Сәрсенбі, 27 Қыркүйек 2023 20:42

Сауран ауданында Еңбек адамдарына құрмет көрсетілді

Сауран ауданында Еңбек күні мерекесі салтанатты түрде аталып өтті. Аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев тұрғындарды мерекемен құттықтап, бірқатар еңбекте бағы жанған азаматтарға құрмет көрсетті.

Бұл – мемлекетіміздің тұрақты дамуына жасампаз ісімен үлес қосып келе жатқан нағыз еңбекқор жандарды ұлықтауға арналған маңызды мереке. Олар туған елдің жарқын болашағы үшін күн сайын тынбай еңбек етіп, отаншылдықтың озық үлгісін көрсетіп жүр. Президент Қ. Тоқаев бұл мерекенің маңыздылығын осылай айқындады. Шын мәнінде бұл мейрам еңбек мәдениетінің ұмыт болған дәстүрлерін жаңғыртуға бағытталған, әрі жас ұрпақты еңбекті бағалауға тәрбиелейді.

- «Еңбек - өмір мәні» десек, бұл мереке адал еңбегімен еліміздің дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген баршаңызға деген құрметтің көрінісі. Әр салада кәсіби біліктілік пен мамандыққа адалдықтың шынайы үлгісін көрсетіп жүрген сіздердің ерен еңбектеріңіз қандай құрметке болса да лайық. Еліміздің өркендеуіне арнаған еңбек ардагерлеріне, аға буынның тәлімгерлік жолын жалғап ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген азаматтарымызға зор ризашылығымды білдіремін! Баршаңызды осы мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын, – деді аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев.

Шара барысында аудандық апдагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов еңбек ардагерлерін марапаттап, жылы лебізін білдірді. Еңбек адамдарының құрметіне мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, мерекелік көңіл күй сыйлады.

Өздеріңіз білетіндей, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсіби маманның қадірін білу керек екенін, еңбекқор адам мемлекетті дамытатынын баса айтты. «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс.  Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде бәсекеге қабілетті болуы керек. Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етіп жатыр. Олар біздің елде де өте жақсы табыс тауып жүр. Дәл осындай жандардан үлгі алу керек. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Иә, еңбек – қашан да қадірлі. «Адамды адам еткен – еңбек» деген қағиданы былай қойғанда, еңбексіз нәпақа, күнкөріс жоқ. Кеңестік қоғамда «Коммунизм құрылысшысының моральдік кодексі» деген болды. Онда алдымен еңбек бірінші орынға қойылып, еңбек адамының құқығы басты назарға алынды. Рас, еңбек пен еңбек адамы қазір де билік назарында. Бірақ бұл жолы «Еңбек» деген анықтаманың орнын «шағын және орта бизнес» деген ұғым басты. Нақты еңбектің өзіне деген ұғым, түсінік, қоғамдық пікір өзгерді. Қазір еңбектің «сауда-сат­тық» деген түсінікке айналған да жайы бар.

Бұқаралық ақпарат құралдары да соңғы кезге дейін еңбекті осы тұрғыдан қабылдап, осы тұрғыдан насихаттап келді. Алайда саналы адамның адам болуына тікелей әсер еткен осы ұлы материяның сипаты мен маңызы қашан да тұрақты болу­ға тиіс. Қазақстан тарихындағы соңғы реформаларға сәйкес еңбек адамына деген, жалпы еңбекке деген көзқарас бастапқы арнасына бұрылып, қамқорлыққа бөлене бастағанын аңғарып жүрміз. Әрі ол, шын мәнісінде, оңтайлы құбылыс. Қазіргі қоғамдағы прогрессивті реформаларға қарағанда осыдан бастап еңбек пен еңбек адамына деген көзқарастың оңтайлы арнаға түсетінін байқауға болады. Сондықтан баспасөз – еңбек пен нағыз еңбек адамын басты назарда ұстауы керек.

Қазақстанда «Еңбек адамы» тұжырымдамасы қалыптасқалы бері көптеген жобалар іске асырылғаны анық. Осы орайда өңірлерде қарапайым еңбек адамының қызметі еленіп, жергілікті билік оларға жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетуге білек сыбана кіріскен. Жалпы республикада бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Еңбек адамы мәртебесі жеткілікті деңгейде бағаланып отыр ма?

Елімізде «Еңбек адамы» мәртебесін нығайту жөніндегі кешенді жоспар түзілген. «Еңбек адамы» тұжырымдамасын қалыптастырып, қарапайым еңбек құндылығын дәріптеуде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне зор міндет жүктеліп отыр. Мәселен, қос ведомство еңбек құндылығы идеологиясын қалыптастыру мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірлеген. Оған сәйкес, қоғамда адал және жасампаз еңбек идеологиясын, кәсібилік дағдыларды ілгерілету, қоғамдағы еңбек адамының беделін арттыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте министрлік республикалық және өңірлік деңгейде түсіндіру және ағарту жұмыстарын жүргізу жөніндегі іс-шараларды өткізіп жатыр. Бұған қоса, ведомство өкілдері 200-ден астам медиа-жоба жүргізуді қамтитын еңбек құндылықтарын ілгерілету жөніндегі медиастратегия әзірленгендігін айтады. «Кешенді жоспарды іске асыру аясында ҮЕҰ, еңбек ардагерлерін, жастар ұйымдарын, сарапшыларды және басқа да ұйымдарды барынша тарту жоспарлануда», - дейді министрлік өкілдері.

Қазақстанда «Еңбек адамы» мәртебесі қалай қалыптастырылуда дейтін сауалға келсек, «Еңбек адамы» мәртебесін қалыптастырып, оның қоғам алдындағы беделін өсіру мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Еңбек жолы» республикалық конкурсын өткізеді. Байқаудың басты мақсаты - еңбек адамдары туралы қоғамда оң пікір қалыптастырып, оларды адал және жоғары өнімді еңбекке ынталандыруға ықпал ету болып отыр. Сонымен бірге, ол өңірлік және республикалық деңгейде үздік еңбек әулеттері мен өндіріс қызметкерлерін анықтауға бағытталған. Анықталғандай, байқау жеңімпаздары үш аталым бойынша бақ сынаспақ. Олар: «Үздік еңбек әулеті», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері», «Өндірістің үздік жас қызметкері». Ал байқау жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі Еңбек күнін мерекелеуге арналған «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына» республикалық форумында марапатталған. Сондай-ақ аталған форумда еңбек ардагерлеріне «Еңбек ардагері» медалі табысталған.

«Мұндай ауқымды шаралар еңбек тұрғындардың ел экономикасын дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтардың жетістіктерін дәріптеу, жастарға еңбекке құрметпен қарау, қарапайым еңбек адамының қызметін бағалауға жол ашады», - дейді құзырлы ведомство өкілдері. «Еңбек адамы» мәртебесін қалыптастыруда «AMANAT» партиясының да атқарып отырған рөлі зор екенін айта кеткен жөн. Партияның өңірдегі филиалдары тұрақты түрде түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, түрлі еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіп тұрады. Мұндай басқосуларда еңбек ұжымдары өздерінің мәселелерін айтып, халық қалаулыларына талап-міндеттерін жеткізіп жатады. Бастысы аталған талаптар еске алынып, басым көпшілігінде өз шешімін тауып жатады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 394 рет