Бейсенбі, 27 Қазан 2022 20:27

Сауран ауданының тарихы жайлы кітаптың тұсауы кесілді

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Бүгін Сауран ауданында жағымды жаңалықтың куәсі болдық. Тарқатып айтар болсақ, «Сауран ауданының тарихи мәдени құндылықтары мен туристік әлеуеті және тілге қатысты кейбір мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.

Шараға аудан әкімі Ғани Рысбеков, аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Ж.Бекмұрзаев, Түркістан облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі, «Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы Б.Бейсембаев, ауданның зиялы қауымы тағы да басқа қонақтар қатысты.

Аталмыш жинақ үстіміздегі жылдың сәуір айының 14-ші жұлдызында ұйымдастырылған «Сауран ауданының тарихи мәдени құндылықтары мен туристік әлеуеті және тілге қатысты кейбір мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциядағы еңбектері енгізілді.

Бұл кітапқа конференциядағы баяндамалар мен ғылыми мақалалар Сауран ауданының тарихы мен мәдени мұраларына, ішкі туризмді дамыту жолдарына, сонымен қатар тілге қатысты кейбір мәселелер мен ономастика саласы бағытындағы материалдар қамтылып, жинақталған. Жинақ тарихшыларға, өлкетанушыларға, тіл, филология, шығыстану, мәдениеттану, туризм, музей және мәдениет саласының мамандары мен студенттеріне сондай-ақ, көпшілік қауымға арналып отыр.

Сауран ауданының құрылу тарихына аз-кем тоқталып өтсек. Биыл наурыз айының 12-сі күні мемлекет басшысы Түркістан облысында жаңадан тағы бір аудан – Сауран ауданын құру туралы тиісті Жарлыққа қол қойған болатын. Сауран ауданының әкімшілік орталығы болып – Шорнақ ауылы таңдап алынды. Кентау қаласының құрамынан Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтері шығарылып, Сауран ауданына өткенін білеміз. Жарлықтың толық мәтіні мынадай:

Түркістан облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Түркістан облысының құрамында әкімшілік орталығы Шорнақ ауылында орналасатын Сауран ауданы әкімшілік-аумақтық бірлігі Кентау қаласының құрамынан Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтерін бөлу жолымен құрылсын.

2. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықтың 1-тармағын іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын.

3. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев

Нұр-Сұлтан, Ақорда. 2021 жылғы 12 наурыз № 534

Ал енді жалпы Сауран атауының тарихы туралы айтар болсақ, ортағасырлық Сауран қаласының Дала мәдениеті мен Орталық Азия қалаларының мәдениеті түйіскен жерде орналасқан «сауда-саттық айлағы» әрі Жібек Жолы бойындағы маңызды торап ретінде Қазақстан тарихында алар орны ерекше. Сауран – іргетасы VІІ ғасырдан бастау алып өсіп өркендеген. ХІІ ғасырда ірі сауда орталығы болған. Жаңақорғанның оңтүстік шығысында 58-60 шақырым жерде орналасқан, орта ғасырдағы қалалардың бірі. Биіктігі 6 метр қабырғамен қоршалған қалашықтың аумағы солтүстік шығыстан оңтүстік батысқа қарай 800 метр. Солтүстік батыстан оңтүстік шығысқа қарай 500 метр, ал мәдени қабатының биіктігі 2 мтерді құрайды. Тарихшылардың сөзінше, Сауран туралы алғашқы деректер 10-ғасырдағы еңбектерде кездеседі. Ол кезде Сауран Сырдария алабындағы маңызды стратегиялық және сауда орталығы ретінде белгілі болған. Шыңғысхан шапқыншылығы кезінде 1219 жылы қаланы ұлы қағанның ұлы Жошы хан басып алады. Жошы ханның қанды қырғынынан қаншама зардап шеккенімен қала тез арада қайта гүлдеп, көркейіп ірі сауда орталығына айналады. 

ХІІІ-ғасырдың орта шенінде Сауран Ақ Орданың астанасы болды. ХІV-ғасырдың аяғында қаланы Әмір Темір әскери қамалға айналдырған. Үлкен мешіті болып, ислам дінінің қазақ даласына тарауына ықпал еткен. ХVІ-ғасырда Сауран мұнаралы биік дуалдармен қоршалған үлкен қала болған. Оның ірі-ірі құрылыстарының ішінен замандастары «шайқалмалы минаретті» және қала мен оның айналасын сумен қамтамасыз еткен кәріздерді – жердің астынан салынған каналды ерекше атаған. Сауран ХVІІ-ғасырдың аяғы мен ХVІІІ-ғасырдың басында әлсіреп, ХІХ-ғасырдың басында біржолата күйреген. Қазіргі кезде Сауран қабырғалары мен мұнараларының қалдықтары бар, ауданы 550 – 800 м дөңгелек алаң. Қаланың ішіне қақпа арқылы кіруге болады. Қаланы қоршаған дуалдың сырт жағында көптеген каналдардың іздері сақталған. Жүргізілген зерттеу жұмыстары қаланың VІІ – ХVІІІ ғасырларға жататынын дәлелдейді. 

