Қаланы көгалдандыру үшін облыс аудандары мен басқармалары 32 секторға бөлінген. Әр сектор 10 мыңға дейін ағаш көшеттерін отырғызып, су жүйесін орнатып, ұңғымалар қазып, насостар қоюда. Газон егіп, жаңбырлатып суару жүйесін енгізуде. Қала аумағында терек, қарағаш, шырша, шаған, арша, үйеңкі ағаштары отырғызылды. Желден қорғау мақсатында ағаш тіреуіштер орнатылып, төрт жағынан жіппен тартылды. Алда ағаштарды паспорттау басталады. Бұдан бөлек, жол бойына гүл егетін құмыралар орнатылып, жарықтандырылатын болады. Веложолдар төселіп, көшелерде жарық шамдар, қоқыс жәшіктері мен ыңғайлы орындықтар орнатылды. Бұл аумақтарда тұрақты түрде сенбілік жұмыстары жүргізілуде.
Апталық мәжілісте облыстағы су тасқыны жағдайы баяндалды. Апаттың алдын алу мақсатында жалпы төрт жыл көлемінде 71 шқ қорғаныс дамбасы, 75 шқ астам өзендердің бойында арна түзету мен жаға бекіту, 262 шқ каналдарды жөндеуден өткізіп, 430 шқ коллекторлар механикалық тазартудан өткізілді. Ақсүмбе, Бақырлы, Ащы су қоймалары күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ, Сырдария өзені бойындағы 22 елді мекенді қаматамысыз етіп отырған «Үлкен су» дабыл беру жүйесі қайта жаңғыртылды. «2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар кешені» Жол картасының жобасына 20 іс-шара енгізіліп, жағалауды нығайту, түзету жұмыстарының уақытылы аяқталуы бақылауда болады. Көктемгі су тасқынын алдын алуға қажетті құрал-жабдық қоры жасақталып, облыс аумағындағы азаматтық қорғау құрылымдарының 5 мыңнан астам жеке құрамы, 1 мыңнан астам техникасы дайындыққа келтірілген.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат