Өңір басшысы Түркістан қаласының қазақ және түркі әлемі тарихындағы маңызына тоқталып, экономикалық әлеуетімен таныстырды. Инвестиция тартуға, өндіріс орындарын көбейтуге мүдделі екенін жеткізді.– Түркістан облысы үлкен инвестициялық, сондай-ақ туристік әлеуетке ие. Облыс арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Сонымен қатар сауданы дамытудың мүмкіндігі өте зор. Біріншіден, жеңіл өнеркәсіп саласында жіп, мата және кілем өндірісімен тоқыма кластерінің бірлескен кәсіпорындарын құру мүмкіндігі жоғары. Сондай-ақ пластикалық ойыншықтар, ыдыстар, автомобиль жасау, электроника, цифрлық технологиялар және бұйымдар өндірісін дамытуда үлкен әлеует бар. Индустриалды және «Turkistan» арнайы экономикалық аймағында инвесторларға дайын инфрақұрылымы ұсынылады. Екіншіден, агроөнеркәсіптік кешені саласында мүмкіндігіміз өте жоғары. Туризм саласында да саяхатшыларды қызықтырар орындар көп. 2018 жылдан бастап облысқа шамамен 5,8 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Біз өз тарапымыздан қытайлық компаниялардың бизнесті дамыту жөніндегі бастамалары бойынша әріптестік орнатуға дайынбыз. Ең бастысы, өңірімізде еңбекқор халық бар, – деді Дархан Сатыбалды.
Чжэнчжоу муниципалды халық үкіметінің вице-мэрі Ху Цян екіжақты әріптестікті тереңдетуге, өңірге, Түркістан қаласына инвестиция салуға ниетті екенін айтты.– Бүгінгі кездесуге қатысып отырғаныма өте қуаныштымын. Чжэнчжоу да Түркістан сияқты тарихи аймақтардың бірі. Қытайдағы тарихи маңызы бар 8 қаланың қатарына енген. «Қытай туралы білгің келсе, Чжэнчжоуды зертте» деген сөз бар. Бұл қала алғашқы ақшаның, кун-фудың Отаны саналады. Әлемдегі әрбір 8 ұялы телефоннның біреуі біздің қалада шығарылады. Құрлық, теңіз, әуе жолдарында да сауда-экономикалық мүмкіндігіміз жоғары. Өндіріс, ауыл шаруашылығы, машина жасау және өзге де салалар қарқынды дамыған. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық жолының Қытайдағы аялдамасы біздің қаладан басталады. Аймағымыздан батысқа қарай жүк көліктері тауар толтырып кеткенімен, бос қайтып жатады. Біз осы олқылықты жойғымыз келеді. Сауданы дамытып, бізге қажетті ауыл шаруашылығы өнімдерін және өзге де қажетті тауарларды алуға мүдделіміз, – деді ол.
Дархан Сатыбалды екіжақты байланысты нығайту, жобаларды жүзеге асыру, ІТ саласында тәжірибе алмасу, Түркістандағы әуежайдың логистикалық әлеуетін пайдалану, әуе рейсін ашу және өзге де мәселелер бойынша әріптестік орнатуға дайын екенін айтты. Кездесу соңында Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков пен Чжэнчжоу муниципалды халық үкіметінің вице-мэрі Ху Цян Түркістан мен Чжэнчжоу қалалары арасындағы әріптестікті, байланысты нығайту жөніндегі Меморандумға қол қойды.
Түркістан облысы мен Қытай арасында тығыз қарым-қатынас біраздан бері орнағанын айта кеткен жөн. Сол ынтымақтастықтың дәлелі ретінде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегацияның биыл көктемде Қытай Халық Республикасына іссапармен барғанын айтуға болады. Сол іссапар барысында Түркістан облысының делегациясы Қытайдың бірнеше қалаларындағы әлемге әйгілі ірі компаниялардың жұмысымен танысқан болатын. Экономикалық дамуы бойынша халықаралық тәжірибе жинақтап, Түркістан өңірінде енгізу, облыс аумағында зауыт-фабрикалар ашу, халықтың әл-ауқатын арттыру – басты мақсат.
Жұмыс сапары барысында ауқымды Қытай нарығының тәжірибесін пайдалана отырып, Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібі саласында иірілген жіптер, маталар мен кілемдер өндірісі мен тоқыма кластерінің бірлескен кәсіпорындарын құру мүмкіндігі талқыланды. Сонымен қатар автомобиль жасау, электроника, цифрлық технологиялар, робототехника, пластмассадан жасалған бұйымдар пластикалық ойыншықтар, пластикалық ыдыстар және тағы басқа өндірісті дамытуға қажетті жобалар қарастырылды. Көлік-логистикалық инфрақұрылымын тиімді пайдаланып, осы бағыттағы жобаларды жүзеге асыру жөнінде ұсыныстар берілді.
