Қала көшелерінде қаңғырып жүрген 3 бастан жоғары ит ауланып, арнайы орынға жеткізілуі керек. Ветеринар мамандар жануарларды тексеріп, шешім шығарады. Эвтаназияға жібереді, яғни препараттармен жансыздандырады немесе вакцина егіліп, кастрация жасалады. Әрі қарай ол жануарларды чиптеу, ұсталған жеріне қайта апару керек.
«Арнайы ксилозин деген сияқты препараттарды пайдалану арқылы жүргізіп жатырмыз. Ал 4-күн кастрация, стерилизацияға жіберілген ит, мысықтар өткізілгеннен кейін еркек жануарлар 7 күндік, ал ұрғашылары 15 күндік күтіп-ұстаудан өткізіледі, заң талабы бойынша егер олардан ешқандай агрессивті белгі, құтыру белгісі байқалмаса арнайы чип салынып, қайта мекендеу орнына жіберіледі»,-деді ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы Ерлан Әденов.
Жыл басынан бері қаңғыған ит, мысыққа шағымданып, қала тұрғындары 6 642 өтінім түсірген. Қалада қазір уақытша ит ұстау орталығы іске қосылып, жұмыс істеп жатыр. Қыркүйек айында ашылған қорықта 1000-нан аса ит басы бар.
«Күнделікті бізге I-Көмекке немесе өзіміздің парақшамызға өтінімдер өте көп. Тиісінше айтсам, күніне орта есеппен 60-қа жуық өтінім қабылдаймыз. 2022 жылы 1 наурызда жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы Заң қабылдануымен, итті ату тоқтатылған. Қазіргі таңда өзінің талаптарына сәйкес, петля дейміз, сол жұмыстарды ұйымдастыру арқылы өткіземіз. Бірақ иттің көбеюі салдарынан, бригада санын 7-ге ұлғайттық. Қазір итке қатысты жұмыстар, мәселе күн тәртібінен түспейді»,-деді ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Базарбеков.
Мамандар қолданыстағы заңнамаға сәйкес мүмкіндігінше аулау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Келіп түскен хабарламаға дер кезінде жауап беріп, қалпына келтіруге тырысады. Алайда ветеринария басқармасының қызметкерлері екінші жақтың да жауапкершілігін ескеруді өтінеді. Тұрғындар өз тарапынан заң талаптарына сәйкес, үй жануарларын уақытылы емдеу, байлап ұстау немесе қаңғыртып жібермеу мәселесін қолға алуы қажет.