Раушан Жантөреқызының айтуынша, ол бастапқыда жемістерді күн мен желге кептірген. Алайда мұндай тәсілдің санитарлық талаптарға сай келмейтінін түсінген соң, кәсіби жабдықтар сатып алуды мақсат еткен. Интернеттен жемістерді сақтау үшін химиялық қоспалардың қолданылатыны туралы бейнематериалдар көргеннен кейін, табиғи әрі қауіпсіз өнімдерге сұраныстың жоғары екенін сезініп, бизнес-идеяны дамытуды қолға алады.
– «Балаларым үшін өнімнің қайдан және қалай жасалатыны маңызды. Сол себепті өзім базардан жеміс алып, оларды табиғи жолмен өңдей бастадым. Бірақ үй жағдайындағы кептірудің қиындығын көріп, бизнес-жоба құрып, мемлекеттен қолдау алуды шештім», – дейді Раушан.
Осылайша, Еңбек.кз порталы арқылы грантқа өтінім беріп, комиссия алдында жобасын сәтті қорғаған. Алған қаржыға 48 сөрелік кептіру құрылғысын сатып алып, отбасылық бизнесін бастаған.
Қазір Раушанның өнімдері әлеуметтік желілер арқылы сатылуда. Табиғи кептірілген жемістер мен чипстер тек балаларға арналған дәмді тағам ғана емес, ересектер арасында иммунитетті нығайтатын дәруменді шәй ретінде танымал болып отыр.
– «Балаларға арналған табиғи чипстер, ал үлкендерге дәруменге бай шәй ретінде өнімдерімізге сұраныс өте жоғары. Бұл тек бизнес қана емес, отбасылық тәрбиенің де негізі: балаларым жұмысыма көмектесіп, еңбектің берекесін сезініп жатыр», – дейді кәсіпкер ана.