Сейсенбі, 26 Қараша 2024 21:52

Шымкент: Мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа алгоритімі іске қосылды

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметке іріктеу мен конкурс өткізу процесін жаңғыртудың пилоттық жобасын бастады.

Жаңа әдіс ағымдағы жылдың шілде айынан бастап Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде қолданылуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы» тақырыбында өткен  баспасөз конференциясында айтылды.

Іріктеу және конкурс өткізу процестері толықтай цифрландырылды және https://eqyzmet.gov.kz сыртқы интернет-порталы арқылы жүргізіледі. Бұл жаңашылдықтардың басты артықшылығы – ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету.

Ерекшеліктер:

1. Әңгімелесуге дейінгі іріктеу электронды түрде өтеді.

2. Онлайн әңгімелесу: Үміткерлер комиссиямен қашықтан сұхбаттасады.

3. Үшінші тараптың қатысуы: Комиссия құрамында сырттан шақырылған тәуелсіз сарапшы болады, ол сұрақ қоюға және баға беруге тең дәрежеде қатысады.

4. Теңсіздікті жою: Комиссия мүшелері үміткерге өзара ықпал ете алмайды, себебі бағалау жеке-жеке және автоматтандырылған жүйе арқылы жүргізіледі.

5. Сұрақтардың икемділігі: Сұрақтар алдын ала бекітілмейді, комиссия мүшелері үміткердің жеке және кәсіби құзыреттерін анықтау үшін еркін сипаттағы сұрақтар қоя алады.

6. Сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл: Әңгімелесу жазбалары жүйеде сақталады, бұл процестің ашықтығын арттырады.

Жаңа әдіс мемлекеттік қызметке үміткерлер арасында ашық бәсекелестік орнатуға ықпал етеді және кадрларды іріктеуде заманауи технологиялық шешімдердің тиімділігін көрсетеді.

Пилоттық жоба сәтті жүзеге асса, жаңа алгоритм Қазақстанның басқа өңірлеріне де таратылады деп күтілуде.

Жиын барысында Қазақстанда санитариялық-эпидемиологиялық саланың мамандарына арналған сертификат беру талаптарының да жаңартылғаны айтылды. Бұл жаңашылдық мамандардың біліктілігін арттыруға және қоғам денсаулығын қорғау саласындағы қызмет сапасын жақсартуға бағытталған.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің (ҚР ДСМ) бұйрығына сәйкес, мамандарды сертификаттау электрондық форматта жүзеге асырылады. 

Қызметтер "электрондық үкімет" порталы арқылы (www.egov.kz, www.elicense.kz) көрсетіледі.

1. Құжаттарды тапсыру: Сертификат алу үшін жеке тұлғалар қажетті құжаттарды портал арқылы ұсынады.

2. Тексеру процесі: Құжаттардың толықтығы мен жарамдылығы екі жұмыс күні ішінде тексеріледі.

3. Сертификат беру: Барлық талаптарға сай құжат тапсырылған жағдайда, сертификат беру рәсімі бес жұмыс күні ішінде аяқталады.

4. Біліктілікті арттыру: Мамандығы бойынша 5 жылдан астам үзіліс жасаған мамандар үшін кемінде 180 сағаттық біліктілікті арттыру курстарынан өту міндетті.

Мамандардың кәсіптік даярлығы білім мен дағдыларды бағалау жөніндегі арнайы ұйымдарда тексеріледі. Бағалау қорытындысы оң болған жағдайда ғана сертификат беріледі.

Бұл өзгерістер санитариялық-эпидемиологиялық қызмет сапасын арттырып, қоғам денсаулығын сақтау саласында жоғары стандарттарды қамтамасыз етуді көздейді.

 

Оқылды 95 рет