Орта ғасырда Сырдария өзенінің ортаңғы ағысындағы аймақты Түркістан өлкесі деп атаған. Сол өлкенің аса гүлденген қалаларының бірі Сауран еді. Ертеректегі деректерде Сауранның жеті қатар қорғаныс қабырғасы бар деп айтады. Дешті-Қыпшақ даласы мен егіншілікпен айналысқан өлкенің қақ ортасында орналасқан шаһар дала халқы мен қала тұрғындарын байланыстырған, сауда-саттық орталығы болған. Арабтың географы әл-Магдиси: «Сауран (Савран) – үлкен шаһар, ол бірінен соң бірі салынған жеті қабырғамен қоршалған. Рабаты бар, мешіті ішкі шаһарда орналасқан. Ол оғыздар мен қыпшақтардан қорғауға арналған шекаралық шаһар» деп жазған. Ұзақ уақыт аралығында шаһар Қазақстанның оңтүстігіндегі сауда мен қолөнерінің ірі орталығы болып, мәдени дамудың бесігіне айналды. Шыңғыс ханның шапқыншылығы жайлы жазылған деректерде Сауранның аты аталмайды. Бірақ ХІІІ ғасырда Сырдария арқылы өткен армян патшасы Гетум қаланы Савран деп, Сығанақ (Сгнах), Қарашық (Харачук), Иасы (Асон) қалаларымен бірге атап жазған. Ғалымдардың пайымдауынша, моңғол шапқыншылығынан кейін қала орнын ауыстырып, басқа жерден салынған. ХІІІ ғасырға дейінгі Сауранның орны қазіргі Қаратөбе қала жұрты. Онда жүргізілген зерттеу жұмыстары қалашық бірнеше қорғаныс қабырғасымен қоршалғанын анықтаған. Қазба материалдары қаланың тіршілігі моңғол шапқыншылығынан кейін тоқтағанын көрсетеді. Оның есесіне жаңа қаланың орны Қаратөбеден солтүстікке қарай үш шақырым жердегі кең жазықтан бой көтерген. 

Сауран қаласы ХІV ғасырда Ақ Орданың құрамына кіріп, бір кездері оның бас қаласы да болған. 1320 жылы қайтыс болған Ақ Орданың билеушісі Сасы Бұқа осы қалада жерленді. Оның ұлы Ерзен Сауран, Отырар, Жент және Баршынкент қалаларында медресе, мешіт, ханака секілді қайырымдылық мекемелерін салдырды. Шаһар саяси және экономикалық орталық ретінде өзінің маңызын кейінгі жүзжылдықта да жоғалтқан жоқ. Сауран үшін өзбектер мен Қазақ хандары арасында қаншама қанды шайқастар өткен. Қазақ хандығының құрамына шаһар толығымен ХVІ ғасырдың соңында өтіп, оның басты қалаларының біріне айналды. Дегенмен Сауран бұған дейін де белгілі бір уақыт аралығында қазақтардың билеуіне өтіп тұрды. Мысалы, қазақтың алғашқы хандарының бірі, Жәнібектің ұлы Жиренше хан ХV ғасырдың 80 жылдарында шаһарда бірнеше жыл билік құрған. 

Деректерде Сығанақ пен Сауранның маңында тонаушылықпен айналысып жүрген Мұхаммед Шайбанидің әскери тобын Сауранның билеушісі Жиренше ханның жасақтары талқандағаны жайлы айтылады. Ашық даладағы жазық жерге салынған осы шаһардың тамаша табиғаты мен жаныңды жадыратар тұнық ауасы, оны айнала қоршай салынған алып қорғаныс қабырғалары жайлы көптеген жылнамашылар жазған. Шаһар Қазақ хандығының құрамына толықтай өткеннен кейін ерекше көркейіп, ірі рухани орталыққа айналады. Сол кезде қаншама мешіт, медреселер салынған. Сондай керемет құрылыстардың бірі қос мұнаралы медресе мен жұма мешіті жайлы ХVІ ғасырда бір жылға жуық Сауранда тұрған ақын-жазушы Уәсифи қызыға жазған. Шаһарды сумен қамтамасыз ету әлемде сирек кездесетін суландыру тәсілі «кәріздер» арқылы жүргізілген. Уәсифидің айтуынша осы суландыру жүйесін шаһарға мұсылман әулиелерінің бірі Мір Араб сыйға тартқан. Басын шаһардан 7 шақырым жерден алатын осы кәрізді каналды салуға 200 үнді құлдары пайдаланылған. Сол әулиенің есімі осы күнгі Саураннан солтүстікке қарай 6-7 шақырым жердегі Міртөбе бекінісінің қираған орнында қалған. Әлгі кәріздердің басы да сол маңнан басталады.

Көне шаһардағы ірі құрылыстардың арасында «шайқалмалы минаретті» сондай-ақ шаһарды ауыз сумен қамтамасыз еткен кәріздері – жердің астынан салынған канал ерекше көзге түседі. Археологиялық зерттеулер кезінде Уәсифи жазған медресе мен кәріз құбырларының орындары табылды. Сондай-ақ шаһарда болған жұма және айт мешіттерінің қалдықтары қазылып, олардың сақталған бөліктерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қазба кезінде шаһардың бас қақпасы мен оның сыртынан қазылған орға салынған аспалы көпірдің тұғырлары табылды. Қорғаныс қабырғасын қоршай қазылған терең ордың ішіне кезінде су жіберілген. Арнайы салынған қазба 48 қатар қаланған кірпішпен нығайтылған терең ордың тереңдігі үш метрден астам екендігін көрсетті. Қаланы қоршаған жаудың талай жауынгерлері осы ормен қабырғаны ала алмай жер құшқан. Қазба жұмыстары кезінде қабырғаға қадалған және ордың ішіне құлаған жебенің темір ұштары көп табылады. Қабырға бұзғыш қондырғылардың домалақ тас оқтары мен орға құлап өлген жау әскерінің қурап қалған қаңқалары да кездесіп жатады. Қазіргі кезде осы аспалы көпір мен қала ішіндегі мешіт пен медресе, құдық пен шығыс моншасы, шаһардың орнындағы көне ғимараттарды қалпына келтіріп, туристер көретін музей жасау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

 

Оқылды 648 рет