Бейсенбі, 04 Мамыр 2023 20:42

Отырар ауданында туризмнің дамуы жұмыс орындарының көптеп ашылуына қолайлы жағдай жасауда

Отырар ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановтың төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Аудан әкімінің орынбасарлары, ауыл округтерінің әкімдері, дербес бөлім басшылары және БАҚ өкілдері қатысқан жиынның күн тәртібінде төрт мәселе қаралып, талқыланды.

Жиында алдымен аудан әкімдігінің 2022-2023 жылдарға арналған бюджетінің орындалуы бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Данияр Бейсен баяндаса, аудандағы санитарлық тазалық жұмыстары туралы аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Жарасов айтып өтті.

Бүгінде Отырар ауданында халықты жұмыспен қамту жолында аудандағы туризм саласының орны ерекше. Туристердің қарасы артуына байланысты қызмет көрсету, қонақ үйлер, тамақтану орындары жыл өткен сайын көптеп ашылып, тұрақты жұмыс орындарының көбеюіне өте қомақты үлесін қосуда. Туризм саласын дамытуға байланысты көптеген жобалар да қолға алынып жатыр. Ауданның қай елді мекеніне барсаңыз да тарихтың иісі аңқиды. Қонақ өзінің киелі жерде жүргенін сезінеді.

Отырар ауданындағы тарихи-мәдени орындарға саяхаттап келушілер көп. Осыған байланысты аймаққа келген туристерге қолайлы жағдай жасай отырып, соның арқасында жұмыс орындарын ашу, халықты жұмыспен қамту, ауданның ішкі мәдениеті мен тұрғындар жайында дұрыс көзқарас қалыптастыру үшін көше тазалығын сақтап, жол бойындағы қоршаулар мен тұрғын жайларды әктеп-сырлау жұмыстарын жүргізу керек. Осы мәселеге байланысты бірқатар ауыл округтеріндегі кемшіліктер айтылып, тапсырмалар берілді.

Сондай-ақ күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі көктемгі дала жұмыстары мен суға шомылу маусымы кезіндегі азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болды. Аталған мәселелер туралы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлыбай Жүсіпов пен Отырар ауданы бойынша төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау капитаны Досжан Майлыбеков баяндады.

Бөлім мамандарының айтуынша 2023 жылы жалпы ауыл шаруашылығы өнімі көлемін арттыру мақсатында ағымдағы жылға 36 246 га егіс алқабына егіс егу жоспарлануда. Атап айтқанда, күздік бидай, дәндәк жүгері, күнбағыс, мақта, картоп, көкөніс, бақша өнімдерін егу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда егілетін егіс алқабына жыртылуға тиісті жер көлемі 29 758 га болса, оның 23 362 га яғни 78,5 пайызы орындалған. Ал, сор шаюға берілген 1350 га жер толығымен суғарылып, 343 га күздік бидай, 4 668 га жаңа жоңышқа, 75 га бақша дақылдары егілген.

Мұнан бөлек жыл сайын жаз мезгілінің басталуымен Сырдария, Арыс өзендері мен Д.Алтынбеков, «Көкмардан», Кенжалиев каналдары мен өзге де егіс алқаптарын суғаруға арналған каналдар жағалауына келіп суға шомылатын тұрғындар мен жасөспірімд балалар саны артатыны белгілі. Осы азаматтардың судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан және канал бойында тұратын ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларын қараусыз қалдыру салдарынан суда қаза болуы жағдайлары жыл сайын қайталанады. Осыған байланысты аталған мәселенің маңыздылығын айтқан аудан әкімі алдын алу шараларын ұйымдастырып, азаматтардың судағы қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ескертпе, жадынама парақшаларын тарату, су айдындары мен каналдар бойына ескертпе тақтайшалар орнату керектігін айтып, тиісті мекеме басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Ұлы Жібек жолы бойындағы руханият пен сауда орталығы болған Отырарда заман талабына сай, бәсекеге қабілетті туризм саласын дамыту және бабадан қалған мәдени-тарихи мұраларды сақтап, оларды ұтымды пайдалану мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Әсіресе, «Арыстан баб» кесенесі мен «Отырар төбе» қалажұрты қақпаларының маңына жүргізілген абаттандыру жұмыстары сонадайдан көз тартады. Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы саналатын Арыстан баб кесенесіндегі жаяу жүргіншілер жолы қалыпқа келтіріліп, саялы бақ құру үшін жасыл желек егіліп, келушілер тынығатын орындықтар қойылыпты. Ал, «Отырартөбенің» кіреберісіне қамал үлгісі, ауқымды автотұрақ салынып, жүк артқан түйе керуені мен оны бастап келе жатқан керуенбасының бейнесі сұлбаланып, көне қаланың бір қақпасы қалпына келтірілген. Дегенмен, археологиялық қазба жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.

Археологтар үйінді астындағы қала орнынан түрлі бұйымдар табылып жатқанын айтты. Жалпы, аталған екі жобаның құны 475 миллион теңгені құрайды. Сондай-ақ, біз айтқан екі негізгі нысанның дәл ортасын ала Отырар мемлекеттік қорық музейіне қарасты «Сапар» орталығы бой көтерген. Бұл орталық туристерге ауданның тарихи орындары жайлы толыққанды ақпарат ұсынып, бағыт бере алады. Тағы бір айта кетерлік жоба – келешекте осы үш нысанды жалғайтын 1,7 шақырым жол бойына сервистік қызмет көрсету нысандары, ұлттық тағамдарды дайындау және сату орындары салынбақ. Құны 615 миллион теңгені құрайтын жобаның сметалық құжаттары дайындалып, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына жолданып та қойыпты. Демек, рұқсат беріліп, қаржы бөлінсе, туристерді өзіне тартатын тағы бір маршрут пайда болмақ. 

Отырарда екі жыл бұрын ән падишасы Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына орай ашылған «Шәмші саябағы» бар. Қарақоңыр ауылында демеушілер есебінен салынған саябақта композитор қолданған заттардың түпнұсқасы қойылған музей де бар. Сонымен қатар, алдағы уақытта әлемнің екінші ұстазы Әбу-Насыр әл-Фарабидің туған жері «Оқсыз» қалажұртын абаттандыру мақсатында аяқжол, автотұрақ салынып, саялы орындықтар орналастырылып, бұл жер де туристік бағыттың біріне айналмақ.

Отырар ауданы орман-тоғайға, өзен-көлге бай аймақ болғандықтан осы табиғи ресурстарды пайдаланып, экотуризмді дамыту да жоспарланып отыр. Мәселен, Сырдария және Арыс өзендері, Шошқакөл мен Түркістан–Сырдария табиғи аймағынан аңшылар үйін салып, туристерге бүркітпен, тазымен аң аулау сияқты қызметтер ұсынылмақ. Ал, табиғат аясында демалып, балық аулау мақсатында Арыс пен Сырдария өзендері қосылған жерден «Құйған» демалыс орнын ашу жоспарда тұр. Бұл өз кезегінде жүздеген жұмыс орны пайда болады деген сөз. Бұл жобаларды іске асыратын инвесторларға жер беру, қажетті инфрақұрылым жеткізуге әкімдік тарапынан көмек көрсетілетін болады. 

Ұлылар Отаны атанған ауданда қазір 8 мыңнан астам түйе, 60 мыңдай ірі қара, 360 мыңнан аса уақ мал мен 18 мыңға жуық жылқы бар. Енді осы төрт түлік малды пайдалана отырып, туристерді мал шаруашылығымен, олардан алынатын өніммен таныстыру мақсатында туристік орындар ашып, агротуризм саласын дамыту қолға алынбақ. Оны қызықтауға келген туристерге жылқымен серуендеп, қымыз-қымыран, құрт-май дайындау процесімен танысуға мүмкіндіктер жасалады. 

Бүгінгі таңда туризмді дамытуға аудан кәсіпкерлері де атсалысып жатыр. Мәселен, Қоғам ауылының тұрғыны 50 миллион теңгеге 50 орынды қонақүй салуға кірісіпті. 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын нысан келесі жылы іске қосылмақ. Сонымен қатар, Шілік ауылының тұрғыны Төрткөл–Шәуілдір тас жолы бойынан сервистік қызмет көрсету орталығын ашпақ. Онда жанармай құю бекеті, кіші маркет, қонақүй, техникалық қызмет көрсету орындары болады деп жоспарланған. Қазіргі уақытта аудан аумағында туристерге 7 қонақүй қызмет көрсетуде. Жалпы, бұл өлкеге жыл сайын 200-300 мыңнан астам турист келетін болса, алдағы уақытта туристік нысандарды көбейту арқылы олардың санын бұдан да көбейту көзделіп отыр. Бұл жобалар өз нәтижесін берсе, аудан экономикасы да жандана түспек. Жұмыс орындары көбейіп, аудан халқының әлеуеті арта түсетіні айтпаса да түсінікті. Топырағы тарих болып сөйлейтін Отырар елінде осындай жобалар қолға алынған.

«AQ-QARA.KZ»ақпарат»

Оқылды 1388 рет