Бейсенбі, 12 Қараша 2026 18:19

Кентау қаласында Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіру бойынша республикалық жұмыс тобының кездесуі өтті

Бүгін Кентау қаласында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының қала тұрғындарымен және №5 Жылу электр орталығының еңбек ұжымымен маңызды кездесуі өтті. Келелі жиынды қала әкімі Жандос Тасов ашып, жүргізіп отырды. Кездесудің басты мақсаты – Президент Жолдауында белгіленген стратегиялық басымдықтарды, экономикалық және әлеуметтік реформалардың мәнін халыққа кеңінен жеткізу.

Алғашқы болып сөз алған Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі Ертаев Ержан Ерболұлы Мемлекет басшысының қазіргі жаһандық кезеңді «электр энергиясы дәуірі» деп атағанына ерекше тоқталды. Ол электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету кез келген мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі мен экономикалық егемендігінің шешуші факторы екенін атап өтті. Сонымен қатар, еліміздің шикізаттық әлеуетін тұрақты энергетикалық және технологиялық прогреске айналдыру бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен ЖЭО-ларды жаңғырту мәселелері жөнінде кеңінен баяндады.

Келесі кезекте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Тұяқбаев Ербол Жоракелдіұлы Жолдауда айқындалған әлеуметтік қолдау тетіктері, еңбек адамының мәртебесін арттыру, жұмысшы мамандықтарын дамыту және еңбек саласындағы өзекті мәселелер бойынша жан-жақты ақпарат берді. Ал ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Омарбеков Бауыржан Бақытұлы Президент белгілеген міндеттерді іске асыру еліміздің экономикалық әлеуетін нығайтуға, өңірлерде жаңа мүмкіндіктер ашуға, шағын және орта бизнесті қолдауға, түптеп келгенде халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын жеткізді.

Жарыссөзге шыққан Кентау қалалық Ақсақалдар алқасының төрағасы Мұхтар Молжігітов мен қалалық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Бақытжан Аширбаев арнайы келген республикалық жұмыс тобына кентаулықтар атынан алғыс білдірді. Олар Мемлекет басшысының Жолдауы ел дамуының жаңа белесі екенін айтып, стратегиялық құжатқа толық қолдау білдіретіндерін және оны халық арасында одан әрі кеңінен насихаттау жұмыстарын жалғастыратындарын жеткізді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 28 рет