Сәрсенбі, 18 Қараша 2026 18:34

Кентау қаласында Мемлекет басшысының Жолдауы мен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасын насихаттауға арналған кездесу өтті

Кентау қаласында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауының негізгі бағыттары мен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасын кеңінен насихаттауға арналған кездесу өтті. Жиынды қала әкімінің орынбасары Бауыржан Әбенұлы жүргізді.

Кездесуге облыстық ақпараттық-насихаттық топтың мүшелері, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің доценті, PhD докторы Ермек Төленұлы Бекбосынов, Түркістан облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі Құрмет Балқыбекұлы Керімбеков, Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің аға ғылыми қызметкері Ғани Назарбек, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдарының басшылары, ауыл әкімдері, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары, қызметкерлер қатысты.

Жиын барысында Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған ел дамуының басым бағыттары, жаңа тарихи кезеңдегі міндеттер, қоғамдық-саяси жаңғыру, экономикалық даму, азаматтардың әл-ауқатын арттыру және қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру мәселелері кеңінен сөз болды.Сонымен қатар «Таза Қазақстан» жобасының маңыздылығына ерекше назар аударылды. Спикерлер қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің тазалығын сақтау, көгалдандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу және экологиялық мәдениетті қалыптастыру – барша азаматқа ортақ міндет екенін атап өтті.

Кездесу барысында қатысушыларға аталған бастамалардың мәні мен маңызы түсіндіріліп, тұрғындарды қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуға, туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне үлес қосуға шақырды. Мұндай кездесулер Мемлекет басшысы көтерген бастамалардың мазмұнын халыққа кеңінен жеткізуге, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және қоғам мен мемлекет арасындағы өзара байланысты нығайтуға бағытталған.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 32 рет