Бағдарлама аясында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ірі инвестициялық компаниялардың өкілдерімен кездесіп, әріптестік жөнінде келіссөздер жүргізді. Сапар аясында аймақ басшысы Үрімші қаласындағы ең ірі зауыт-фабрикаларының өкілдерімен кездесті. Облыс делегациясы электромобильдер шығаратын 3 зауытты аралап көрді. Қорғас порты, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Құрлық портының жұмысымен танысты.
Үрімші қаласы – Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының саяси, экономикалық және мәдени орталығы. Халық саны 4 миллионнан асады. Мұнда мұнай, тоқыма және металлургия өнеркәсіптері басым. Сондай-ақ Қытайдағы ең ірі жел энергиясы орталығы болып саналады.
Облыс әкімі бастаған Түркістан облысының делегациясы Қытайдың Юнкан қаласындағы «Бір белдеу – бір жол» трансшекаралық Халықаралық сауда платформасымен айналысатын «Xinjiang Silk Road Com. Inform. Tech. Co., Ltd.» компаниясында болды. Құрылыс материалдарын шығаратын зауыттың жұмысымен танысты. Есік өндірісімен айналысатын «Buyang Group Ltd.» зауытын аралап көрді. Дархан Сатыбалды бастаған делегация Қытай сапары кезінде автомобильдер мен электромобильдер өндірісімен айналысатын «Leap Motor» компаниясының жұмыс барысымен танысты. Сонымен қатар автокөлік дискілерін өндіретін «Zhejiang Jinfei Kaida Wheel Co.» зауытына да шолу жасады.
Іссапар барысында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының Қытайдың Цзиньхуа қаласының Партия комитетінің хатшысымен кездесуі өтті. Өз кезегінде өңір басшысы Орталық Азиядағы бизнесті кеңейтудің жаңа көкжиегі – Түркістан өңірі арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашатынын, бұл ретте сауданы дамытудың әлеуеті зор екенін айтты.
Цзиньхуа – Қытайдың Чжэцзян провинциясындағы қала аймағы әрі шығыс Қытайдағы ірі логистикалық орталық. Сауда-саттық, ауыр және жеңіл өнеркәсіп ошағы. Халық саны 80 млн. адамнан асады. Жалпы ішкі өнім көлемі 1 трлн.15 млрд АҚШ долларынан жоғары. Мұнда цифрлық экономиканы, онлайн бөлшек сауданы және трансшекаралық электрондық коммерцияны белсенді дамытуда. Қытайлық және әлемдегі халықаралық электрондық коммерция алпауыттары бұл өңірде өздерінің кеңселері мен қойма кешендерін құруда. 2017 жылдан бастап Цзиньхуаны Орталық Азиямен, Ресеймен, Польшамен, Венгриямен, Германиямен және Нидерландымен байланыстыратын Қытай-Еуропа теміржол жүк тасымалының маңызы артты.
Түркістан облысының делегациясы сапар барысында кішігірім цехтан бастап, өңдеу өнеркәсібін дамытудағы халықаралық тәжірибе алмасты. Тоқыма кластері дамыған Иу халықаралық сауда қаласындағы аяқ киім шығаратын фабрика мен шұлық шығаратын әйгілі «Limax» зауытында болып, жұмысымен танысты. Шұлық өндіруге арналған жабдықтар шығаратын «Zhejiang Jiaxiu Knitting Co., Ltd.» компаниясының басшылығымен кездесті. Пластмасса мен пластикадан жасалған бұйымдар, электромобиль жасаудың қыр-сырымен танысты.
«Қытайдың шетелдегі өнеркәсіптік даму қауымдастығы» Қытай мен Қазақстан ынтымақтастығы механизмінде белсенді рөл атқарып, жақсы нәтижелер көрсетуде. Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы аясында экономиканың басым салаларында жалпы құны 21 миллиард АҚШ долларын құрайтын 52 негізгі жоба жүзеге асырылды, атап айтқанда, жаңартылатын энергия көздері, агробизнес, тау-кен және балқыту компаниялары, машина жасау және тағы басқа салалар бар. Қытайлықтарға Түркістан облысы жаңартылатын энергия көздері мен күн электр станцияларын салу саласындағы жобаларды жүзеге асыруға ең қолайлы өңірлердің бірі екені айтылды. Облыста күн сәулесінің жылдық ұзақтығы 3000 сағаттан асады.
Облыс делегациясы жұмыс сапарын Пекинде жалғастырды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қытайдың шетелдегі өнеркәсіптік даму қауымдастығы бас хатшысының орынбасары Ван Кэвэнмен кездесті. Әлемде күн сәулесі мен желден энергия өндіруден көш бастап келетін ірі компания жетекшілерімен кездесіп, бірқатар маңызды жобаларды талқылады.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат.