Әр аптаның бейсенбі күндері өтетін тазалық жұмыстарына түрлі деңгейдегі мәслихаттардағы партияның фракция мүшелері, өңірлік, аудандық, қалалық партия филиалдарының қызметкерлері, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері, қатардағы партияластар қатысып, ең ластанған аймақтарда санитарлық тазалық жұмыстарын атқарып келеді.
Тұрақты негізде, апта сайын ұйымдастырылатын акцияның өтетін аймақтары алдын-ала белгіленіп, әр науқанға кемі 100 адамнан қатыстырып, қоғамдастықтың экологиялық санасын қалыптастыруға, туған жердің табиғатын аялап, күтіп-ұстау мәдениетін көтеруге басымдық берілді. Түркістан облысы бойынша, партияның ұйытқы болуымен «Таза бейсенбі» акциясы өтетін 242 нүкте белгіленді. Бұл аймақтар аудан, қалалардағы ең көп ластанған нүктелер санатына жатады.
Акцияның бірінші науқаны аясында партияның өңірлік филиалының қызметкерлері Түркістан қалалық партия филиалымен және Түркістан қалалық мәлихатындағы партиялық фракция депутаттарымен бірлесе Түркістан қаласындағы магистралды темір жолдың бойын экологиялық тазарту акциясына қытысты. Аманаттық өкілдер бей-берекет шашылған қоқысты жинап, аймақтың таза кейіпін қалпына келтіруге жәрдемін көрсетті. Айналада тұратын тұрғындарға қазақ руханиятының алтын бесігі болған шаһарды күтіп-ұстау бүкіл түркістандықтар бірлесе атқаратын абыройлы міндет екені түсіндіріліп, жасырын келіп осы аумаққа күл-қоқыс төгетін көліктерді байқайтын болса, лезде учаскелік полиция инспекторына хабар беру керектігі ескертілді.
Акцияның осы аптадағы науқаны барысында Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылы тұсындағы Арыс өзені бойында санитарлық тазалықты қамту жұмыстары жүргізілді. Барлығы 200-ден астам азаматтың басын қосқан науқанға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, Түркістан облыстық мәслихатына Ордабасы ауданынан сайланған депутат Ғани Райымбеков, Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев қатысып, көрікті келбеті бар өлкенің тазалығын сақтауға үлестерін қосты.
Айта кету керек, аманаттық өкілдер тазалық жүргізген аумақ қарқынды көлік ағыны өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі бойындағы Арыс өзені үстінен өтетін өткелдің тұсында орналасқан. Аптап ыстықта өзен жағалауына түсіп, тал-теректің қою көлеңкесінде бір сәт аялдап, демалатын жолаушылардың саны көп. Өкініштісі, арнайы қоқыс жәшіктері орнатылған болсада, әр талдың түбіне босаған шөлмектерін лақтырып, қалдықтарын шашып кететін замандастарымыздың қатары азаяр емес.
«AMANAT» партиясы осы науқанды өткізу арқылы қоғамда экологиялық сана мен мәдениетті тәрбиелеуді маңызды міндет деп белгілейді және барша отандастарымызды бүгін мен болашаққа арналған игі істі қолдауға шақырады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде 2021-2025 жылдары республиканың орман алқаптарында 2 млрд және қалалар мен елді мекендер аумағына 15 млн ағаш көшеттерін отырғызу тапсырылған. Осыған байланысты 5 жыл ішінде Түркістан облысында орман қорына тиесілі 110 210 га алқапқа 170 млн көшет отырғызу бойынша кешенді жоспар бекітілген. Былтыр Түркістан облысындағы орман алқабының 20 300 гектар жеріне 32 миллионнан аса көшет егілген.
Осы тұста айта кетер болсақ, Түркістан қаласының микроклиматын жақсарту мақсатында өңірде 2019 жылы сол кездегі облыс әкімінің бастамасымен «Жасыл белдеу» құрылған болатын. Бүгінгі таңда «Жасыл белдеудегі» жұмыстар қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының орман шаруашылық мекемелері және «Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесі көшет отырғызу, жасыл желекті суару, күтіп баптау жұмыстарын атқарып жатыр. Облыс әкімдігі мен ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бірлескен «Кешенді жоспар» аясында тиісті жұмыстар жүргізіліп, ауқымды шара 5 жылда жүзеге асады.
Облыстың орман тұқымбақтарының көлемі екі есеге ұлғайып, онда әр жылы 35-40 млн әртүрлі ағаш көшеттері өсіріледі. Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында ұйымдастырылған «Сексеуілді сақтайық» республикалық ақпараттық науқанның аясында бұдан біраз бұрын Түркістанда арт-инсталляция ашылғанын да болатын. Құмды шөлдің қорғаны, «шөл даланың падишасы» атанған сексеуілді қорғау, сақтау, оны пайдалануға тыйым салу төңірегіндегі мәселелелер осыдан бірнеше жыл бұрын Түркістан облысы әкімінің сол кездегі орынбасары Ұлан Тәжібаев пен БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времиш қатысқан басқосуда да көтерілген-ді.
Шөлейтті дала құм көшкінін «кісендеп» ұстайтын, ұлан-ғайыр адырлардың топырағын эрозиядан сақтап, дауылдардан қорғайтын сексеуілдің басым бөлігі Отырар, Созақ, Шардара аудандарында өседі. Сексеуіл алқаптарын ұлғайту мақсатында әр жылы 11 400 га, оның ішінде 900 га сексеуілді көшеттерімен егу және 10500 га тұқымынан себу арқылы мәдени екпе алқаптарын құру жұмыстары жоспарланып, мерзімінде атқарылуда.
Түркістан облысында 3 млн 131 мың гектар орман қоры жерлері бар, оның 50 % -дан астамы орманмен көмкерілген. Өткен жылы орманды молайту шаралары бойынша 11 610 гектар жерге мәдени орман екпелерін жүргізу жоспарланып, толығымен орындалды. ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында Республика аумағында экологиялық ахуалды жақсарту үшін 2 млрд ағаш көшеттерін отырғызу тапсырылған болатын. Осыған орай биыл Түркістан облысында 30 млн дана тал егіледі деп жоспарланып отыр.
Түркістан қаласының экологиялық ахуалын жақсарту және тұрақтандыру мақсатында қала айналасынан 2019-2023 жылдары 7700 гектар аумаққа «Жасыл белдеу» құру жоспарланып, қазіргі таңда бес жылға жоспарланған меже артығымен орындалды. Дәл осы тұста әр талды егіп, баптаудың оңай соқпайтынын атап өткен жөн. Түркістан облысының климатына байланысты көшеттердің жерсінуі 50 % -дан аспайды. Өзге өңірлерде 70% төңірегінде. Су тапшылығы кезең-кезеңмен шешілуде. Әр тал жеке-жеке суарылады. Алда облыс орталығының айналысындағы 20 мың гектар аумаққа жасыл белдеу қалыптасатын болады.
Облыс көлемінде 5 жылда 110 210 гектар жерге 170 млн. ағаш көшеттерін отырғызу бойынша Кешенді жоспар бекітіліп, жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде. Облыс әкімдігіне қарасты орман шаруашылығы мекемелеріндегі 21 питомникте бүгінде 8,6 млн. аса әртүрлі ағаш көшеттері өсірілуде. Олардың санын 30 млн-нан асыру жоспарланған.
Еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағындағы сексеуіл екпелерінде ағаш кесудің барлық түріне 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін тыйым салынған болатын. Осыған байланысты, сексеуілді заңсыз кесу оқиғаларын тоқтату мен сауда орындарында сатылуының алдын алу барысында орман шаруашылығы мекемелері, аумақтық инспекция, Түркістан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы мен облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің табиғат қорғау полиция қызметкерлерімен халық арасында түсіндірме жұмыстары мен қатар рейдтік шаралар ұйымдастырып, тұрақты түрде жұмыстар атқарылғанын айта кетейік.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат