Жиында ғалымдардың, тарихшылардың баяндамалары тыңдалып, саяси-қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстарының барысы, бірқатар мәселелер айтылды. Іс-шараға саяси-қуғын сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелері, зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, жастар қатысты.
«Қазақстандағы аштық пен саяси қуғын-сүргін зардаптары» тақырыбында баяндама жасаған заң ғылымдарының докторы, профессор Бекет Тұрғараев әлі де атқарылар жұмыстар ауқымды екенін айтты. Оның сөзінше, 2022-2023 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия көптеген ауқымды жұмыстар жүргізген. Мемлекеттік комиссия тарапынан жүргізілген жұмыстардың барлығы халықаралық стандарттар мен құқықтық нормаларға, құндылықтарға сәйкес іске асырылды.
– Мемлекеттік комиссия аясында жұмыс істеген заңгер, ғалымдар қуғын-сүргін мен ақтау үрдістерін зерттеуде жаңа тұжырымдамалар мен қорытындылар әзірленді. Нақты айтқанда қазақ ұлты өкілдерінің азамат ретінде, қазақ халқының құқықтары мен мүдделерін қорғаушы ретінде де қатарынан екі рет қуғын-сүргінге ұшырағанын дәлелдеді. Қуғын-сүргін тақырыбы төңірегінде әлі де толықтай зерттелмеген мәселелер бар. Ендігі ретте ауылдардың сандары мен таңбаларының өзгерістерге ұшырауы, кейбір ауылдардың жойылуы, діни халықтық көтерілістер, саяси-қуғын сүргінге ұшыраған отбасылар, әйелдер, балалар секілді іргелі құндылықтар әлі де зерттелуі қажет. Ақтау ісін жалғасыру ұлттық санаға келгенде өте маңызды іс, – дейді Б.Тұрғараев.
Шымкент қаласында өңірлік комиссияның 9 тобы қарқынды жұмыс жүргізуде. Дәстүрлі дін өкілдерін ақтау жөніндегі бағыттың жетекшісі Гүлмира Серікбаева жиында атқарылған жұмыстардан хабардар етті.
Іс-шара барысында Алаш зиялылары жайында деректі фильм көрсетілді. Сондай-ақ, бірқатар ғалымдар, тарихшылар тарапынан ұсыныстар айтылды.