Жұма, 13 Қараша 2026 16:23

Кентау қаласында «Үздік Jastar премиясы – 2026» марапаттау іс-шарасы өтті

Кентау қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен белсенділігімен, талантымен және түрлі саладағы жетістіктерімен ерекшеленіп жүрген жастарды марапаттауға арналған «Үздік Jastar премиясы – 2026» салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Салтанатты кешке Кентау қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Әбенұлы, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Арайлым Қайратқызы және Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Қарсыбай Нұрғалиқызы арнайы қонақ ретінде қатысты.

Кездесу барысында Арайлым Қайратқызы жастарға мотивациялық бағытта сөз сөйлеп, алға қойған мақсаттарына жетуге, білімін жетілдіріп, берілген мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға шақырды. Ал, Қарсыбай Нұрғалиқызы жастарды қоғамдық өмірге белсенді араласуға, заң талаптарын сақтауға, интернет-алаяқтықтан сақ болуға және алаяқтардың құрбанына айналмау үшін әрдайым қырағы болуға үндеді.

Іс-шараның жалғасы көтеріңкі көңіл күй мен ерекше атмосфераға ұласты. Қонақтар мен қатысушылар би билеп, мерекелік кештің сәнін келтірді. Сонымен қатар, Кентау колледжінің «Жайдарман» командасы әзілге толы өнерлерін ортаға салып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Кеш соңында түрлі салада үздік атанып, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып, қаланың дамуына үлес қосып жүрген жастар Кентау қаласының әкімі Тасов Жандос Қалмырзаұлының атынан алғыс хаттармен марапатталып, арнайы бағалы сыйлықтарға ие болды. «Үздік Jastar премиясы – 2026» – жастардың жетістігін бағалап қана қоймай, олардың жаңа белестерге ұмтылуына серпін беретін ерекше алаң.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 34 рет