалғандары емдеу және аурухана есебінен оқыды.

Осы RSS каналға жазылу